Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Қазақ роботтары Коста-Рикаға барады

1052 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«World Robot Olympiad» әлемдік роботты техникасы олимпиа­дасының Қазақстандағы рес­пуб­ликалық іріктеу жарысы аяқ­талды. 2017 жылдың бас та­қы­рыбы ЭКСПО-2017 көрме­сіне орайлас «Тұрақты даму» деп аталды. ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің Конгресс орталығының бір залында роботтар футбол ойнап, әртүрлі қызмет көрсетіп жатса, келесі залында қоғам дамуына үлес қосатын түрлі шығармашылық жобалар ұсынылды. 9 бен 21 жас аралығындағы өрендер үдемелі интеграцияда жұмыс істей алатындықтарын көрсете білді.

Қазақ роботтары Коста-Рикаға барады

Жарыстың салтанатты жабылу рәсі­мінде сөз алған «Назарбаев Универ­ситеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсу аталған жарыстың студенттер мен оқытушыларға арналған бірегей зияткерлік орта құруда маңызы зор екенін айтты. Әсіресе, оқу орнында болашағынан үміт күттіретін ең дарынды студенттерді іріктеуге септігін тигізетін меритократия қағидаты бойынша жұмыс істеудің тыңғылықты нәтижесі екендігін атап өткен ол, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнертапқыш жас дарындардың болашағына сәттілік тіледі.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған ұлттық робототехника сайысына еліміздің барлық қалалары мен облыстарынан 150 команда қатысты. Ғылым, математика, жаңа технологиялар және инженерия сияқ­ты басты академиялық салалардың құла­ғында ойнайтын жастардың еңбе­гін көріп, әлемдік экономикадағы бәсе­кеге қабілеттілікке ықпал ететін STEM (science, technology, engineering and mathematics) сауаттылықтың жаңа дең­гейге көтерілгеніне куә болдық.

Былтыр Үндістанның Нью-Дели қала­сында өткен робототехника олимпиадасында Талдықорған қаласы Назарбаев зият­­керлік мектебінің оқушылары Тал­ғат Бек пен Анатолий Алексеев жаса­ған «Ғарыш қалдықтарын жоюға арнал­ған «роботтандырылған орбиталық стан­са» жобасы WRO-ның «Creativity Award» жүлдесін жеңіп алған еді. Бес жүл­­делі орынның төртеуінде жеңіске жет­­кен Орал қаласы физика-математика ба­ғы­­тындағы Назарбаев зияткерлік мек­тебі оқу­шыларының биылғы қарқыны да осал бол­май тұр. Олар жасаған құрылғы су ағы­нының магниттік өзгерісін пайдалану арқылы 2,5 вольт қуат өндіре алады. Қор­шаған орта мен табиғи ресурстар тепе-тең­дігін сақтай отырып жұмыс істейтін те­гер­шікті генератордың көмегімен мобилді құрылғыларды қуаттауға болады. Аталған жоба Коста-Рикада өтетін WRO-2017 әлемдік роботты техника олимпиадасына жіберілмек. Ғалымдар олар жасаған робот прототипіндегі микро ГЭС алдағы жылдары индустрияландырудың басты нысанына айналуы әбден мүмкін екенін айтады. Яғни, Қазақстанның кей аумақтарындағы электр энергиясының тапшылығын ретке келтіруде, сонымен бірге отын-энергетикалық кешенін дамытуда маңызы зор болмақ.

Балалар құрастырған көрме аумағын аралай жүріп, табиғи қорларға зиян келтір­местен ауыл шаруашылығын «көгал­­дандыру» негізінде жұмыс істейтін жоба­ларды көзіміз шалды. Мысалы, Қызыл­орда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Арайлым Русланқызы ұсынған жобаның ерекшелігі автоматтандырылған роботтар арқылы топырақты құнарландыруға болады. «Робот өздігімен жер жыртып, егін егіп, тыңайтқыштарды мөлшермен себеді. Болашақта осы жобаларды өндіріске енгізгіміз келеді», дейді жас ғалымның өзі. Бұдан бөлек, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушы­лары жыраққа сапарлап кеткенде үй­дегі ба­лық­тарды телефон арқылы тамақ­тан­ды­ру­ға мүмкіндік беретін жаңа жүйені ой­лап тапқан. Ал жол-көлік апатын азайтуға мүмкіндік беретін ақылды көше жобасының жұмыс істеу функциясы тіптен қарапайым. Яғни, жолдан өткен жаяу жүргіншіге көліктің жақындап келе жатқанын білдіріп, дабыл қағылады. Бұл жаңалыққа Алматы қаласындағы «Нұр Отан» партиясының филиалы қызығушылық танытып отырғанын айта кету керек. Осындай креативті жоба үшін  Алматы қаласы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің оқушылары Анель Кәрімғали мен Дінмұхамад Бекжан, яғни «Fluffy Puppies» тобы Lego Education компаниясынан Деннис Де Трейдің қолынан сыйлық алды. Чемпионат серіктесі «Казинтерсервис» компаниясының жетекшісі Төлебай Төленов арнайы сыйлық тапсырды.

Байқаудың нәтижесінде «Негізгі», «Шығармашылық» және «Роботтар футболы» санаттары бойынша жеңімпаз­дар анықталды. Жеңімпаздар жас ерекше­ліктеріне қарай үш топқа бөлінді. Бұдан әрі әр санат бойынша бірінші орын алған командалар оқу-жаттығу жұмысына шақырылатын болады. Оқу қорытындысы бойынша Коста-Рикада өтетін WRO-2017 дүниежүзілік роботтар олимпиадасына баратын команда анықталады.

Цифрлық әлемнің ғаламдық проблема­ларын шешуді және мектеп оқу­шы­ларының ойлау жасампаздығын қалып­тастыруды мақсат тұтқан «World Robot Olympiad» – әлемдік роботтар олимпиадасы 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде WRO клубына 50-ден астам мемлекет, 20 мыңнан астам оқушы мүшелікке енген. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері Әлемдік роботтар олимпиадасының Қазақстандағы роботты техникадан ұлттық үйлестірушісі болып келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»