ЭКСПО-2017 • 11 Шілде, 2017

Ұлы суретшімен ұғысу

291 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында қоғам өмірінің саяси, экономикалық, ғылыми салаларындағы адамзат өркениетінің соңғы инновациялық жетістіктері мен адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілікті ұйыстырған мәдениет бір жерге тоғысты. Әлемнің айтулы театр труппалары өз қойылымдарын ұсынып, қазақстандық өнерсүйер қауымның көңілі қош болып жатқан жайы бар.

Ұлы суретшімен ұғысу

Қазақстанның мәдени өмі­рін­дегі елеулі жаңалықтың бірі болған оқиға – жуырда италия­лық әйгілі суретші, драматург Массимилиано Финазер Флори Астанаға келді. Жай келген жоқ, «Леонардо да Винчиге айналу» атты атақты спектаклін ала келіпті. Алғаш Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесі кезінде тұсау­кесері өтіп, бүгін­де АҚШ, Ресей, Азия, Еуропа елдерінің маңдайалды театрларында сахналанып үлгерген.

Режиссер спектакльді үйрен­шікті сахнада емес, павильон­дағы шағын залда қойды. Көрер­мендер қойылымды кейіп­кер­лер­мен бірге тамашалап, өтіп жат­қан оқиғаның бір бөлшегіне ай­нал­ды. Театрландырылған сұх­бат Леонардо да Винчидің көзі тірісінде өмір, өнер, филосо­фия төңі­регінде айтып кеткен тол­ға­ныс­ты ойлары негізінде құрастырылған. Суреткерлігінен бөлек ғылым саласына айтулы үлес қосқан ғалымның күллі адам­­затқа ортақ өнер хақындағы эсте­­тикалық толағай танымын негіз­ге ала отырып алма-кезек диа­лог түрінде өрбіді. Арт­қы қабыр­ғада суретшінің әр жыл­дар­дағы картиналары қойылым маз­мұнына сай ауысып отырды. М.Горь­кий атындағы мемле­кет­тік ака­демия­лық орыс драма театры­ның жас актеры Максим Ященко суретшімен емін-еркін сұхбат құрды.

Еңкіш тартқан қарт Леонардо сахнаға шыға келгенде ғасыр­лар қойнауынан ұлы суретші өзі тіріліп келгендей уақыт кемесі әп-сәтте тұтастық әлеміне сүңгі­тіп жібергендей әсерде қалдық. Қолын қусыра қарсы алған сурет­­ші адамдық ар-намыс, адам ер­кін­­дігі, жанашырлық таныту секілді асыл қасиеттерді қалып­тас­ты­рудағы жаңа ізденіс­ке бет бұру туралы шабыттана сөй­леді. «Жақсы өткен күн тыныш ұйық­тауға, жақсы өмір сүру ты­ныш өлуге мұрсат береді» деген қарт дүниетанымдық көз­қарас тұрғысында шешіле сөйледі.

– Леонардо да Винчи – өнер­ге, ғылымға берілген жандар үшін ортақ тұлға. 67 жыл жаса­ған суретші өміріндегі маңы­зды кезеңдерді қамтитын 67 сұрақ қойы­лады. Спектакль ұлы сурет­шінің өмір тарихы жайында толымды мағлұмат береді. Лео­нардо – ұлы суретші, ғалым ғана емес, адам жанының шырақшысы, –деген режиссер Массимилиано Финазер Фло­ри адам мен қоғамның ілгері дамуын қамтамасыз ететін құн­ды­лық­тар алдыңғы орынға шығуы тиіс деп есептейді. – Үнемі жаңа құбылысты іздеп жүретін Леонардоның дүниетанымы әлемді біртұтас формада тануға арналған. Өткен мен бүгінді біріктіруде барлық құпия жатыр. Мен Леонардоға айналып шыға келгенде өзімді өте ғажап сезінемін. Өйткені, суреткер тұлғаның таным теориясы «адам деген кім?» деген сұрақтан басталады, – дейді ол.

«Ах» ұрған жалған мәнерден гөрі ішкі бай мазмұн мен сыртқы болмыс үйлесімділігіне үңілген шығарма соғұрлым еркін, жанды шықты. Режиссердің Леонардо да Винчидің әр сөзі мен қимыл-қозғалысын, психологиялық мінезін бейнелеуге үлкен жауап­кер­шілікпен келгенін байқадық. «Леонардоның бойында ешқа­шан өзіне деген сенімділік бол­маған. Үнемі ой үстінде жүре­тін тұлғаның образын жасап шығуым керек болды. Бұл – театр», деген режиссер пі­кі­рі бұл ойымызды қуаттай түседі.

Шығармада бейнелеу өнері­нің ғылыммен, музыкамен, поэ­зиямен үндестігі туралы сөз бола­ды. Данагөй қария біздің уақы­тымыздағы көкейде жүрген көптеген сұрақтарға өткеннің қырқасынан қарай отырып жауап табуға тырысады. Кез келген жанды шығармадан өзін­дік менді іздейтініміз рас. Осы тұр­ғыда ренессанс алыбының гума­нистік ойлары қара сөздің жүй­рігі – Абаймен сабақтасып, үндесіп жатқандай көрінді.

– Италиялық Леонардоны ең әуелі суретші деп таниды. Өйткені, Италияда өнер мен ғылымды бір арнаға тоғыстыр­майды. Италияны былай қойып, Еуропаның өзінде гуманитарлық және техникалық саланы бір­ыңғай сала деп есептемейді. Қазақ­станда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі осы екі сала­ның басын тоғыстырып отыр, – дейді режиссер.

Журналистермен сұхбат барысында режиссер өнертапқыш, адам мен табиғат интерпретаторы (жаршысы) болған Леонардо туралы көркем фильм түсіріліп жатқаны туралы әңгіменің шетін шығарды. Фильм 2019 жылы ұлы суретшінің қайтыс болғанына 500 жыл толуына орай әлемдік прокатқа ұсынылады.

Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»