Аймақтар • 11 Шілде, 2017

Әлемде теңдесі жоқ жоба Атырауда жүзеге асады

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алған бастама агроөнеркәсіп кешеніне негізделген. Атыраулық балалардың болашақ армандарын бейнелеген суреттерге толы капсула жобаның алғашқы іргетасына салынды.

Әлемде теңдесі жоқ жоба Атырауда жүзеге асады

Енді Индер ауданында «ISSMAT» компаниялар тобы құны 234 млн АҚШ долларына бағаланған ғажайып жобаны арманнан ақиқатқа айналдырады. Анығырақ айтсақ, кешенде қуаты 80 МВт күн электр стансасы, жылыжай,  2000 асыл тұқымды сиырға лайықталған тауарлы сүт фермасы, ақсерке мен бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты, қоқыс өңдеу зауыты болады. Сондай-ақ, ет өндірісі бағытында бизон, косметология саласына керек лаванда өсіру, бал араларын әкелу де жоспарда бар. Жылына 20 мың тонна көкөніс өндіріледі. Жұмыстың бәрі табиғи, қауіпсіз жағдайда жасалады. Өнімдер химикатсыз, жоғары сапалы және балғын күйінде тұтынушыларға жеткізіледі.

– Ел игілігіне арналып отырған жобаның жемісті боларына сеніміміз кәміл, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, – «ISSMAT» компаниялар тобымен ынтымақтастық меморандумына өткен жылы «АтырауИнвест» форумында қол қойылған еді». Ал Индер ауданының әкімі Серік Арыстан Елбасының Қазақстанға инвесторлар тарту туралы тапсырмасы алыс ауылдарда да қолға алына бастағанына қуанышты екенін жасырмады. «Ең бастысы – жоба аясында бірнеше мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Жаңа кешенде ғылыми-зерттеу орталығы болады, сол арқылы жергілікті тұрғындар кешен жұмысына қажет мамандықтар бойынша білім мен тәжірибе алады, кейін қызметке орналасады», - деді аудан әкімі. «ISSMAT» компаниялар тобының  негізін қалаушы Франция азаматы Мессади Саид жобаға инвестиция салуға шешім қабылдау оңайға соқпағанын, бірақ тәуекелге бел буғанын айтады. «Егер Қазақстанда бастау алған осы кешен сәтті жүзеге асып кетсе, басқа елдерде де ашуға жұмыстанамыз. Бұл жоба саясатпен де, бизнесімізді дамытумен де байланысты емес, жергілікті халықтың қажетіне жарайтын, әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарта түсуге ықпал ететін игі іс болса дейміз. Әлемнің 60-тан астам елінде болдым, бірақ дәл қазақтардай бір-біріне деген жанашырлықты көрмедім. Әрі Қазақстанда мемлекеттің қолдауы зор», - дейді инвестор.

Әзірге жобаның алғашқы іргетасы ғана қаланды. Кезең-кезеңмен жүзеге асатын бастаманың бірінші сатысы үш жылдан кейін пайдалануға беріледі. Ал шыққан өнімдер Қазақстан мен Ресей, Белоруссия нарығына бағытталады. «Индердің лавандасы Қытайға экспортталады, жақын болашақта құрамында Қазақстанда өсірілген лаванда бар Француз әтірлері шықса, таң қалмаңыздар. Францияда лаванданы «жасыл алтын» деп атайды, қара алтынды өңірде жасыл алтынның өспеуі мүмкін емес», - дейді Мессади Саид.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген: Әнуар Әбілғазиев.