Қазақстан • 06 Шілде, 2017

Әуе қақпасындағы әлем

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әуелгіде жер бауырлай ұшқан Boeing 787 Dreamlinerдің тұмсығы көкке шаншылып, ышқына бастады. Ұшақ қызметін жиі пайдаланбайтын жолаушы үшін бір қолайсыз сәт осы болса керек: әлде жерден табан үзгеніңді білдіретін үрей ме, яки ауа массалары арасындағы салмақсыздықтың салқыны ма, ұшақтың қанаты тіктелгенге дейін деміңді жұтып қойғандай боласың...

Әуе қақпасындағы әлем

Алып лайнердің Алматыдан әуеге көтерілгені әзірде ғана сияқты еді. Иллюминатордан қанша итініп төнгенімізбен, Алатаудың қар басқан сілемдері біртіндеп алыстай бастады. Ақ бұлтқа сіңіп кете бардық. Еркін тыныстаған еспен ілесіп жайланған ақыл да қиялға шомады. Аспан астының ғажабы осы-ау... 
Қазақтың қашықтықты өлшейтін дәстүрлі танымы қызық қой. Қиыр шетті бейнелей келіп «Ұшқан құстың қанаты талады...» дей салады. Әсілінде, қазіргі өлшемде темір көліктің доңғалағы тозып, ұшақтың белі талып жететін қашықтықты заманында салт атпен жүріп өтіп, игеріп қойғандығына ризашылықпен айтасың ғой. Әйтпесе, байтақ атамекеніміздің көлеміне қағаз үстінен көз жүгіртіп отырып, «Құс қанаты не тәйірі...» дейсің! Осы біз ұшақпен 2 сағатқа жуық уақытта еңсеретін Алатау мен Арқаның арақашықтығы... 1215 шақырымға тең емес пе?
...Қалғып кеткен жолаушыны стюардессаның сәл акцентті даусы түртіп оятқандай болды: «Құрметті жолаушылар! Біз мінген ұшақ санаулы минуттардан кейін Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келіп қонады...»
Қағыс естімеген екенбіз... 
Мәссаған, міне жаңалық!
Ендігі жерде Астананың әуе кеңістігіне енген барлық бағыттағы ұшақ бортындағы алғашқы хабар­лама жолдары осылайша айтылатын болды. Себебі, ел Үкіметінің 2017 жылғы 20 маусымдағы №381  қау­лы­сына сәйкес Астана халықаралық әуежайына Қазақ­стан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді...
Ғұмыр сапарында алыс-жақын қашықтықты ұшақпен еңсерген жандар түсінеді, жолаушы үшін кез келген елдегі маңызды орын – әуежайлар. Әлгі «Театр киім ілгіштен басталады» деген жаттанды сөзге сәл бояу жағып жіберсек, мемлекеттің қақпасы әуежайдан бастап ашылатынын бейнелеп айтқандай боламыз. Демек, Астана әуежайының Елбасы есімімен аталуы әділетті шешім болуы тиіс. Біздің бұл ойымызды қазақтың үшінші ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов былайша нығыздай түсті:
– Астана әуежайы – бас қаланың ғана емес, тәуелсіз еліміздің негізгі қақпасы, басты әуе дәлізі. Әуежайға Елбасы есімінің берілуі елдің елдігін, ердің ерлігін тереңнен таныта түсетін құтты қадам болды деп білеміз. Біз үнемі әуеде жүреміз, мәңгі асқақ көрінетін аспанда қырандай қалықтаған әскери қызметімізде бізден қалт жібермес қырағылық талап етіледі. Осы жауапты да күрделі қызмет барысында елімізге зәу биіктен көз сала жүріп, бойымызды үнемі мақтаныш сезімі билейді. Енді Астана әуежайының аты аталып, төбесі көрінген сайын біздің жүрегімізде сол елжандылық сезімі еселене түсетін болады...
Елжандылық дегеннен еске түседі. Өткенде Астанада Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Сондағы құрметті қонақтың бірі, таэквондадан Түркияның чемпионы Кәрім Ілияс бауырымыз «Мен Ыстанбұлдағы Ататүрік аэропортынан ұшып келіп едім, енді қайтарда Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан аттанатыныма қуаныштымын...» деген еді.
Барша қазақтың қуанышы ұзағынан болғай!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»