06 Қазан, 2011

Көк түріктері

982 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
(жалғасы) Сонымен «асана» «көк» сөзінің аударма мағынасы, ал оны қытайлар «ашина» деп хаттаған. Шежірелерде Бөрі-Анадан туған «он бала ержете келе сырттан әйел алып, олардан ұрпақ тарапты», «Надлудың 10 әйелі болыпты, олардан туған ұлдардың барлығы шешелерінің тегімен аталған екен. Ашина – Надлудың кіші әйелінен туған ұлдар» деген астарлы меңзеулер – ашиналар шешелері жағынан тохар екенін, әрі «шеше­лерінің тегімен аталуы» – ашина деп тайпалық есімдерін өзгерткендеріне меңзейді. Демек, байырғы көк қауымы ашина есімін Хэсиде, тохарлар арасында болғанда қабылдаған. б) Ашиналардың Пинлянның аралас ху­ларынан шыққаны туралы Бұл шежіре де тарих бел-белестерінде ашиналардың бастан кешкен бір кезеңдеріне сәуле түсіреді. Пинлян – қазіргі Гансу өлкесіне қарасты өңір. Сарыөзеннің батыс тарапы. «Сүйшу» (Сүй патшалығының тарихы) түріктердің өткен-кеткеніне қатысты шежірелік деректерді бы­лайша түзеді: «Туцзюелердің арғы тегі – Пинлян жеріндегі аралас хулар болатын. Олардың әулеттік атауы – ашина. Соңғы Вэйдің Тайву патшасы Цзюцюй әулетін жойған кезде ашина 500 отбасын бастап жу-жуларға қашып барып паналаған. Олар ұрпақтан-ұрпаққа Цзинь­шаньда тұрып, теміршілікпен шұғылданып келеді. Цзиньшань (Алтай - Ә.С.) сырт қарағанда доумоуға (дулығаға – Ә.С.) ұқсайды, ал доумоу әдетте туцзюе (түрік – Ә.С.) деп те аталады, сондықтан олар өздерін «туцзюе» (түрік –Ә.С.) деп атаған» (ҚТТҚД.Том IV. Алматы, 2006). Иә, Хэси мен Пинлян Сарыөзеннің баты­сын­да іргелес жатқан өлкелер. Хэсиде 397 жылы Цзюйцюй Мэнсун солтүстік Лян патшалы­ғы­ның, ал 407 жылы Пинлянда Хэлянь Бобо Ся патшалығының іргесін көтерді. Олардың екеуі де Ғұн тайпасының өкілдері еді. Айнала төңірек күнде ат тұяғынан шаңға бораған, айғай ша­быс­қа малтығып жатқанда бұл екі патшалық бір-бірін жең ұшынан демеп, жік-жапар болды демегенмен, ащыласып жаугершілікке жол бермеді. Жоғарыдағы «Сүйшу» жылнамасы ашина­ның арғы тегі шыққан өңір Пинлян демей, Хэси деуі керек еді. Бірақ қалтқысыз сенімді түрде Пинлян деген. Демек, патша жарлығымен Хэси­дің Иян кенті төңірегіне қоныстандырылған Саньли (Шыңли), яки Көк тайпасы басым бөлігі өзінің төл есімін сақтап қалды. Олар біртұтас тығыз отырып, жергілікті халықтың ықпалына бой бермеді. Ал бөлектеніп, Хэсидегі қалың кіші юечжи-тохарлардың арасына тап болған 500 отбасылық Көк тайпасының екінші бір шағын тобы ашина деп атын өзгертуге мәжбүр болды. Міне, «Сүйшу» жылнамасы осы ашина­лар­ды Пинлян топырағына орналастырады. Шама­сы, олар V ғасырдың басында аталмыш өңірге жылыстап келсе керек. Ал Пинлянда 407 жылы Ся патшалығының іргесін көтерген Хэлянь Бобо еді. Сарыөзеннің солтүстік өлкеге сұғынып ба­рып кері серпілетін иінінің екі жағалау жапсары мал-жанға бірдей қолайлы өзеннің ішкі құй­қа­лы өңірі Ордос деп аталды. Ғұндардың қытай­лар­мен ұзақ жылғы дамылсыз таласындағы көз­дің жауы, көкейдің құрты боп осы Ордос тұрды. IV ғасырдың орта кезінде Ордоста оңтүстік ғұндардың 28 руы ірге қатар шынтақтаса отыр­ды. Бұл қауымның шаньюйі тугэ руынан таға­йы­н­далды. Қытай иероглифінде «р» дыбысы сөздің ортасы мен аяғында тұрақты болмай­ты­нын қаперге ала отырып, тугэ атауын түрге, түркеш деп жаңғыртуға болады. Ордостың шаньюйі Хэлянь Бобоның әкесі Лю Вэйчэнь еді. 367 жылы табгач патшасы Шейгянь Ордос түркештеріне жорыққа аттанды. Мезгіл кешеу күз еді. («Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері»). Сарыөзенде сең көшіп жатты. Лю Вэйчэнь жаудың кешу кешіп өте алмайтынына сенімді боп, аяқ жимады. Шейгянь өзенге қамыс ағы­зып, сеңді тоқтатып, түнгі аязда ұстасқан мұз­дың үсті­мен жойқын шабуылға шықты. Ордос түркеш­тері­нің тұтылғаны табғашқа тұтқын бо­лып, ат арқасына аяқ артқандары Сарыөзен­нің батыс қапталы Пинлянға қашып жан сақтады. Бұл босқындардың алдыңғы легі Хэсиге ілігіп, Цзюйцюй Мэнсун патшалығынан бас сауға тапты. Қытайдың ресми жазбаларындағы ұзақ әңгімені сығымдай баяндағанда Лю Вэйчэньнің табгач қырғынынан аман қалған ұлы Хэлянь Бобо 407 жылы Пинлянда Ся патшалығының іргесін көтеріп, терістік Қытайда жауына бет қаратпаған тегеурінді темір жұдырыққа айнал­ды. Міне, осы патшалық қатарынан ашиналар да табылды. Хэлянь Бобо 425 жылы дүниеден озып, ұлдары патшалық іргесін 431 жылға дейін ғана сақтай алды. Табғачтар жасанып келіп, тағы да күйретті. Ся патшалығының жұрты Хэсиге Цзюйцюй Мэнсунге қашты. Хэлянь Бобо дала кемеңгерлігі мен жауын­гер­лік машығын жете меңгерген, күні өтуге тая­ған Ұлы Ғұн империясының саба түбі сар­қын­ды қайратты ұлдарының бірі еді. Ол 25 жыл терістік Қытайды ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстады. Әкесінің хандық жұрты Ордосты қайтарып қана қоймай, Батыс Вэйдің ас­та­насы Чананьді де алды. Күндей күркіреген соң­ғы ғұн дүниеден озды, өзі жинап-теріп ұйыс­ты­рып ел еткен құранды жұрты ұлы көсемінің аруа­ғының құрметіне хэлянь тайпасы атанды. Хэлянь – «ала атты» деген ұғымды білдіреді. «Хэлянь Бобо» – «Ала атты Баба» деген сөз. Заманында бұл қауым хэлянь – ала атымен әрекет етті. Ал 500 отбасынан аз ата ашиналар әу баста өздері қоныстанған Хэсиге кері қайтып келіп, Цзюйцюй Мэнсунның жанынан табылды. Бірақ бұл кезде Тоба-Вэй қайратына мініп, жау іздеп, ытырынып тұр еді. Басына пәле келсе, ұзақ жылдар ел билеп дәніккен ғұндардан келетінін біліп, ғұн әулеттерінің тұқымын тұздай құртуға бел буды. 439 жылы Тоба-Вэй патшасы Тай У-ди жасанып Хэсиге аттанды. Бұл кезде Цзюйцюй Мэнсун о дүниелік болған-ды. Оның ұлдары Ухой мен Аньчжоу он мың отбасымен ар­қаны сырт салып Шаньшанға (Лобнор көлі төңі­регіне) ұзады. Онда да тұрақтай алмай, Гаочан­дағы Тұрпан, Қожо (қазіргі Шұрар, Тұрпан маңындағы Қарақожо аймағы) өңіріне кеп табан тіреді. Осында олар жужандармен одақ құрып, «Лян ван» хандығын жариялап, 460 жылға дейін түтін түтетті. «Цзычжи тунцзянь» жинағының мәліметінше, «жужан тұтқиылдан Гаочанды шауып, Цзюйцюй Аньчжоуды өлтіріп, Цзюйцюй әулетін біржола жойды». Олардың қатарындағы 500 үйлі ашиналарды жужандар айдап әкетіп, Алтайдан темір өндіру міндетін жүктеді. Жоғарыдағы шежірелік баян төңіре­гін­де жиған-терген деректеріміз осынау әңгіменің басын құрауға мұрындық болды. Аталмыш қауым­ның 265-460 жылдар аралығындағы өмір елестері осындай. в) Түріктердің Согодан шыққаны туралы «Кейбіреулердің айтуы бойынша, туцзюе­лер­дің арғы аталары Согодан шыққан. Сого сюннулардың солтүстігінде мекендеген. Олар­дың тайпа көсемінің есімі Абанбу, ол 17 аға­йын­ды болыпты. Іштеріндегі Ичжинишиду есім­­ді біреуі қасқырдан туған екен. Банбу (Абанбу-Ә.С.) қатарлылардың барлығы ақыл­сыз болғандықтан, ұлыстары жойылған. Ал Нишиду басқалардан өзгеше жігерлі болған, ол боран соқтырып, жаңбыр жаудыра алады екен. Ол екі әйел алыпты. Елдің айтуынша, олардың бірі жаз тәңірінің қызы да, екіншісі қыс тәңірінің қызы екен. (Әйелінің бірі) құрсақ көтеріп, төрт ұл тауыпты. Төрт ұлдың бірі ақ қазға айналып кетіпті, біреуі Афу өзені мен Цзянь өзенінің аралығында мемлекет құрып, ол мемлекет Цигу деп аталыпты; енді бірі Чучжэ өзеніне мемлекет құрған; тағы біреуі Цзяньсычучжэши тауын мекен етіпті – бұл оның үлкен ұлы екен. Осы тауда Абанбудың жұртынан қалғандар да бар екен, ол жерде ауа райы суық әрі дымқыл болыпты. Үлкен ұл от шығарып, оларға жылу беріп, асы­рап баққандықтан, олар түгел аман қалыпты. Сонымен олар бірауыздан үлкен ұлды өздерінің басшысы етіп, оған туцзюе деген атақ береді. Ол Надулю шад екен. Надулюдың 10 әйелі болыпты, олардан туған ұлдардың барлығы шешелерінің тегімен аталған екен. Ашина-Надулюдың кіші әйелінен туған ұлдар. Надулю қайтыс болғаннан кейін, он әйелден туған ұлдар өз араларынан көсем таңдамақ болып, бір бәйтеректің түбіне келіпті. Сөйтіп олар: «осы теректің басына қарай кім биік секірсе, соны көсем сайлайық» деп уәделесіпті. Ашина (аталған) ұлдардың ішіндегі жасы ең кіші біреуі бәрінен биік секіреді, сөйтіп, қалған ұлдар оны елбасы етіп сайлап, оған Асяньшэ атағын береді...» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. IV том. «Чжоушу», 50-цзюань, «Туцзюе баяны».Алматы, 2000). Түріктанушы қаламгерлердің бұл шежіреге соқпай өткені сирек. Оның бәрін жіпке тізіп, сөзді көбейтудің қажеті шамалы. Осында мән берілген жер, су, тайпа, адам аттарына орай пікір сабақтаумен шектелсек те жеткілікті. Алдымен «...туцзюелердің (түріктердің – Ә.С.) арғы аталары Согодан шыққан, Сого сюннулардың солтүстігінде мекендеген» деген «Чжоушу» жылнамасының тосын тұжырымына атбасын тірелік. Тосын болатын себебі, өзге жылнамалар түріктің арғы тегін ғұнмен (сюннумен) байланыстырған ғой. Әлем ғалымдары­ның нобайы және осы жылнаманы қытай тілінен қазақшаға аударып, түсінік жазған Шыңжан тарихшылары «Согоны» – «сақ» деп таныған. Қ.Салғараұлы бұл орайда әргі-бергі пікірлерді ой елегімен екшей келіп: «Менің пайым­дауым­ша, «Жыу кітабында» берілген «сиуңнулардың терістігіндегі Со мемлекеті» деген деректегі «со» осы «сары» атауының дыбыстық берілуі сияқты», – деп тұжырып, қағандықтың орталық ұйытқысы «сары қыпшақтарға» жақындас­тыра­ды (Қ.Салғараұлы. Ұлы қағанат. Астана, 2008).Түрік тарихшысы Бахаддин Өгел тың пікір ұсынады. «Сиянби тайпасы сотоу руына жата­ды. Солтүстіктің жабайылар тұратын аймағына орналасқан. Мау қаған дәуірінде күшейіп, көбейе бастады. Олардың мемлекеті 36, ал үл­кен отбасылары 99 бөлімге бөлініп басқары­ла­тын еді» дей келіп, «Чжоушу» шежіресіндегі Со, Согоны – сэнбидің Сотоу тайпасына меңзеу деп біледі (Бахаддин Өгел. Ұлы Хун империясының тарихы. Алматы, 1998). Біздіңше, түріктің арғы тегі сақпен де, сотоумен де жанаспайды, Қ.Салғараұлының меңзеуі дұрыс: «Со», «Сого» – Сары атауының қытайша тәржімесі. Дулығалы таудан ашиналарға кеп қосылған 17 тайпалы Абанбу жұрты – сары қыпшақтар болған. Шежіре Бөрі-Анадан туған төрт ұлды атап көрсетіп, олардың қоныстанған жерлері мен мемлекет құрған өлкелерін меңзейді. «Төрт ұлдың бірі ақ қазға айналып кетіпті». Орыс, Еуропа ғалымдары бұл тіркесті «ақ қуға» деп ау­да­рып, алтайлық қыпшақтардың «қу кіжжі», қуманды қауыммен байланыстырады. Төрт ұл­дың енді «біреуі Афу өзені мен Цзянь өзенінің аралығында мемлекет құрып, ол мемлекет Цигу деп аталыпты». Афудың – Абакан (Кемчик), Цзянь өзені Енесейдің жоғарғы сағасы Ұлы Кем екенінде талас жоқ. Ал осы өңірде ірге кө­тер­ген Цигу мемлекетін зерттеушілер бірауыз­дан Қырғыз деп біледі. Жалғыз Л.Р.Қызыласов қана Цигуді – Чику, Чики деп таниды (Кы­зыласов Л.Р. Средневековая история Тувы. М, 1369).Осы пікір шындыққа орайлас көрінеді. Қырғыздар қытайдың жылнамалары мен энцик­ло­педиялық жинақтарының бәрінде цзегу, жянь­кун, цэгунь, цзяньгун, сяцзясы деп таңба­лан­ған. Мәселе онда да емес, көшірмеде әріп қа­те­лері орын алуы мүмкін. Мәселе – қырғыз­дар­дың Бөрі-Анадан тараған тұқымға жатпай­тын­дығында. Олар Қызыл Тайғаннан (төбеттен) тарайды делінеді. Шежіре Бөріден тараған ұлдарды сараптап отырып, тотемдік тегі басқа қырғыздары Бөрі ұлдарына жатқызуы ақылға қонбайды. Түріктер жаңа ғана есін жиып, кімнің қаны бір-туысқан, кімнің жат екенін електен өткізіп, төрт та­рапына түгендеп жатқанда мұндай жаңсақ­тық­қа жол беруі мүмкін емес. Бөрі-Анадан тараған ұлдың үшін­шісі – «Чучжэ өзенінің бойын­да мемлекет құрған». Чучжэ – Қатын, Бий өзендері аймағындағы Чуе суы, түріктер оны Шүй деп атаған. Түрік тарихында «шу тайпалары» деген ортақ атауға ие болған чумугунь (шөме­кей), чуми (шыбыл) чуюе (шүие), шүніш-чубан (жаныс) қауымдары – Бөріден туған үшін­ші ұлдың жұрты. «Тағы біреуі Цзяньсы­чуч­жэши тауын мекен етіпті – бұл оның үлкен ұлы екен». Аудармашылар ақылға қонымды түсінік бере алмапты. Бұл сөзді «Басычучжэ» – «Шүйбасы таулары» деп аудар­ған жөн. Бұл – Белухадан басталып, моңғол Алтайымен жал­ға­сып жатқан таулы аймақ. Үлкен ұлдың есімі Надулю шад еді. Сонымен «Чжоушу» шежіресі ежелгі түрік­тер­дің тербеліп өскен ата күлдігінен хабар береді. Ол Батыс Саян мен Алтай аралығы жерінің кіндігі Белуха тауы. Өзені Енесейге құятын Абакан, Үлкен Кем, Кіші Кем, Обқа құятын Катунь, Би, Шүй өзендерінің таулы-тасты шат-шатқалды, сіре қарлы, ну орманды түлейі. Исі түріктің әу бастағы оттай ыстық жылы ұясы, міне, осы. Осында ауызға алынған Белуха музарты – алтай түріктерінің аңыз-әңгіме, өлең-жырлары­нан орын алған түрік мифологиясындағы «жер кіндігі» – Сумер тауы. Анығын айтқанда, «Чжоушу» жылнамасына енген «Түріктердің Согодан шыққаны туралы» баян Ашина түріктерінің емес, жергілікті Алтай түріктерінің шежіресі... Аңдайтынымыз: олар­дың 17 рулы ел болғаны, көсемдері – Абанбу есімді адам. Осы Абанбу кезінде іргені жауға алдырып, ұлыстарынан көз жазып, тұтас ел шілдей бытырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» күн кешіпті. Әлбетте, мұның қай заманда болғанын шамалау қиын. Бұдан кейін бөріден туған Ичжинишидудың кезеңі басталады. Табиғаттың тылсым күшін меңгерген, бақсылық қабілеті зор, айтулы шаман Ичжинишиду ел басын қайта құрап, төрт ұлыс ел етеді. Алтай тайпаларының тізгіні «бөрі тектілердің» қолына көшеді. Төрт ұлыс елдің кіндік ордасы Шүйбасы тауларында еді. Абанбудың 17 рулы елінің қалған-құтқандары осында еді. Ичжинишидудан кейін әке тағына үлкен ұл Надулю отырды. Лауазымы «шад», яки жасақтың қолбасы еді. Надулюдың 10 әйелінен 10 ұл туады, Ашина кенже әйелдің ұлы. Баяннан байырғы Алтай түріктерінің шежіресі соңына Ашинаның қолдан жабысты­рыл­ғаны анық байқалады. Шежірешілер оның билік басына келуін өзге себептермен түсіндіре алмай, терек бұтағына жасы кіші кенже ұл «биік секіріп» әке тағының мұрагеріне айналады. 460 жылдан кейін жужандардың желкелеуімен Алтайға қоныс аударып, «Дулығалы» таудан темір өндірген ашиналардың жергілікті Алтай түріктерімен біте қайнасып, араласуы, ақыры ол қауымға жетекші болуы шежіреде көзге ұр­ғандай бадыраймай, жігі жазылып, астарлы ауанда сәулеленеді. Шынында да, осылай бол­ға­ны рас-ты. Оның ақиқаттығын қытай жылна­ма­лары да, түріктің тарихи «тас кітабы» – бітіктас жазулары да анық куәландырады. Ашиналар тау қопарып, кен қазып, темір балқытқан өнерлі жандар еді. Сол заманның қолөнер кәсібінің озық үлгілерін жете меңгерген шенен, шыңшы, зергер, темірші, қару-жарақ соғудың ұсталары болды. Олар Жужанның кіріптарлық қамытын мойынға іле жүріп, алдағы дабыралы бостан күндерінің шыңын шыңдап, көрігін гүмпілдетіп жатты. Көк түріктердің жасындай жарқылдап, жауына бет қаратпауының бір сыры – олардың теміршілік кәсібіне тікелей байланысты. Жоғарыдағы баянның деректерін «СиньТан шу» (Тан патшалығының жаңа тарихы) мәлі­мет­терімен толықтыра келіп, төменгідей шежіре түзеуге мүмкіндік бар: Абанбу және оның інісі Ичжинишиду, Ичжинишиудан – Надулю шад, Надулюдан – Ашина, Ашинадан – Тубу, Тубудан – Бұмын мен Істеми (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері...том IV. «Синь Тан шу», 215-цзюань, «Батыс Туцзюе баяны»). Алайда, бұл жоқтан бар жасаудың амалы, түрік шежіресінің толық сұлбасынан алыс, ұзын желінің бір шынтақ үзіндісі ғана. Бұлай деуімізге түрік қауымының өз қолынан шыққан бітіктас жазулары жол көрсетіп, бағдар сілтейді. Тариат ұстыны өз баянын әп дегеннен: «Иолығ қаған... Бұмын қаған, бұл үш қаған патша тағын екі жүз жыл биледі» деп бастайды (С.Қаржау­бай. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2001). Ал Онгин бітіктасы болса: «Ата-баба­лары­мыз Ямы – қаған әлемнің төрт бұрыш­та­ғы­ларын қысты, бағындырды, басып алды...4... Елетміш явғу ұрпағы Ышбыра Тамған – шор явғу, інісі білікті Ышбара Тамған-тархан ай­ма­ғы­мен (барлығы) алпыс бес ата»... деп түйін­дейді. Кешен иесі 716 жылы дүниеден ұшқан Баға Теңіркен шад (М. Жолдасбеков, Қ.Сартқо­жа­ұлы. Орхон ескерткішінің толық атласы. Астана, 2005). Бұл тозып, мүжіліп, өшуге ай­нал­ған бітіктас жазулары арасынан айдың жары­ғындай жылт еткен үзік-үзік сәулелі ұшқындар. «Иолығ қаған. Ямы қаған». Ешкім ештеңе білмейді. Көк түріктерінің қараңғы дәуірін жартас қана жарлайды. Екінші Түрік қағандығының іргесін көтерген Елтеріс Құтлық қағанның ортаншы інісі Баға Теңіркен шад (қытайша Дусифи (Дусй-бек) болса үрім-бұтақтарының бұл күнге (716 жыл) таралып жеткеніне «65 ата» деп мәлімдейді. Әр атаны 25 жастан белгілегенде, Түрік қағандығының белгілі тұлғасы шежірелік бабаларының бастауын 1625 жылға ұзар­тып, б.д.д. бірінші мыңжылдығының бастау ке­зеңіне бір-ақ жеткізеді. Мұны «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» кері емес, шындық ұшқы­ны бар деп есептесек, көк түріктерінің Каспий сыртындағы байырғы мемлекетіне сілтейді. Түрік шежірелерінің көмескі меңзеулерін тарқата отырып, көк түріктері қауымының қағандыққа ұйысқан тарихи кезеңге дейінгі бастан өткерген өткен-кеткендерін сынықтан бүтін құрастырғандай құрсаулап бақтық. Оның қаншалықты сенімді болғанын оқырман біледі.   Түрік жазу-сызуы Бұдан 300 жыл бұрын Алтай-Саян-Байқал өңіріне аяқ басқан орыс адамдары мен Еуропа жиһанкездері жол бойындағы жартастардағы жазулар мен суреттерді көріп, таңғалған екен. Иесі жоқ ұлы мәдениет жұрнақтары көз ал­дарын­да жайрап жатты. Оның түріктерге қаты­сы бар деген ой миға кіріп-шықпады. Әңгімені жартастағы суреттер – петроглифтардан бастамақпыз. Ғалымдар оларды жинақ­тап, біразын хаттап басып шығарғанмен, оны көш­пелілер өмірін танып-білудің бір құралы ретінде еңбектерінде қолданғанмен, өнер туын­ды­сы деп танығандар некен-саяқ. Енді ғана оны «бейнелеу өнері туындылары» («изобразительное искусство») деп ашықтан-ашық жаза бас­та­ды. Иә, жар­тастағы бедерлі суреттердің – өнер туындысы екені даусыз. Еуропа өзінің майлы бояумен жазған «живописімен» мақтанса, бұл да соған бара-бар, айырмашылығы кескі, үскілермен тасқа қашап салынған және жел өті, жаңбыр астында тұрып неше мыңдаған жылдар өшпей сақталған. Палеолит дәуірінен бастап күні кешегіге дейін жалғасып келген жартас суреттерінің ара-жігін ажы­ратып, қай кезеңге, қандай қауымға жата­ты­нын жаңылыспай дөп басып тану да оңай шаруа емес. Десек те, жартастағы түркі бейнелеу өнері­нің туындылары өз ерекшеліктерімен көзге түсе­ді. Бұрындар негізінен тескімен шеку әдісі қол­данылса, түркілер темірді игеруге байланысты кесіп, қашап бейнелеу әдісін мең­гер­ді. Бейнені бір қырынан әліптеуге әуестік та­нытты. Бейне аясындағы ою-өрнек нақыштарға көбірек мән берілді. Жылқыларды бедерлеуде шарттылық орын алып, есесіне ат-әбзелдерін, ат үстіндегі сарбаз бен оның қару-жарақтарын  нақтылау тәсілі етек алды. Түрік бейнелеу өнері мемлекеттік рәміз – ту, байрақ, жалауларға ай­рықша мән берумен ерекшеленеді. Қазіргі тілде ту, жалау, байрақ синоним ретінде бірінің орны­на бірі қолданыла бергенімен, заманында олар­дың ара-жігі анық ажы­ра­тылған. «Чжоушу» жылнамасы Ашина түрік­тері туралы «Туларына алтын бөрінің бас бейнесін салады» дегеніне қарағанда, мемлекеттік ту­дың тұрпаты бөлекше болған. Мұны басқаша емес, туда алтын қаңыл­тырдан істелген бөрінің басы болды деп ұғыну­ға тура келеді. Ал алтын қаңылтырды шүбе­рек­ке не шұғаға бекіту мүмкін емес. Осы ретте Армения мемлекеттік музейінде сақтаулы алтын бөрінің басы бекітілген мыс жалауды мысалға алуға болады. Демек, мемлекеттік ту жұқа мыс­тан қақталған. Белгілі археолог З.С.Самашев жинап бастырған жартасқа қашал­ған тулар негізінен тайпалық тулар (Самашев З.С. Наскаль­ные изображения Верхнего Прииртышья. Ал­маты, 1992). Мұнда Прибайкалье өңірінен кезіккен құрықан тайпасының тулары анық та әсерлі. Олар түзу сырықтың ұшында желбіреп тұр. Ат үстіндегі ту ұстаушының да бедері анық. Ал Оңтүстік Сібір және Қазақстан топы­рағы­нан кезігетін тулардың көпшілігі найза­лар­дың сыры­ғы­на ілінген. Олар, асылы, жалау деп аталса керек. Эпос­тық шығармаларда «жалаулы найза қол­ға алып» тіркесінің кезігуі тегіннен емес. Ал байрақ жылқының қылынан, шаршы матадан істелген сияқты. Ондай бедерлер де кездеседі. Ал Моңғо­лия­дан табылған «харкадан сарбаздары» қолдары­на «қоңыраулы найза» ұстапты. Мемлекет рәмізі – туды дәріптеу жартас суреттерінде бұ­рын болма­ған, түрік қаған­дығымен ілесе келген жаңалық. Байырғы қырғыздардың отаны Минусин шүңгіліндегі Ташеба өзені мен Тепсей тауы жартастарынан кезігетін атты сарбаздар бейнелері де түрік дәуірінің туындылары (Ю.С.Худяков. Образ война в Таштыкском изобразительном искусстве. Семантика древних образов. Н-с, 1990). Қыр­ғыздың ауыр қарулы атты сарбаздары жой­қын шабуыл үстінде әліптелген, қашып жатқан жаулары бет әліпі кавказдықтарға ұқсас, бастары­на шаршы орамал таңған, қалқанмен қаруланған жаяу әскер. Алайда, Минусин шүңгілінен ұзап шықпаған қырғыздардың Кавказбен жанасуы ақылға қонбайды. Түрік қауымдастығы арасында сырт пошымымен кавказ жұртын еске түсіретін сармат, алан, тіпті оғыз тайпалары аз болмады. Асылы, бұл тайпааралық қақтығыстардың бір көрі­нісі. Пайымдауымызша, қырғыз-сюеяньто соғысының жаңғырығы. Түріктер арасында жаяу соғысқа машықтанған тек осы сюеяньтолар. Олар­­дың әргі түбі сарматтардан шыққан еді. Тү­рік Қағандығының мақтанышы ауыр жарақ­танған атты әскер жартас бейнелеу өнерінің өзекті та­қы­рыбына айналуы заңды құбылыс. Копен чаа­тасы­нан, Тұрпандығы Астана, Шосин оба­лары­нан, Қа­ра­шардағы Шишин монастыры үңгі­рі­нен, Чикой салт аттысы, Гобий салт аттысы (С.П.Нестеров. Кони...Сурет XI, XII,  XIІI) суреттері Ашина түріктерінің бейнелері. Әнес САРАЙ.