Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Солтүстік Қазақстанда полицейлерге арналған үйдің іргетасы қаланды

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда қазіргі уақытта 400-ге жуық полиция қызметкері пәтер кезегінде тұр.

Солтүстік Қазақстанда полицейлерге арналған үйдің іргетасы қаланды

Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып, баспана мәселесін шешудің тиімді жолдарын ойластырған. Оның жағымды бір мысалы ретінде жуырда иесіз қалған жатақхананың қалпына келтіріліп, оған 40 тәртіп сақшысы қоныстанғанын айтуға болады. Бұдан бөлек, 11 қызметкер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жайлы пәтерлерге қол жеткізді.

Астана күні және Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай «Жас өркен» 100 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің іретасы қаланды.

«Адамдардың тыныштығын, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Олар осы талап биігінен абыроймен көрініп келеді. Бүгін алғашқы кірпіші қағылған баспана тәртіп сақшылары үшін   салынып, 2018 жылы пайдалануға беріледі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

«Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының төрайымы Райхан Әбдірахманованың айтуынша, «Өз үйім» бағдарламасы бойынша көпқабатты үш тұрғын үй салу жоспарланған. Әр шаршы метрінің бағасын 125 мың теңгеден асырмау белгіленген.

Полиция капитаны Айгүл Сәбитова екі ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан. Енді осы отбасы келесі жылы баспаналы болатынына сенімді.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы.