ЭКСПО-2017 • 11 Шілде, 2017

ЭКСПО 2017. Түркия павильонында «Қазақстан – Түркия достық әуендері-2» атты концерт өтеді

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан тарихы үшін ерекше  жыл. Бас қала Астанада бүкіл әлемнің назарын аудартқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі  белсенді түрде өтуде.  Бауырлас Қазақстанның осы шарасына тарту ретінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен екі үлкен шара  жоспарлаған. Алғашқы шара «Ұмытсам сыбырла» атты кино туынды Астанадағы Керуен СОСО-дағы Кинопарк залында 17 маусымда  көрерменге ұсынылған.

ЭКСПО 2017. Түркия павильонында «Қазақстан – Түркия достық әуендері-2» атты концерт өтеді

Екінші шара ретінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы «Қазақстан – Түркия достық әуендері-2» атты концертті астаналықтар мен ЭКСПО-2017 қонақтарына тарту етпек. Дәл осы тақырыппен 2016 жылғы 26 қазанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концертті қала халқы үлкен қошеметпен тамашалаған болатын. Концертте Димаш Құдайбергенов, Кәмшат Жолдыбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Ақерке Тәжібаева, Ханзада тобы өнер көрсеткен болатын.

Аталған шараның жалғасы ретінде Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» және Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін концертте әндер шырқалып, күйлер тартылады. Қос оркестрдің тізгіні Австрияда білім алған дирижер, «Алтын таяқша» дирижерлар байқауында Гран-при жүлдесін олжалаған Ернар Нұртазинде болады. Күміс көмей әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал қазақтың танымал «Дударай», «Қарлығаш» сияқты әндерін қос оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды.

Концертте қазақ және түрік тілдерінде ән орындайтын танымал солистер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал шара туралы өз ойларын бөліскен еді.  

«Біз ЭКСПО-ға арнап екі концерттік бағдарлама дайындадық. Алғашқысы 20 шілдеде Астана концерт залында сағат 19.00-да, екіншісі  21 шілде күні ЭКСПО алаңындағы Түркия ұлттық павильонында сағат 17.00-де өтеді. Екі тілде шығармалар орындаймыз. Астанаға келіп ЭКСПО-ны аралап, тамашалау үшін тағатсызданып отырмыз», деді. 

20 шілдеде болатын концертте көрермендерге арнайы лоторея таратылып, Түрік әуе жолдары «Turkish Air» тарапынан берілетін Ыстанбұлға барып қайту билеттері ойнатылады. Түркияға тегін жолдаманы әрбір көрермен ұтып алу мүмкіндігіне ие.

Бауырлас түрік елінің тек қана өнер адамдары ғана емес, ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізілетін осы шараға Түркияның ұлттық арнасы ТРТ мен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан «Казстройподряд» сияқты компаниялары да демеуші ретінде өзіндік үлестерін қосуда.

Астаналықтар мен қала қонақтары ақысыз  тамашалай алатын концерт 20 шілде күні сағат  19.00-да Астана концерт залында  (Бейбітшілік көшесі 1/1) өтеді.