Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Жастықтың оты жалындап

427 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 4 миллионнан астам жас бар. Демек, қазақ­с­тан­дықтардың әрбір төртіншісі 14 пен 29 жас аралығындағы аза­маттар екенін ескерсек, олардың қаншалықты әлеуетті күш еке­нін аңғаруға болады. Ал оларға қандай жағдай жасалып отыр? Жастардың қоғамдағы бел­сенділігін арттыру үшін нендей шараларды қолға алу керек? Бұл жөнінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла ОСПАНҚҰЛОВПЕН әңгімелескен едік.

Жастықтың оты жалындап

– Ғабидолла Абдоллаұлы, соң­ғы кездері жастар саясаты са­ласында қандай шаралар жү­зе­ге асырылды?

– Бүгінгі күнге дейін біраз маңызды іс-шара қолға алынды. Жастар саясатына қатысты жұ­мыст­ар бірнеше бағытта жүр­­­гізіліп келеді. Соның бі­рі ретінде, қиын жағдайға тап бол­ған азаматтарға, яғни же­тім және ата-анасының қам­қор­­лы­ғынсыз қалған, мүгедек, бас бос­тандығынан айыру ме­ке­­ме­лерінен босаған жан­дар­ға кө­бі­рек көңіл бөлініп отыр­ға­­нын ай­туға болады. Әсіресе, осы са­нат­тағы жастардың әлеу­мет­те­нуі­не жағдай туғызуға ба­сым­дық бе­­рілуде. Нәтижесінде, ар­­найы жо­­балардан басқасын есеп­темеген­де, кез келген іс-ша­ра­ға, жо­баға осы санаттағы жас­тар­ды мүм­­кіндігінше кеңінен қа­тыстыру қол­ға алынды.

Бұдан бөлек, жас буын бас­та­маларын қолдау мақсатында, ұтым­дылығы халықаралық тә­жі­ри­бемен дәлелденген гранттық қар­жыландырумен алғаш рет жастар жобаларын жүзеге асыруды бастадық. Биыл үш жобаны жүзеге асыру үстіндеміз. Саланы басқаруда жобалық принциптерді қолдануға басымдық берілуде. Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қатысуымен жастар сая­саты бойынша өзара іс-қи­мыл және ведомствоаралық үй­лестіру жұмысы жүйеленіп ке­леді. Жастар мәселелері бойын­ша халықаралық деңгейдегі іс-шараларда белсенділік арта түсіп отыр.

Тағы бір бағыт, ол жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жұмыс қолға алынды. Соның бірі ретінде Елбасының қатысуымен ұйымдастырылған ауқымды жастар форумын айтар едім. Бұл форумның басты жетістігі – оған 1,5 мың жастың қатысуы. Олардың 800-ге жуығы облыстардан, қалалар мен аудандардан келді. Әрине, бұрын да осындай сипаттағы форумдар өткізіліп жататын. Бірақ ол кезде шалғай өңірлерден келетін жастардың саны аз болатын. Бұл жолы олардың қатары әдеттегіден көбірек болды. Форумның тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың арасында әртүрлі санаттағы жастардың болуы. Оған тек студенттер, қызмет атқарып, кә­сі­бін дөңгелетіп жүрген жастар ға­на емес, жұмыссыздар да, мүм­кіндігі шек­теулі жандар да қа­тыс­ты. Яғ­ни, бұл форум барлық са­нат­та­ғы жастарды қамтыды.

Форумның үшінші күнінде, яғ­ни шарықтау шегінде Елбасымен кез­десу өтті. Бұл кездесудің ерек­­шелігі – ол жерде әртүрлі са­­наттағы жастар Елбасымен бір дөңгелек үстелде отырып, өздерінің ой-пайымдарын жет­кіз­ді. Ал Мемлекет басшысы жас­тарға ақыл-кеңесін айтты. Соның нәтижесінде қазір өз­де­рінің стартап-жобаларын жү­зеге асыратындарға, кәсібін аша­тын­дарға жағдай туғызу туралы мәселелер жолға қой­ы­лып жатыр. Бұған қоса, форум­да көтерілген проблемалық мә­селелер мен ұсыныстардың бір­қатары Үкіметтің биылғы қаң­тар­дағы отырысының хаттамалық тапсырмаларының ішіне енді. Соның арқасында барлық облыс басшыларының қадағалауымен жастардың бос уақыттарын ти­ім­ді пайдалану жоспарлары бе­кі­тіліп жатыр. Мысалы, ғи­ма­рат­тарды беру, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, әртүрлі семинар-тренингтер өткізу, жастардың сабақтан тыс уақытта қосымша білім алуларына жағдай жасау, спорттық алаңдарды салу секілді шаруалар біртіндеп шешілуде.

Қазақстан Президенті жанында Жастар саясаты жөніндегі кеңес бар. Бұл кеңестің жұмысы 2 жылдай тоқтап қалған бола­тын. Біз қазір сол жұмысты қай­та­дан жандандырып, жобалық бас­қару қағидасын басшылыққа ала отырып, көздеген нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Осы ке­ңе­с­тің алдыңғы уақыттағы оты­рыс­тарында біз Жастар сая­­сатын 2020 жылға дейін да­мы­ту тұ­жы­рымдамасының орын­далу ба­рысын талқылап, нә­ти­же­сінде ти­істі өзгерістер мен то­лықт­ы­рулар енгізілетін болады.

– 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасы бой­ын­ша атқарылған жұмыстар ту­ралы не айтасыз?

– Бұл – бізге жол көрсетіп, ба­ғыт-бағдар беріп отырған құжат. Ол мемлекеттік бағдарлама емес, тұ­жырымдама болғандықтан, он­да негізгі мақсат-міндеттер, 2020 жылға дейін не істеу қа­жет­тігі белгіленеді. Аталған тұжы­рым­да­ма­ның орындалуының екі кезеңі бар. Біріншісі – 2012-2015 жылдар аралығын қамтитын кезең. Бұл жоспар бүгінгі күні толығымен орындалды. Қазіргі таңда 200-ден астам жастар ресурстық орталығы құрылды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан басқа әр облыста жастар мәселелері жө­нін­дегі басқармалар ашылды. Бұл саламен бұрын негізінен ішкі сая­сат басқармасы айналысатын бол­са, бүгінгі күні оның дербес бас­қарамасы, 10 шақты адамнан тұратын штаттық құрылымы бар.

Енді келесі кезеңде, яғни 2020 жылға дейінгі аралықта жастар саясатын мазмұндық жағынан толықтыруды мақсат тұтып отырмыз. Мұнда жастар ресурстық орталықтарының нәтижеге бағыт­тал­ған жұмысын қамтамасыз ету, оны әдістемелік жағынан сүйе­мелдеу қарастырылады. Бұл де­геніміз, жұмыссыз және білім бе­ру мекемелерінде оқымайтын, бос жүрген жастарды анықтап, олар­мен жұмыс жүргізудің жос­парларын құрып, жүзеге асыруға бағыттау.

Осыдан шамалы уақыт бұрын «Жастар» ғы­лы­ми-зерттеу орталығында өт­кен әлеуметтік зерттеу қоры­тын­дысы бойынша осындай са­нат­тағ­ы жастармен жұмыс жүр­гі­з­у әдіс­темелігі өңірлерге та­ра­­тылды. Со­нымен қатар, әс­ке­ри-пат­риоттық бағыттағы жұ­мыс­тар­ды бір жүйеге келтіру де қолға алынады. Мәселен, осы орайда жылына екі рет республикалық «Жігер» және «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиындарын тұрақты түрде өткізіп тұру маңызды. «Жігердің» мақсаты өңірлердегі әскери-патриоттық клубтардың жұмысын әдістемелік жағынан қамтамасыз ету болса, ал «Айбын» әскери полигонда тәжірибелік дағдыларға бағытталған әскери-практикалық шара болып табылады.

– Жастар үшін маңызды мәселелердің бірі – жұмыс­сыз­дық­қа қатысты қандай шаралар қолға алынып келеді?

– Біз алдымен мамандықты дұрыс таңдауды бірінші кезекте жолға қойғанымыз жөн. Бұл – жұ­мыссыздықпен күрес жолын­да маңызды мәселе. Тағы бір жа­йт, жұмыс нарығына келгеннен кейін, әрине, көбіне жастар тә­жі­ри­бесінің жетіспеушілігіне байланысты алғашқы жұмыс орнын табуда қиналады. Себебі, кез келген жұмыс беруші, біріншіден, білімі жоғары, екіншіден, тәжірибесі бар жұмысшыларды қызметке алғысы келеді. Нарық заңына салсақ, жұмыс берушіні түсінуге болады, өйткені, олар табыс табуды көз­дей­ді емес пе?

Ал жастардың мүддесін кім қор­ғайды? Бұл мәселенің түйінін тар­қату тетігі «Жастар тәжірибесі» жобасында көрсетілген. Сол арқылы, тәжірибесі жоқ жастарға нарыққа кіруге мүмкіндік бе­ріп, олардың жолын ашуға кө­мек­теседі. Сондықтан, осындай бірнеше бағытты қамтитын Үкі­мет бекіткен «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасының» тиімділігін атап өткен дұрыс.

Бірақ біз мынаны ұмыт­па­­ғанымыз жөн. Мемлекет бар­лы­ғы­на бірдей жұмыс тауып бере алмайды. Сондықтан, жастарға өз кәсібін дөңгелетуіне кеңірек қол­дау жасалуы қажет. Бұл эко­но­микалық жағынан – бюдже­т­ке табыс және әлеуметтік тұр­ғы­дан – жұмыс орындары ре­тін­де ұтымды. Жастар арасында кә­сіп­кер­лікті дамыту бойынша арнайы орталықтар жұмыс жасауда және бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда айтылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасынан» бөлек, жақсы бір жоба ретінде Бү­­кіләлемдік банктің қолдауымен ауыл жастарын кәсіпкерлік дағ­дыларға үйрету бойынша жобаны айтуға болады. Ол бойынша, әр жасқа жобасына қаржылай қолдау көрсету көзделген. Қазір бұл жоба Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жүзеге асырылуда.

– Ал қолжетімді баспана мә­селесі төңірегінде не айтар еді­ңіз?

 – Қолжетімді баспана мәселесі – мемлекет саясатының бірден-бір бағыты. Бірақ бұл жерде бір м­ә­селені ажыратып айтуымыз қа­жет. Мемлекет барлық ха­лықты, жасты тұрғын үймен қам­тамасыз етемін деп өзіне 100 пайыз міндеттеме алмайды. Тек, әлеуметтік көмекке мұқ­таж кейбір санаттағыларға ти­есілі пәтерлер кезекпен бе­рі­ліп жатады. Барлық дамыған мем­лекеттердің тәжірибесіне қа­расаңыз да солай.

Дегенмен, мем­лекет жастарға тиімді әртүрлі бағдарламалар ұсынып отырады. Мысалы, бұған дейін жүзеге асырылған бағыттар Үкіметтің 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғасын тапты. Атап айтқанда, тұрғын үй жинақтау жүйесі ұсынатын төмен пайыздық несиелер арқылы баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Тағы бір бағыт ретінде, жеке тұрғын үй салу үшін инфрақұрылымы дайын жер телімдерін үлестіріп беру ісін айтуға болады. Бұдан басқа, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламалары жергілікті деңгейде де жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы «Жас отау» бағ­дарламасын айтуға болады. Міне, осы шаралардың нәти­же­сінде көптеген жас отбасылар баспана алуда.

– Бүгінде елімізде жастардың қанша ұйымы бар? Олардың қаншасы белсенді?

– Жалпы, тәуелсіздік алғалы бе­рі елімізде 1 мыңнан астам жас­тар ұйымы тіркелген екен. Олар­дың бүгінгі күнге дейін тек жартысы ғана белсенді. Осы орайда біз жас­тар ұйымдарының жұмысын жа­ндандыруды жоспарлап отырмыз.

– Елді ілгерілетуші – адами капитал. Адами капитал деге­ні­міз, білімді ұрпақ, саналы азамат, бәсекеге қабілетті жас. Сіз бі­лім­ді, әсіресе, ғылыми ортада белгілі бір жетістікке жеткен жас­тарымыздың өзге мемлекетке кетіп, сол жақта қызмет атқаруына қалай қарайсыз?

– Әрине, қай заманда да кез келг­ен мемлекетте «ақыл-ойдың» сырт­қа кетуі деген мәселе болған, бола береді де. Ол тек біздің елге қатысы бар мәселе емес. Ешкімді мәж­бүрлеп ұстап тұра алмайсың. Б­і­рақ біз мұны басқа тұрғыда қа­рауымыз керек. Мысалы, «Бо­лашақ» бағдарламасымен оқуға кет­кендер міндетті түрде шартқа сай елге оралып, бес жылдай қызмет атқаруы тиіс. Бұл – оның мемлекет қаржысына оқығаны үшін алған міндеттемесі. Тағы бір атап өтер жайт, шетелге барсаңыз, онда сізді құшақ жайып қарсы алып, жұмыс дайындап отырған ешкім жоқ. Дамыған елдер әдетте өзінің еңбек нарығына кіруге шек­те­улер қояды, әсіресе, дамушы мемлекеттер азаматтарына. Сонд­ық­тан, кез келген адам ол жерге ба­рып, жұмыс таба аламын деп сенімді түрде айта алмайды.

Мәселен, шетелде білім алған мен білетін жастар оқуларын аяқ­тағаннан кейін өздерінің визалық рұқ­сатнамасының мерзімі аяқ­тал­ғанша «осы елден жұмыс табамын» деп қалып қойды. Бі­рақ, ақыр соңында Қазақстанға қай­туға мәжбүр болды. Себебі, бә­се­келестік жоғары. Дегенмен, олар­дың арасында қатаң бәсекеге төт­еп беріп, әлемдік деңгейдегі ком­панияларда еңбек етіп жүрген жер­лестеріміз де жоқ емес. Бұл – олар­ға үлкен тәжірибе, мүмкіндік.

Тағы бір қырынан қарас­ты­р­атын болсақ, менің пікірімше, егер жастар әлемдік тәжірибе жи­нау үшін шетелде қалса, олар тү­бінде өз еліне пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Әрине, ол үлкен бәсекелестіктен өтіп, үлкен компа­ния­ға жұмысқа кірер, көп қаржы табар. Бірақ мұның бәрі уақытша. Күндердің бір күнінде ол елін, отанын, түп тамырын іздейді. Бәлкім, ол өзін басқаға мойындатып, өз еліне инвестиция, жаңа технология алып келетіндей дәрежеге же­тер. Алғашқыда шетел асып, жақсы өмір іздеушінің ақырында елге деген сағынышы жеңеді.

Біздің Отанымыз біреу, ол – Қазақстан. Елбасымыз айтқандай, «Біз үшін жұмақ өз жерімізде». Сондықтан, жастарды өз елімізді көркейтуге шақырамын.

Әңгімелескен

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан