Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Маңғыстау облысының Сарға ауылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі

852 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана күні мерекесінде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сарға ауылының тұрғындарына су тазалау ғимараты мен ауылішілік су құбыры құрылысының басталуы үлкен сыйлық болды. Жобаның мақсаты – тұрғындарды тазартылған ауыз сумен қамтамасыз ету.

Маңғыстау облысының Сарға ауылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Сарға ауылында сапалы ауыз су мәселесі көптен бері өткір тұр. Тұрғындардың қуанышына орай енді бұл мәселе шешімін табатын болады. Жобалық қуаты аз емес, оның құрамына су құю станциясы – 91,2 м³/сағ, тазартылған суға арналған су құйма сыйымдылығы – 1000 м³; бастапқы суға арналған су құйма сыйымдылығы – 500 м³ кіреді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын нысан құрылысының құны 487,583 млн теңге, мердігер – «Сико» ЖШС. Су құбырының ұзындығы 27,275 шақырымды құрайды.

Құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталып, жоба іске қосылғанда 30 жергілікті тұрғынды жұмыспен, 200 тұрғын үйді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Елбасы Жолдауында ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудағы мемлекеттік саясат аймақтарда заманауи стандарттарға сәйкес тұруға қолайлы жағдай жасау үшін бағытталғанын атап өтті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы