Қазақстан • 06 Шілде, 2017

Жетісу өнерпаздары шақырады

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Алматы облысы да өз үлестерін қосуда. Осыған орай аймақ елордада арнайы мәдениет күндерін өткізбек.

Жетісу өнерпаздары шақырады

Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихатында Алматы облысы әкім­і­нің орынбасары Жасылық Мұқаш­ұлы Астанадағы Алматы облы­сының мәдениет күндері туралы баяндады. Мәлімдеуінше, көрме қонақтары мен қала тұрғындары 11-15 шілде аралығында Жетісудан келген өнерпаздардың өнерін тамашалай алады. 
«Ел тарихында қалатын шараны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған қонақтар біздің өнерпаздардың өнерімен кеңінен танысатын болады. Атап айтар болсақ, Б.Римова атындағы облыстық драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өл­кетану музейі, Көркемсурет галерея­сы мен Қолөнер шеберлері жақсы дайындықпен келе жатыр. Алматы облысы мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы «Жетісу – жұмақ мекенім» шарасымен басталады. Ал жабылу рәсімі шілденің 15-і күні Амфитеатрда өтеді. Облысымыздан тек қана мәдени шараның өзіне 332 өнерпаз қатысатын болады», деді Жасылық Мұқашұлы. 
Шараның салтанатты ашылу рәсімі «Қазақстан» концерт залында өтеді деп жоспарланған. Ал 12 шілдеде Жастар сарайында «Сүйінбай атындағы Алма­ты об­лыстық филармониясы мен «Құ­лансаз» фольклорлық-этно­графиялық ансамблінің қатысуымен «Жетісу – ән-жырдың ордасы» атты дәстүрлі әндер концертін, 14 шілде этноауылда «Ауылың сенің іргелі» атты театрландырылған көрінісі мен дәстүрлі концертін халық назарына ұсынады. Осы сарайда 13 шілдеде Алтынай мемлекеттік халық би ансамблінің «Талды арулары»  концертін тамашалауға болады. 
ЭКСПО-2017 көрмесінің келушілеріне Б.Римова атындағы драма театрының да базарлығы айрықша. Мәселен, астаналықтар мен қала қонақтары 11-13 шілде күн­дері «Жастар» театрының сах­насында облыстық театрдың тырнақалды қойылымдарының бір парасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясын, «Ең жақсы еркек» комедиясын, «Ілияс» деректі драмасын тамашалай алады.   Ал 11-15 шілдеде Ұлттық-әскери музейінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих беттерінен» көрмесі өтеді. Көрмеге Алматы облысынан арнайы әкелінген тарихи экспонаттар қойылады. Келушілер ғалым-сая­хатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың қолданған  заттары­мен осы көрме арқылы таныса алады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұлттық әскери-тарихи  музейінде «Ата-баба аңсаған Мәңгілік Ел» атты көркемсурет көрмесі де өтеді. Ұйымдастырушы – Алматы облыстық «Көркемөнер» галереясы. Көрмеге галереяның негізгі қорындағы бұған дейін көр­кемөнертанушылардың жо­ғары бағасын алған жергілікті су­рет­ші­лердің туындылары қойы­лады. Көр­мені 11-15 шілде аралығында тамашалауға болады.  Сондай-ақ, Ал­маты облыстық «Ұста Дәркембай» атын­дағы қолөнер музейінің тартуы «Шығыс базары»   11-20 шілде аралығында  Этноауылда  өтпек.  Қол­өнер шеберлерінің металдан, теріден, ағаштан жасалған бұйым­дары қонақтардың назарына ұсынылады.  Қолөнер музейі қызметкерлері зергерлік пен қыш өнерінің қыр-сырына қанық болып,  киіз басу,  тоқыма өнерлерінен шебер­лік кластарын  көруге шақы­рады.
Астанадағы  Алматы облысының мәдениет күндері 15 шілдеде ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда ұйымдастырылатын «Жерұйық – жасыл бауларым»  атты концертпен қоры­тындыланады.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»