Футбол • 11 Шілде, 2017

«Неміс командасы»: жеңілістен қандай нәтиже шығарды?

346 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Германия құрамасы кезекті мәрте дүбірлі бәсекеде топ жарып, неміс сапасының деңгейі жоғары екенін тағы дәлелдеді. Конфедерация кубогы осыдан он шақты күн бұрын ғана бундестимнің («неміс командасы») жеңіп алған екінші байрақты бәсекесі. Жастар арасындағы Еуропа чемпионатында немістер топ жарса, Ресейде өткен Конфедерация кубогында кіл жастарды жинақтаған Йоахим Лёв командасы ешкімге дес берген жоқ.

«Неміс командасы»: жеңілістен қандай нәтиже шығарды?

Жалпы, бұл Германия футболының жалғыз жетістігі емес. Немістер 13 жылдан бері айтулы футбол турнирлерінің жүлде тұғырынан түспей жүр. Германия футбол құрамасының тұрақтылығы кездейсоқтық емес. Бұл – ұзақ мерзімді жұмыс пен жүйелі ұйымдастырылған жобаның жемісі. 2000 жылдары неміс футбол федерациясы Talentforderung деп аталатын бағдарлама қабылдаған. Аталған жоба бойынша елдегі жас таланттарды тауып, олардың кәсіпқой футболмен айналысуы­на жағдай жасалып келеді.

Бұл бағдарламаның қабылдануының өзі үлкен бір тарих. «Бундестим» екінші мыңжылдық аяқталар тұста екі бірдей дүбірлі турнирде сүрінді. Әуелі 1998 жылғы Әлем біріншілігінде Хорватия­ға есе жіберіп қойса, Еуро-2000 бәсекесін­де топтық кезеңде соңғы орында қалып, абыройдан жұрдай болды. Сол кезде неміс футболын басқаратын маман­дар мәсе­ле­нің түп-тамырына үңіліп, сәтсіздік­тің себебін анықтауға талпынған. Ұзақ мерзімді зерттеудің нәтижесінде, елдегі жастар мен балалар футболы дамы­май қалғаны анықталыпты. «Советский спорт» басылымына берген сұхбатында Talentforderung бағдарламасының бас­шысы Ульф Шотт былай дейді:

«Футбол таланттарын тауып, оларды өсірумен клубтар және аймақтағы феде­рациялар айналысқан. Германияның әр облысындағы ассоциациялардың жағдайы әрқилы еді. Елде ешқандай бірізді даму ұғымы болған жоқ. Соның нәтижесін­де, талантты екі бала екі түрлі жағдай­да жетілетін. Бірі, жас футболшыларды жақсы жетілдіретін аймақта туылып, жоғары нәтижеге қол жеткізсе, екіншісі, жағдайы мүшкіл облыста туылғандықтан, көп мүмкіншілігі болмайтын. Футбол саласын бұлай жіберу – дұрыс шешім емес екенін түсіндік».

Еуро-2000 турнирінде Германия командасының құрамында бір-ақ ойыншы, Дайслер ғана 21-ге толмаған-ды. Ал құра­маның орташа жасы – 31 жас еді. Жас­тар футболын дамытуға бай­ланысты қабылданған бағдарлама нәти­жесінде 2010 жылы Оңтүстік Африка Респуб­лика­сындағы бәсекеде орташа жас 25-ке түсіп, 21-ге жетпеген 6 футболшы ұлттық құрама сапында доп тепті.

Жыл сайын ондаған әлем жұлдызын тәрбиелеп шығаратын бұл Talentforderung қалай жұмыс істейді? Бұл жоба 2003 жылы қабылданып, әуелі талантты жас балаларға арналған 390 жаттығу базасы салынды. Көптеген бапкерлер жұмысқа тартылып, 8-14 жас аралығындағы балаларға ала доптың қыр-сырын үйрету тапсырылды. Аталған орталықтарда балаларды доп тебу машығына үйретіп, дриблинг, фут­болдың түрлі тәсілдеріне, тактикалық сауат­тылыққа баулып отырады. Аптасына бір мәрте футбол федерациясының мамандары келіп, жастардың аяқ алысын бақылап, үздіктерінің атын түртіп алып кетеді. Сонымен қатар, балалардың дұрыс тамақтануы, сөйлеу әдебі және әлеуметтік педагогика секілді мәселелермен айналысатын арнайы мамандар да бар. Айтпақшы, бұл жаттығу орталықтары елдің барша түкпіріне тараған.

«Кез келген баланың үйі мен аймақ­тық орталыққа дейінгі арақа­шықтық 25 шақырымнан аспауы тиіс. Біздің мақсатымыз осы болды», – дейді Talentforderung бағдарламасын жобалағандардың бірі Диетрич Вейззе «Гардиан» газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, әр кәсіпқой футбол клубына балаларды баулитын жеке академия ашу міндеттелген. Кейбір коман­­далар қаржылық қиындыққа байла­нысты бұдан бас тартыпты. Алайда, жобаның өміршеңдігін байқаған клубтар өздері-ақ белсене кіріскен. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау көрсетілген.

Аталған бағдарлама нәтижесінде 22 мың балақай футболдың қыр-сырын үйренуге кіріседі. Ал футбол федера­циясының 1300 бапкері 600 мыңға жуық жастың талантын бақылауға мүмкіндігі бар. «Германиядағы 80 миллион халықтың ішінде осыншалықты таланттың көп екенін 2000-жылдары ешкім байқамаған-ды. Қазір өте көп екеніне көз жеткізіп отырмыз», – дейді бапкер Робин Дутт. «Неміс футбол ұйымы» бағдарламаға жылына 10 миллион еуро (2,5 милилард теңге) бөліп отырады. Қаржы әдетте бапкерлердің жалақысына, скауттарға, көгалды жаңартуға, орталықтарға доп секілді қажетті заттарға және ғылыми кітап­тарға жұмсалады.

Айтпақшы, неміс клубтары шәкірт­терінің болашағына да жауапты. Сондықтан да шығар, жас жеткіншектердің бәрінің білім алуына жағдай жасалған. «Бірде Англияға барғанымда «Астон Вилладағы» әріптестеріме біздің жастарымыз аптасына 34 сағат білім алуға мектепке баратынын айтқанымда, өтірік деп ойлапты. Өйткені, оларда небәрі 9 сағат білімге жұмсайды екен. «Фрайбургта» олай жасай алмаймыз. Өйткені, академияны аяқтаған кез келген жеткіншек кәсіби футболшы болмайды. Білім футболдан маңызды», – дейді «Фрайбург» клубының бапкері Кристиан Штрайх. Білімге бұлай көңіл бөлудің өз ерекшелігі бар. Жыл сайын футбол академияларында тәрбиеленіп шыққан жеткіншектердің 80 пайызы басқа салаға ауысып кетеді екен. Talentforderung жобасы мұны да ескерген.

Осындай ауқымды жұмыстың нәти­жесінде Германия футбол құрамасы әлемдегі ең тұрақты команда атанып отыр. Енді ше, 2005 жылдан бері бундестим өзі қатысқан турнирдің бәрінде жүл­д­е салып келеді. Мәселен, 2005 жылы неміс­тер Конфедерация кубогында қола медаль иеленген. 2006 жылғы Әлем чем­пионатында Германия жартылай финал­дық бәсекеде Францияға есе жіберіп, үшін­ші орын үшін таласта Португалиядан басым түскен-ді. Ал 2008 жылғы Еуропа біріншілігінің финалында Испаниядан айласын асыра алған жоқ. 2010 жылы Африкада өткен Әлем чемпионатында тағы да қола медальді қанжығасына байлады. Немістер Еуро-2012 турнирінде жартылай финалда сүрініп, үшінші орынды місе тұтқан. Әйтсе де, Бразилияда өткен Әлем чемпионатында топ жарып, аңсаған алтынына қол жеткізді. Былтырғы Еуропа біріншілігінде Германия қайтадан жартылай финалда сүрініп, үшінші орынды иеленді. Биылғы жетістігін күні кеше Ресейде өткен Конфедерация кубогында тамашаладық. Әлемді бағындырғаннан кейін, бұл нәтиже көңіл көншітпеуі мүмкін. Әйтсе де, 13 жыл бойы тұғырдан түспеу – нағыз сапаны көрсететіні анық.

Немістердің жетістігін тамашалап отырып, еліміздегі футбол жағдайы еске түседі. Ұлттық құраманың жеңілісіне жанкүйерлердің еті үйреніп кеткелі қаш-а-ан! Жастар футболын дамытуға байланысты әжептеуір жобалар басталған еді. Мәселен, Елбасының өзі араласып, Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силвамен ортақ келісімге келді. Нәтижесінде, өрендеріміз «пентакампеондар» елінде футболдың қыр-сырын меңгеретін болды. Содан бері елімізден 70-ке жуық жасөспірім Бразилияға аттанып, олардың алды елге оралып үлгерді. Өкінішке қарай, жобаның соңы «су аяғы құрдымға кетті». Тіпті, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Парламент Мәжілісінде Бразилияға футболшы жіберу жобасы сәтсіз болғанын мойындады. Жалпы, Бразилияға барып келгендердің қатырғаны шамалы. Қазір солардың үш-төртеуі ғана премьер-лигада доп теуіп жүр. Қалғанының дерегі жоқ. Балалардың бірінші легі Бразилиядан оралған соң, арнайы «Бәйтерек» деген клуб құрылған. Аталған команда бірінші лигада сүреңсіз ойын көрсетті. Ал екінші лектің балаларын Мәскеуде өткен «Гранаткин кубогына» жіберген едік. Олар да жөнді ойнай алмай, қарсыластарының бәрінен жеңіліп қалды. Айтпақшы, осы жастарды Бразилияға жіберу үшін мемлекеттен 294 миллион теңге қаражат бөлінген болатын.

Футбол федерациясы «Қазақстан Республикасында 2012-2022 жылдар аралығында балалар мен жасөспірім­дер футболын дамытуға арналған тұжы­рымдама» қабылдаған. Аталған жоба «Неміс футбол ұйымымен» бірлесе оты­рып, Германия мен Голландия тәжіри­бе­леріне қарап жасақталды. Нәтижесінде, ел бойынша бірнеше футбол орталығы ашылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша 5 мыңға жуық шәкірт сонда футболдың қыр-сырын үйреніп жүр. Әзірге аталған бағдарлама болашағынан зор үміт күтті­реді. Ең бастысы, Бразилияға барған бала­лардың кебін кимесе болғаны...

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ