06 Қазан, 2011

Бар жақсылық – балаларға

178 рет көрсетілді
Қызылорда облысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында меймандар «Мектепке дейінгі білім берудегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» тақырыбында өткен республикалық семинарға қатысты. Астанадан арнайы келген қо­нақ­тар алдымен Сырдария ауда­ны­ның Бесарық ауылына барды. Бесарық аудан ғана емес, облыс шеңберіндегі көрікті ауылдардың бірі. Гүл-майсасы жайқалып, қау­ыз­дарынан су атқылап, мәдениет үйі жаңарып, мектебі жарқырап тұрған ауыл. Биыл аталған елді мекеннің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Меймандар ауыл халқының қуанышын бөлісті. Был­тыр осы ауылда үшем дү­ниеге келген. Мәдәлі, Мағауия, Марғұлан атты бөбектер бірге толды. Қазақ о бастан ырымшыл халық емес пе? Үшемнің ата-ана­сы мәртебелі меймандардың ал­ды­нан балаларын алып шықты. Сөйтіп тұсауын кесіп беруді өтін­ді. Солайша, үш нәрестенің тұ­сау­ын Ербол Орынбаев, Бақыт­жан Жұмағұлов, облыс басшысы Болатбек Қуандықовтар кесті. Ел ағалары да құрқол келмепті. Олар үшемнің ата-анасына жаңа үйдің кілтін табыс етті. Шара барысында қонақтар биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен «Бөбек» балабақшасының жұмы­сымен танысты. Қызылорда қаласында 300 орындық «Шұғыла» жеке меншік балабақшасы ашылды. Оны аш­қан «Нұрай» ЖШС-ның басшы­сы, белгілі кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев. Астаналық қонақтар осы балабақшаның ашылуына да қатысты. Балабақша 12 топқа арналған. Акт залы, бассейн, ой­ын және жатын бөлмесі, асха­на­сы бар. Шыны керек, бала­бақ­ша­ның ғимараты анау-мынау кол­ледж­дің ғимаратына бергісіз. Премьер-Министрдің орын­ба­са­ры бастаған топ мұнан кейін «На­зым» жеке меншік бала­бақ­шасына барды. Бұл бақша 2009 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар «Назым» ең алғашқылардың  бірі болып мемлекеттік тапсы­рыс берілген балабақшаның бірі. Бала­бақша облыстық бюджеттен 70 пайызға дейін мемлекеттік тапсы­рыс алып отыр. Арнайы делегация №101 орта мектепке де аялдады. Бұл мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларды үйлерінен оқытады. Жиын бары­сында үйлерінде білім алатын оқу­шыларды қашықтықтан оқыту са­бағы ұйымдастырылды. Сонымен қа­тар 10 мүмкіндігі шектеулі     бала­лар­­ға ноутбуктер тарту етілді. Қалада ашылған кең сарайдай оқу ордасының бірі – №264 мектеп-лицей. Қонақтар осы мектеп-лицей жанындағы шағын орталықтың жұмысымен де танысты. Онан соң мектеп-лицейде «Қызылорда доста­рын шақырады» атты балалар концерті болды. Сонымен қатар осы жиында «Үздік мұғалімдер» мара­пат­талды. Облыс әкімі осының алдында үздік ұстаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілетінін айтқан болатын. Бүгін сол үздіктер анықталды. Олар: №4 дарынды балаларға арналған мек­теп-интернаттың қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ырысты Шомаева, «Мұра­гер» мектебінің математика пәнінен сабақ беретін Балтабай Жәмешев және Қазалы ауданындағы №25 мектептің бастауыш сыныбының ұстазы Клара Абылаева. Онан соң студенттер сарайында «Қазақстан Республикасындағы мек­теп­ке дейінгі білім беру» тақы­рыбында республикалық семинар болды. Семинар-кеңестің жұмысы «Мемлекеттік-жеке меншік әріптес­тік, қазақстандық мектепке дейінгі білім берудің инвестициялық тар­тым­дылығының шарты ретінде» тақырыбындағы көрме жұмысымен танысумен басталды. Көрменің мақсаты еліміздегі кәсіпкерлік өкіл­дері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында іскерлік және серіктестік байланыстарды орнатуда мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік-жеке меншік әріп­тестіктің перспективалы және өзекті бағыттарын көрсету болып табылады. Семинар кеңеске Білім және ғылым министрлігінің құрылым­дық бөлімшелерінің жетекшілері, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының, ЮНЕСКО-ның өкілдері, өзге облыс әкімдерінің орынбасарлары, об­лыс­тық, Астана және Алматы қала­ла­рының білім басқармаларының бас­шылары, біліктілікті арттыру инс­титуттарының мамандары, қа­ла­­лық, аудандық білім бөлімдерінің бас­шылары мен мамандары, педа­гогикалық жоғары оқу орында­рының, колледждердің басшылары мен мамандары облыстағы мектеп басшылары және балабақша мең­герушілері қатысты. Бұл жиынның Қызылордада өтуінің өзіндік себептері бар. Өйткені республика бо­йын­ша алғаш рет 2009 жылдан бастап жекеменшік балабақшаға об­лыс­тық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Осы­ған орай, облысымызда мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі өсіп отыр. Облыста бүгінгі күні 319 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Онда 20233 бала тәрбие­ленуде. Облыс­тағы 3-6 жастағы баланың мектепке дейінгі ұйымға тартылуы 56,5 пайызды құрап отыр. 319 мектепке дейінгі ұйым­ның 179-ы балабақша, 140 мектепке дейінгі шағын орта­лық. Жылдан-жылға аймақта жеке меншік балабақшалар желісі өсіп келеді. Облыс бойынша 2008 жылы 5 жеке меншік балабақша болса, қазір жеке меншік балабақ­шаның саны 54-ке жетті. Семинардан соң қонақтар «Назарбаев интеллектуалдық» мекте­бінің» құрылысымен танысты. Мек­тепте 120 оқушыға арналған жатын орын бар. Интеллектуалдық мектеп химия-биология бағытын тереңдетіп оқытады. Шара соңында журналистермен жолыққан Премьер-Министрдің орын­­басары Ербол Орынбаев пен Білім және ғылым министрі Ба­қытжан Жұмағұлов өңірде атқа­рылып жатқан істерге оң бағасын берді. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.
Соңғы жаңалықтар

Ақпараттық хабарлама

Егемен Қазақстан • Кеше

Доллар тағы да арзандады

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар