Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Қазақстан-Германия инновациялық орталығы құрылады

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Германия бірлескен инновациялық орталық құрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Бұл туралы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Марат Омаров Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің 10-шы отырысында мәлімдеді.

Қазақстан-Германия инновациялық орталығы құрылады

Оның айтуынша, Қазақстан бұл жобаға демеушілік білдіреді, ал германиялық әріптестер өздерінің мол тәжірибесімен бөлісетін болады.

«Біз бүгін Еуропадағы ең көне техникалық университеттердің бірі - Мюнхен техникалық университетімен келісімге қол қоямыз. Бұл Қазақстан мен Германия арасындағы бірлескен инновациялық орталық құру туралы келісім болмақ. Мұнда біз демеуші тарап ретінде қатысып отырмыз. Біз үшін Президент Жолдауы аясындағы «Индустрия 4.0» бойынша адами капитал басты фактор болып саналады. Бұл келісім бізге «Индустрия 4.0» процесін жүзеге асыру үшін білікті кадрлар дайындауға мүмкіндік береді, бұл аталған бағыттағы алғашқы қадам», - деді ол.

Оның айтуынша, жаңа орталықта жоғары оқу орындарының, атап айтқанда Назарбаев Университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетінің қызметкерлері оқиды. Сонымен бірге, Омаров жобаның алғашқы 5 жылының бюджет көлемі шамамен 15 миллион долларды құрайтынын хабарлады.

«Бұл алаңда қосарлы оқыту тәсілі қолданылады, яғни оқу және тәжірибе жинақтау мүмкіндіктері беріледі. Әзірге бірлескен инновациялық орталық құруды ғана талқылап жатырмыз. Бізден - қаржыландыру, немістерден - ноу-хау, білім, бірінші білім беру модульдері, тренингтер, тәжірибелік семинарлар және т.б. Аталған жоба аясында келесі жылы 250 адамды қамту жоспарда бар», - деп атап өтті Омаров.

Сондай-ақ, ТДҰА басшысы жаңа орталықта білім беретін мамандықтардың әлі нақтыланбағанын жеткізді.  Ол білім берудің «Индустрия4.0» революциясына негізделетінін және бұл жобаны елді индустрияландыру жолындағы алғашқы қадам деп атады.  

«Әзірге оқыту тақырыптарының басым бөлігі техникалық екенін ғана айта аламын. Біз немістерден «Индустрия 4.0» бойынша нақты ұсыныстар күтудеміз. Германиялық әріптестер «Индустрия 4.0» бойынша Қазақстанға нақты не қажет екенін, қандай элементтердің жетіспейтіні туралы шолу жұмыстарын аяқтап қалды. Аталған репорт аясында Қазақстанға қажетті нақты мамандықтарды іздейміз.Әзірге мамандықтар анықталған жоқ, себебі біз өзімізді мұнымен шектеп қойғымыз келмейді. Толық тізімді әзірлеп, мұқият зерттеу жүргізгіміз келеді», - деді Омаров.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің Х отырысы өтіп жатыр. Оның аясында екі ел арасында 22 коммерциялық келісімге қол қойылатыны жоспарлануда.