Аймақтар • 03 Шілде, 2017

Созақ ауданының ардагерлері «ЭКСПО»-да қонақта

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Созақ ауданының ардагерлері «ЭКСПО»-да қонақта

«Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді дана халқымыз. Болашақты жастардың қолында десек те, келешегіңнің кемел болуы үшін де қарттардың рөлі зор. ОҚО, Созақ ауданының да ардагерлерінің жасынан тартқан бейнеттің зейнетін көріп отырған жайы бар. Бірі мұғалім, бірі агроном, енді бірі мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шыққан созақтық асқар таудай аталар мен ақ самайлы әжелер бүгінде Астана төрінде жүр. Құрылғанына 30 жыл толған республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалдарынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне алғаш болып Созақ ауданының қариялары қонақ болғанын айта кетейік. 

Қырық ардагердің басын қосып, оңтүстіктен Арқа төріне ат терлетіп келген Созақ ауданының Құрметті азаматы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов: «Біз көпті көрдік. Бірақ, дәл мұндай әлемдік көрме, мәні зор тақырыптар талқыланатын бірегей шара елімізде өтеді деп ешқашан ойламаппыз. Өзімнің де, қариялардың да көрмеден алған әсері сөзбен айтып жеткізуге келмейді. Баршамыз болашағымыз қалай болар екен деп алаңдап жүрміз ғой. Әйтсе де, келешегіміздің кемел боларына көрме арқылы көзіміз жетті. Осы істің басында тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бәріміз шексіз ризамыз. Ал, бұған дейін өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «ЭКСПО-2017» туралы бізге насихаттап айтып келген болса, енді мінеки, өз аяғымызбен келіп, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстауға мүмкіндік алдық. Соған бар жағдайды жасаған облыс, аудан басшылығына ардагерлердің атынан алғысымды жеткізгім келеді,-дейді.

Оңтүстік өңірінен келген қарияларымыз «ЭКСПО-2017» көрмесінен бөлек, қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалдық музей-кешеніне барып репрессия кезіндегі тарихи ақтаңдақтардың куәсі болса, жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Астананың символы «Бәйтерек» монументі және «Бейбітшілік пен келісім сарайымен» толығырақ танысты. Олардың көбі «АЛЖИР» музейіндегі жәдігерлердің қатты әсер еткенін айтса, енді бірі «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі «Нұр әлем» павильонының басқа мемлекеттердікіне қарағанда тартымды әрі ішіндегі құнды дүниелер мен мәліметтердің ұтымды ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. 

 

Нұрдәулет ЖЕҢІС