Қазақстан • 07 Шілде, 2017

Алматы әкімі Қазақстанмен достық жөніндегі жапон лигасы төрағасымен кездесті

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы, Жапония Парламенті өкілдер палатасының мүшесі Такео Кавамурамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Алматы әкімі Қазақстанмен достық жөніндегі жапон лигасы төрағасымен кездесті

Тараптар мәдени-гуманитарлық, партияаралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Алматы әкімі Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында Жапонияның Қазақстан үшін стратегиялық серіктеске айналғанын атап өтті.

Үстіміздегі жылдың тек 5 айы ішінде мегаполис пен Жапония арасындағы тауар айналымы 60%-ға артты. Алматыда 14 біріккен және 21 жапондық кәсіпорын тіркелген. Қалада жапон іскерлік клубы мен жапон индустриалды паркі құрылып, «Tokyo Rope Almaty» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда.

Токио мен Алматы арасында тығыз байланыс орныққан. Өйткені екі қалада да барлық тұрғындар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы жүзеге асуда.

Өз кезегінде Такео Кавамура екіжақты экономикалық байланыс технология, білім, қаржы трансферттерін ғана емес, сонымен қатар екі ел мәдениетін де жақындастыра түсетінін атап өтті.

«Қазақстан Президенті халықаралық аренада үлкен абырой мен беделге ие, оның кемеңгер басшылығы арқасында Қазақстан жедел қарқынмен дамуда. Мен 1993 жылы Алматыда болғанмын. Содан бері қарай қала танымастай өзгеріп кетіпті, бұрынғыдан да сұлу және әсем мегаполиске айналыпты. Алматы мыңжылдық мерейтойын атап өтіпті, қала бұрынғыдан да танымал болып, шетелдік туристердің, соның ішінде жапондықтардың қызығушылығын арттыруда», – деді Жапония Парламенті өкілдер палатасының депутаты.

Кездесу барысында Такео Кавамура Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ойдағыдай өтіп жатқанын, Жапония да 2025 жылы Осака қаласында осынау маңызды халықаралық көрмені өткізуге үміткер екенін жеткізді.