Футбол • 11 Шілде, 2017

Пах, шіркін, Пеха!

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында «Қайрат» командасының қаны жерге тамбады. Спорттық тарихында жетінші орыннан жоғары көтеріліп көрмеген ортаңқол команданың осыншама құрметке бөленуін әлі күнге дейін түсіне алмаймын. КСРО түгілі Еуропаның ең үздік клубтарының қатарынан көрінген «Буревестник» волейболшылары мен «Динамо» хоккейшілері де танымал­дық жағынан қайраттық футболшылармен қатар тұра алмайтын. Ауылдағы қойшы-қолаңнан астанадағы акаде­мик­терге дейін аяқ доп аламанында республика намысын жыртып жүрген қу жалғыздың жоғарғы топтан түсіп қалмауын жатпай-тұрмай Жаратқаннан тілейтін. Бағы жанып, бәйгеден бір келмесе де басынан құс ұшырмай, іңгәлап дүние есігін ашқан торсық шекелі талай ұлына ұлықтап Қайрат есімін қойған қазақтарды қойсаңшы бұл. Мұның бәрі сірә, миллиондар ойыны саналатын футбол бәсінің басқа спорт түрлерімен салыстырғанда сәл-пәл биіктігін көрсетсе керек.

Пах, шіркін, Пеха!

Алда-жалда жанкүйер ағайындардың жарыссөзіне қатыса қалсаңыз, ескікөз ағаларымыздың аузынан ертерек уақыттар­да жасыл алаңда жұлдыздай жарқыраған Сегізбаев, Степанов, Квочкин, Рожков, Дол­матов секілді жампоздар жайында ертегідей естеліктерді естисіз. Кімнің неше гол соққа­нын жатқа айтқанда компьютеріңіз садаға кетсін.

Ал енді аяғымыз Алматыға жетіп, аңсары­мыз ауған футболыңызды стадионнан талай тамаша­ла­ған біздің тұсымызда қай ойыншының айы оңынан туып еді? Иә, сексенінші жыл­дардың серкелерін еске түсіріп көрелікші. Егер ұмыт­паса­ңыздар, ол кезде де сайып­қыран оғландар саны аз бол­майтын. Мәселен, Стукашев, Волгин, Сәлімов, Бердыев болып кете беретін. Әріден қозғаған әңгі­меміздің дәл осы жеріне келгенде әй-шайға қарамай, «Кешіріңіз, сіз Пехлевани­ди­ді қал­дырып кеттіңіз» деуіңіз әб­ден мүмкін, құрметті оқырман. Оны­ңыз орынды. Сабыр сақ­таңыз, біз Қазақстан футболы тарихындағы айрықша тұлғаға арнайы тоқталмақпыз.

Алматының «Қайратына» Шымкенттің «Мелиораторынан» ауысқан Евстафий Пехлева­ни­ди бірден көпшіліктің көз­айымына айналды. Жақсыны жатсынбайтын жанкүйерлер оны еркелетіп «Пеха» дейтін. Футболшыдан гөрі балуандарға немесе зілтеміршілерге көбі­рек келіңкірейтін (Марадона сияқты) дембелше денесіне қарамай шапшаң қозғалып, шалт қимылдайтын шабуылшыны қарсыластардың қозғаушы­лары жан-жағынан қаумалап, ады­мын аштырмауға тырысатын. Көз жазып қалса бітті, қақпа­лары­на қауіп төндіреді. Әлдекім­дер­дей бап тілеп әуреге түспей­ді. Әмбебап. Алаңның кез кел­ген қанатынан атойлайды. Оң-солы бірдей бұған. Екі аяғын бірдей жұмсайды. Баспен де, паспен де жақсы ой­най­тын. Аспан­дағы допқа қарай қабыландай атылғанда орта­ша ғана бойынан олқы­лық көр­мей, ұзынтұра жігіттер­ді қапы қалдыратынын қайтер­сің. Содан соң бар ғой, «жау шауып» жатса да арт жаққа қайту­ды білмейтін. Мұнысы Блохинге тартқан. Аяғына доп тисе аттай шабады. Кесе-көлденең­деп алдынан шыққандар­ды ары-бері «алдағандағы» жылдамдығын айтсаңшы. Тең­біл допты зеңбіректің оғындай зымыратқанда қақпашыдан қайыр болмай, «тоғыздыққа» топ еткізуші еді-ау топжарғаным. Соның арқасында жетпіс үш гол салып, «Қайраттың» арғы-бергі тарихындағы ең мерген футболшы атанды.

Айтпақшы, Евстафий Пех­леваниди 1983 жылғы КСРО чемпионатының қорытындысы бойынша елдегі ең үздік 33 ойыншының тізіміне кірді. Бұл үлкен оқиға болатын. Бұрын-соңды мұндай жетістікке қайраттықтардан тек Вадим Степанов қана жеткен еді. Содан интервью алмақ ой­мен Стастың соңына түсейін. Қаң­тардың қақаған аязында «Медеу» мұз айдынында оқу-жаттығу жиынында жүрген жерінен таптым-ау ақыры. Мей­манхананың бір бөлмесінде әріптесі Петр Нейштеттер екеуі «Романтик» радиолласын қосып қойып, музыка тыңдап жатыр екен. Сол күні біраз сырға қанықтым. Екі сағаттай емін-ер­кін әңгіме шерттік. Айтуына қа­ра­ғанда, Грузиядан Қазақстанға қоныс аударған грек отбасында туып-өсіпті. Әкесі Алькивиад та әжептәуір футболшы болыпты. Соғыстан кейінгі уақыттарда Тбилисидің «Динамосында» Борис Пайчадзе, Николай Дзяп­шипа секілді дүлдүлдермен бірге ойнапты. Сол жолы Одақ футболының ой-қырын да біраз түгендедік білем. Әсіресе, Блохин мен Чивадзенің ұлттық құрамаға шақырылмағанына қатты ренжігені есімде қалыпты. Жатақханаға келе сала түні­мен отырып «Лениншіл жасқа» мақала жаздым. Жаңылмасам Дүрәлі Дүйсебаев ағам оған тамаша тақырып қойды. «Әкеден мирас бұл футбол» деген. Өкініш­ке қарай, онымыз Сейдахмет Берді­құлов секілді реформатор редактордың талғамына таты­май, газетке шықпай қалды. Сұхбаттың шекесіне сол қолымен сойдақ­тата «Мұндай жаттанды дүние­лерді салудың қажеті жоқ» деп бұрыштама соғыпты. Өкпем тарқап, өзіме-өзім келген соң «Спорт» апталығында жария­ладым... Солай...

Өткенді көксеп өзеуреу онша дұрыс еместігін сезем. Бірақ, бәрібір қызықтың көбі артта қалғандай көріне беретіні қалай екен, осы?..

...Пах, шіркін, Пеха!!! «Қай­раттың» қайта тумас қара нары екен ғой...

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»