ЭКСПО-2017 • 12 Шілде, 2017

Көрменің миллионыншы көрермені – астаналық мұғалім

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше көрме орталығының тіркеу қызмет­кер­лері барлық кіреберісте келушілерді тіркеп, мұқият жұмыс істеді. Өйткені, олар миллионыншы келушіні анықтауға асықты.

Сағат 18:06-да тіркелген миллионыншы ке­лу­ші Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған арнайы монумент жақ­тағы кіреберісте тіркелгені анықталды.  Ол елордадағы №76 мектеп-лицейдің математика пә­нінің мұғалімі Гүлжиһан Жаңабергенова екен... 
«Мен бас қаламызда ұйымдастырылған, күллі әлем көз тіккен шараның миллионыншы келушісі болғаныма өте қуаныштымын. Жер бетіндегі 35 мемлекетте өткен ЭКСПО-ның биыл Қазақстанда өтіп жатқанын мақтан тұта­мын», деді ол журналистермен кездесуінде. 

Миллионыншы көрерменді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің өзі қарсы алып, «Дю Солей» циркіне билеттер мен планшет сыйға тартты. «Біздің ұлттық компания үшін бүгін маңызды күн. Біз жоспарлағандай, көрмеге келетін 2 миллион адамның барлығы тіркелді. Біз әр күн сайын келу­шілердің санын бақылап, болжап отырамыз. 

Міне, көрменің 31-ші күні миллионыншы көрерменіміз табалдырығымызды аттады. Мұндай ауқымды ұлттық жобаны тамашауға деген қызығушылық күн санап өсу үстінде. Бүгінгі көрсеткіш те бізді қуантады», – деген А.Есімов миллионыншы көрерменге ақ тілегін жеткізді.
«Мен Астанада тұрамын, осында жұмыс істеймін. Көрмеге екінші рет отбасыммен келіп отырмын. Бірінші рет әріптестеріммен дайындық кезінде келген едім. Ол кезде өзіміздің «Нұр әлем» павильоны ашылмаған еді. Осы жолы Қазақстанның павильонын тамашаласақ па деген ниетіміз бар», дейді Гүлжиһан Жаңабергенова.
«Мен осы шара жаңа технологиялар, серпінді идеялар әкеледі деп күтемін. ЭКСПО-ның нәтижесі орасан зор жетістіктермен елімізге пайда әкеледі деп сенемін. Өйткені, барлық қатысушылар ең үздік өнертабыстарын, жасыл технологиядағы жетістіктерін әкелді мұнда», – дейді миллионыншы клиент.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»