Әдебиет • 14 Шілде, 2017

Мәңгілік өмір жоқшысы

616 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ол – бағзыдан жет­­кен түпкі сенімді се­рт етіп, түрік бітігінде «мың жылға, тү­мен күн­ге жететін» өсиетін өр­нек­теген То­ны­көк пен ислам өр­­кениетіне тәу еткен Ясауи ара­лығындағы рухани ке­ңіс­тік­ті ұлас­тырып тұрған бір­ту­ар кемеңгер. Жа­ғы­ра­фиялық тұр­­ғыдан қарасақ алтын бе­сік, баба мекен Алтай, оғыз-қып­шақ­тың ата­жұрты Сыр бойы, кей­інгі кенже то­пырақ Кавказ бен Анадолы аймағын өз есімі ар­қы­лы біріктіріп тұрған толағай тұл­ға.

Мәңгілік өмір жоқшысы

Ажалды жеңген абыз

Түрк халықтарының ғасыр­лар қой­науынан сүрлеу тартқан сал­қар да шытыр­ман тауарихы та­биғат пен тұлғаны түй­іс­тірген түрлі құбылыстарды басы­нан кешіп, бүгінгі толағай белесіне кө­терілді. Дәуірлер мен заманалар, қо­ғам­­дық жүйелер алмасып халықтың тағ­­­дыры тығырыққа тірелген өліара ке­­­­зең­дерде алаш жұртына әманда көш­бас­­таушы тұлғалары жол көрсетіп отырды. Түркі жұртын алып бәйтерек десек, сол бәйтеректің әрбір жа­­пырағы бүршік атып, әрбір бұ­­та­ғы қаулап өскен сайын ді­ңі жуан­дап, қабығы қалыңдап, өзе­­гіне түс­кен сақина саны ар­та берді. То­лық­сы­ған мәуелі бәй­терек лықсыған дән-дә­не­гін алысқа шашып отырды. Мұндай ке­­зеңдерде санада сілкініс туады, жұ­рт та­ны­мы түлейді, замана ту­дырған тол­ғақ­­ты сауалдарға ке­меңгер даналар жау­ап беріп, бұл оқиғалар халықтың жа­ды­на қат­­талып, жан дүниесіне бедерлі із қал­ды­рады.

Бұл ретте ажалмен айқасып, өлімді өнер­дің құдіреті арқылы жеңуге болады деп өнеге қа­лып­тастырып, киелі күй мен қас­тер­лі жырдың теңдессіз құн­­ды­лық екенін жария еткен Қорқыт ата түрк халықтарын ізгілік пен мәң­гілік өмір­ге шақыратын ұлы ұран, рәміз-код, та­ғы­лымды ми­рас­қа айналды, оның ардақты аты алаш жұртына кісілік кілті бо­­лып кел­ді. Ұлы Дала өр­ке­ни­­етін Қорқыт ата ілгері жыл­жыт­­ты, топтап толықтырды, ке­­ме­ріне жет­кізе кемелдендірді.

Даланың данагөй дара тұл­ғасы ұлы ойшыл, жырау, сәу­егей, абыз, әулие Қорқыт ата түр­­к халықтарының кеу­де­сіне құ­­діретті ұран болып ұялады, қа­­­ра тасты қақ жарып көктеген жа­сыл же­лекті шынардай қадым дәу­ірден бү­гін­ге жалғасқан саялы тұлға болды. Ол – бағзыдан жет­­кен түпкі сенімді се­рт етіп, түрік бітігінде «мың жылға, тү­мен күн­ге жететін» өсиетін өр­нек­теген То­ны­көк пен ислам өр­­кениетіне тәу еткен Ясауи ара­лығындағы рухани ке­ңіс­тік­ті ұлас­тырып тұрған бір­ту­ар кемеңгер. Жа­ғы­ра­фиялық тұр­­ғыдан қарасақ алтын бе­сік, баба мекен Алтай, оғыз-қып­шақ­тың ата­жұрты Сыр бойы, кей­інгі кенже то­пырақ Кавказ бен Анадолы аймағын өз есімі ар­қы­лы біріктіріп тұрған толағай тұл­ға. Оның рухани келбетінде тәңір мен ислам, дала мен қала әп­санасы, оғыз бен қыпшақтың ше­жіре-дәстүрі түй­ісіп, жара­сымды үйлесім тапқан. Ол кейде ақбас Алтайдан жер жәннаты Же­тісуға, Сырдария бойына жөңкіле көш­кен, тәкаппар Кавказ бен миу­­алы Анадолыға жылыстап жайылған жауынгер түркілердің желмая мініп жер бетін шар­лаған ұлы ойшылы іспетті көрінеді.

Мәңгілік өмір үшін күресу – бұл адамзат баласының ежелгі ақыл-ойынан, танымынан хабар беретін алыс заманның жаң­ғы­рығы. Қорқыт ата әйгілі Ги­ль­гамеш сияқты ажалға қарсы ар­палысады, өмір суын іздеп, ақыры өлімнің дауасын іздеп та­бады. Ол дауа – мәңгілік өмір жы­ры қобыздың күйі. Осылайша Тә­ңі­рінің өзіне ұқсатып дара сипат­та жаратқан адамның асыл р­у­хын обыр өлімнің мұқалта алмайтынын әйгілеп, жалған дүниеде ұлы өнердің мәңгілік екенін айғақтайды. Қорқыттың өлімге қарсы күресу сарыны – оғыздардың баба жұрты ұлы далада айтылатын алтын аңыз. Күл­лі адамзат үшін мәңгілік мән­ді мәселе болып келе жатқан шек­сіз уақыт, тоқтаусыз тірлік туралы толғаныс Қорқыт атаны қай заманда да кемеңгер ой­шыл­дар­дың қатарына қосады, ізгілік пен өмір нұрын дәріптеуші ре­тін­де өзекті ете түседі. Бұл тура­лы М.Әуезов «Дүниежүзі фоль­клорында, ескі мифтік, дін­дік ертегі-аңыздарында осы Қорқыт ата сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар... Соның бірі грек мифінде – Прометей, осетин аңызында – Амран, үнді аңы­зында – Сиддхартха болса, қа­зақ ескілігінде – Қорқыт бола­ды» деп жазады.

Сол себепті өркениеттер мен дәуі­р­лер­ді тоғыстырған, ұлы да­ланың бел ортасында отыр­ған қазақ, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, ноғайда Қорқыт ата аса көне тарихи мәнге ие ежел­гі заман өкілі. Қорқыт ата қыр­ғыздарда әулие, тәуіп адам ре­тінде бейнеленеді. Қырғыздың кей­бір аңызында ол ажалдан қа­шып дүниені кезуші, енді бір аңы­зында желмаясына мініп бү­гінге дейін жаһанды аралап жүр­ген қасиет иесі. Қазақтың ұғым­ын­да ол – тек Тәңірге табынған бар­лық бақ­сы­лардың атасы, пірі. Қо­быз аспабын ал­ғаш жасаған ұс­та, алғаш күй шығарған му­зы­­кант, алғаш өлімді жеңген қа­һар­ман, дү­ниенің төрт бұрышын ша­рлап жан мен тәннің, рух пен материяның айқасын ша­рпыстырған ұлы ойшыл. Осы­лайша тұңғыштық пен жа­сам­паздық мәнге ие Қорқыт бей­несі қазақта архаикалық сипатта. Оның өлімге қарсы кү­рес жүргізуі, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген қатал тағдырға өнері арқылы тойтарыс беруі адамның ішкі әлеміне оптимистік қайсар рух дарытады, өнердің құдіретін салтанатты етеді.

Ұлы Далада айтылатын аңыз­дар­да Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, ақыры әлем ор­тасы саналатын өзінің туған байтағы Сырдарияға келіп ажал­ға дауа табуы, тұңғыш қо­бызды жа­сауы көне түркілік ұғым­дар­дың сілемі екенін ға­лымдар дұ­рыс аңғарған. «Саймақтың са­ры өзені», Сарыарқа, ұзын да­рия Сыр ежелгі түсінікте ға­лам­ның ортасы болып са­нал­ған. Космос тік кеңістікте алып бәй­терек, көлбеу кеңістікте ұлы өзен түрінде болатынын зерт­теушілер айқындаған. Олай болса байырғы ұғымда Сыр­дария ғарыштың орталығы болып саналып, бәйтерек секілді киелі ұйық мекен болған. Алып бәйтерек пен ұлы дария – түрк заты үшін ғаламның қуат-күшін, уақыт пен кеңістіктің қақпасын ашатын құдіретті рәміз. Дәл осы кеңістікке оралған Қорқыт ата мәңгілік өмірдің баламасы күй өнерін тауып, күллі адамзатқа өнер қазынасының уақыт категориясына бағынбайтынын айғақ ете алды.

Қоңыраулы қобыздың қоңыр үні

Түркі дүниесі үшін Қорқыт, қо­быз, оғыз, абыз деген сөздер ықы­лым заманнан бері мәндес, біртұтас құбылыс. Қобыз – күл­лі ыспалы аспаптардың атасы бол­са, Қорқыт сол қасиетті қара қо­быздың иесі. Қобыз көне бол­ған­дықтан оның атауын түрк ха­лық­тары негізінен ортақ сипатта ата­ған. Башқұрт – қыл-кубыз, тыва – хыл хомус, татар – кобуз, кубыз, өзбек, қарақалпақ – кобуз, түрікмен – оклы гопуз, балкар – кыл-кобуз, кобуз, чуваш – хама-копас, моңғолда – хуур.

Қорқыттың өнер арқылы жа­саған алғашқы аспабы да, әмбе ки­есі де қара қобыз. Қобызды ежел­гі түркі-моңғол ұлыстары «хор, хуур» деп те атайтынын айт­тық. Мүмкін оның ныспысы «хор құт», яғни арғы мәні «қо­быз құт» деген біріккен сөз­ден шыққан да шығар деген ой туа­ды. Бәлкім, құттың қор­ғау­шы­сы, қо­рушысы деген ма­ғы­на бе­рер. Қай­ткен күнде, Ұлы Да­ла­ның пер­зенті болған Қорқыт атау­ы­ның қасиетті құтқа қатысы тала­с­сыз ақиқат.

Жыраулар мен абыздарға, ұзандар мен бақсыларға серік бол­­ған аққу кейіпті, қаз үнді, құ­лағы сылдырмақты, қуыс шанағы айналы қара қобыздың түпкі иесі Қорқыт екені, оны «қарағайдың тү­бінен қайырып, үйеңкінің тү­бі­нен үйіріп, ақ қайыңның бе­зі­нен айырып, ортекенің мүй­ізін тиек, желмаяның терісін шанақ, тұл­пардың қылқұйрығын қияқ қы­лып» жасағаны бақсы сарынында айтылады. Үстіне көбе киген, қолына аса ұстаған аузы дуалы Йолықтегін, Құбатегін, Кет­бұға, Сыпыра жыраулар хан­дардың қа­сында болып замана тарпын, қара қазан, сары ба­ланың қамын қасиетті қо­бызбен толғаған. «Қорқыт ата кі­табында» батырлар жорыққа өзі­мен бірге қобызды алып жү­ріп, май­дан даласында күй ойнай­тын дәс­түрі айпарадай етіліп жа­зыл­ғаны таңғалдырады.

Қорқыт атаның аманат ми­ра­с­ы қобыз десек, қобызды сақ­­таған да, қобыз күй­ле­рін бүгінгі ұрпаққа жеткізген де қа­зақ халқы екендігі Алаш елінің оша­ғының алауын күзеткен текті жұ­рт болғанымыздың айғағы емес пе?! Қобызын бәйгеге қос­қан дәулескер бақсы Кетбұқа, Қой­лыбай, бағаналы Балақай, Молықбай, кейінгі буын Ықылас Дүкенұлы – Қорқыт ата дәстүрін жалғастырушылар. Бүгінгі күнге Қорқыт атаның «Қорқыт», «Сарын», «Байлаулы киіктің зары», «Башпай», «Қара қалмақ», «Әуппай», «Желмая», «Қоңыр», «Тарғыл тана», «Ұшардың ұлуы» секілді күйлері мен сарыны көне ғасырдан ұласып жетіпті.

Алаштың алдаспан ақыны Мағжан қа­рағайдан қобыз шауып алғашқы му­зы­калық аспапты өмірге келтірген Қорқыт ата туралы:

«Бір күні шошып тұрып көргендей түс,

Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз.

Қыл тағып қобызына сөй­ле­тіп ед,

Алтайды күңірентіп шықты лебіз», –

деп жырлайды. Ақын Қор­қыт атаны түркі өркениетінің ал­тын бесігі Ал­тай­да туған, жер бетіндегі алғашқы қобыз Алтайда жасалған деп болжайды. Түркі жұртының киелі қара шаңырағы Алтайда абыз Қорқыт қыл қобызда сарынын бе­беу­летіп, алты сан алашты аузына қаратқаны айдан анық.

Түркі академиясы ұйымдас­тыр­ған археологиялық экспедиция бұрнағы жыл­дары Шығыс Қазақстан облысы Ка­тонқарағай ауданы Алтай тауының сі­­лемі Қарақаба деген жерден қару-жа­ра­­ғын тағынған жауынгер жыраумен бір­­ге көмілген көне қобыз аспабын табуы Мағжан ақын сөзінің ізінде ақиқат жатқанын дә­­лелдегендей. Академия ма­ман­­дары бұл жәдігердің мер­зімін VІІІ ғасырға көне түркі мем­лекетінің дәу­іріне жататы­нын тұжырымдаумен бір­ге кө­не қобызды сәтті жаңғыртты. «Қор­қыт» поэмасының түйінінде сәу­е-гей ақын «шеше алмай жан жұм­бағын шерлі Қорқыт... Көрге де қобызымен кірді Қорқыт» деп ай­туы – Қорқыт дәстүріндегі абыздардың моласына қобызы бірге қойылатынын тұспалдап тұр емес пе?!

«Қорқыт ата кітабы» - ізгіліктің ұраны

Қара тасты да мүжіп жоқ қы­латын алып уақыт пен кеңіс­тік­тің қатал талқысына дес бермей құрыштай шыңдалған Қорқыт ата мұрасы барша түркіге ортақ жауһарға айналды. «Қорқыт ата кі­табы» әлемнің ақыл-ой қа­зы­насына қосылған інжу-мар­жан саналады.

«Қорқыт ата кітабы» – дала­ның да­на­г­өй абызына қа­тыс­ты туған бағалы мәдени ес­кер­т­кіш. Осы жырды зерттеген В.Бартольд, В.Жирмунский, Х.Короглы, Ә.Марғұлан, Ә.Қо­ңы­­ратбаев секілді ғалымдар эпос­тың негізгі сарындары Ұлы Да­лада ауызша туғандығын тұ­жы­­рым­даған. Батыс оғыздары ара­сынан эпосты жазып алушы мұ­раға әдеби өң­деу жасамай қаз-қалпында бергендігі сөз на­қы­сынан, эпикалық толқынды иі­­рім­дерінен байқалады.

Әйгілі дастанның толық аты «Кі­таби ғали лисан тайфа оғузан» деп аталады. Жыр екі орында сақталған: Ватикан (12 жыр) һәм Дрезден (6 жыр) нұсқасы. Дрезден нұсқасын хатқа түсірген Абдаллах ибн Фарах. В.Бартольд 1922 жылы орыс тіліне аударған осы нұсқа 1950 жылы Бакуде, 1962 жылы Мәскеуде басылды. Жырды Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев 1986 жылы орысшадан, Б.Ысқақов 1997 жылы түрік тілінен аударып жариялады.

ХV ғасырда хатқа түскен, Қорқыт атына жинақталып, топ­талған «Кітаби дәдә Қорқыт» эпо­сында оғыздардың кейінгі қо­нысында пайда болған кейбір ұғым-түсініктер, жер-су аттары, діни сарын қабаттары да бар. Бұл эпостың табиғатынан баба жұртын сағынып, пір тұтқан ел ұзандарының Қорқыттың атын түпқазық етіп, түптөркіні бай­ырғы баба топырақтан бас­тау алатын жыр аңыздарды Әзербайжан, Кіші Азия ай­ма­­ғында қайта-қайта айтып топ­тап, жинақтағаны, әдемі эпос­қа айналдырғаны білінеді. Жырда ұлы дала эпосына тән телегей теңіз төкпелік, шымыр желі, композициялық кес­телі үйлесім кеми түскен. Оты­ры­қ­­шы қалалық елдің ертегі айту машығына тән тосын диалог, шытырман новеллалық са­рын, ай­тушының әміршіге ба­ғыш­та­ған тілек сөзімен түйін­де­летін өзгеше өрнек аңға­ры­лады.

Бұл дастан ғалымдардың пі­кірінше әзербайжан оғыздары арасында тұтас тұлғалы эпос­тық шығармаға айналып, толыса түскен. Әйгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев дастандардың же­теуі Сыр бойында, бесеуі Кавказда пайда болған деген пі­кірге бейіл білдіреді. Де­мек, бұдан Кавказ тарапына Қор­қыт­тың өзі емес жаңа бояумен жаңғырған сөзі барған, қа­си­етті бабаның рухының ұш­қы­ны жаңа мекенде жаумен қи­да­­лас­қан қалың ұрпағын жебеген, киелі аруағы Балқан асқан ба­хадүрлерге пана болған деуге болады.

Анадолы топырағына табан тіреген жүректі де білекті ба­тыр бабалар танымы – Грек философиясына, қалыбы – Рим мем­лекеттігіне арқа сүйеген хрис­ти­­андық Батыспен бетпе-бет кел­генде, өзіндік кескін-келбетін жо­ғалтып алмауға септесетін руха­ни иммунитет іздегені анық. Дін мен дәстүрдің үйлесімінен туған мұндай ішкі қуатты қал­қан­ды тү­рік­тер Қорқыт атадан тап­қан сыңайлы. Сон­дықтан Қор­қыт ата кітабы – түрк тілі мен тарихының түпсіз тереңдігін та­ны­татын Қашқаридің әйгілі сөздігін, түрк мемлекеттілігі мен мәдениетінің өрелі өрісін көр­се­те­тін Баласағұнның «Құтты біл­ігін» және түрк руханияты мен өміршең өнегесін әйгілейтін Ясауидің дана хикметтерін бойына жинақтаған ұлттық кодқа айналды.

Ислам ілімі кең қанат жайған оғыз­дар арасында хатталған «Қорқыт ата кі­та­бында» Қор­қыт­тың ажалмен ай­қа­суы, бақ­сылық сипаты айрықша кө­рі­не бер­мей­ді. Алайда, «дәдә Қор­қыт» – сәуегей, қи­ын сәтте жәр­дем беруші, тарыққанға жол сіл­тейтін ақылгөй, түс жорушы бол­жам­­паз, батырға есім бе­руші батагөй, на­­қылшыл дана, жыршы ұзан. Дегенмен, оның кө­­ріпкелдік қасиетті сипаты әре­гідік қылаң беріп отырады. Қазақтағы Қорқытқа тән ажалға қарсы шығу сарыны бұл кітапта Тоқа баласы ержүрек Домрулға қатысты жаналғыш әзірейілге күрес түрінде әңгіме етіледі.

Кітапта Қорқыт бір жағынан осы эпос­ты жырлаушы, бір жағынан кейіпкер ретінде араласады. Эпоста Орталық Азиядан ұласқан сюжеттер басымдыққа ие екені қарапайым көзге де айқын көрі­неді. Эпостың негізгі сарындары, кейіп­керлерінің есім-сойы, жер-су, ру аттары қазақ даласында мол ұшырасады. Мы­са­лы, Қазылық, Қаратау, Шәуілдір, Түр­кіс­тан, Қарашық, Домбауыл, Байбөрі, Бам­­сы Байрақ (Алпамыс), Байшұбар, Бану ше­шек, Қазан, т.б. Бұдан байқайтынымыз, Қор­­қыт атаның өмір сүрген өлкесі де, ол ту­ра­лы жырдың тууына түрткі болған түп­кі сюжеттер табиғаты да Ұлы Далаға тән.

Жалпы, дәстүр сабақ­тас­ты­ғын, мәдени мұра жал­ғас­ты­ғын ескермей оғыз бен қып­шақтың арабайланысы баяғыда аяқ­талған деп есептеп, ортасына қамал тұрғыза салу қиянат бо­лады. Кавказ тарапына оғыз­дар­мен қатарлас қыпшақтар да барғанын, бұл екі ұлыстың қа­нат­тас өмір сүргенін, бірін-бірі то­лықтырып телқоңыр дәурен ке­ш­кенін қазіргі тарихшылар айқындап отыр. Бұл жайында сөз қозғаған Ә.Марғұлан қазақтың құ­рамында оғыздардың да сілемі бар екенін, бертін келе кей­бір (кете, кердері, адай, абдал) тайпалары қазақ құрамына қосылғанын алға тартады.

Түгел түркіге ортақ тұлға

Әйгілі Әлішер Науаи: «Алла­ның нұры жауғыр Қор­қыт ата еді, түркі ұлысы арасын­да одан даңқты, одан ас­қан кісі жоқ еді. Оның даң­қы еш­кімге жеткізбейтін еді. Өз­ге­ше­лігі, данышпандық аты­ның көп шығуы, неше жыл өзі­­нен бұ­рынғыны білуі, неше жыл өзінен кейінгіні болжап, ке­­ле­шекті айтып беруі, оның таң­­ғаларлық нақыл сөздері осы күн­ге дейін бар» деп дала өр­ке­ниетінің данагөйіне бас иеді.

Түркі әлемі үшін Қорқыт ата дәуірі түбегейлі бетбұрыс, жо­лай­рық заман болғаны шындық. Оғыз, қыпшақ секілді түркі тайпалары Еуразия ке­ңіс­тігінде сеңдей сапырылы­сып, қоныс жаңалады, өріс ұлғайтып жатты. Кейбірі ислам дінін қабылдап, кейбірі ескі сенімінде қала бер­ді. Бұл кезеңде ту көтерген оғыз-қып­шақ қау­ы­мын рухани же­беу­ші Қорқыт ата болды.

Оғыз бен қыпшақтың айы­рылған тұсына халық осылайша сөз­­бен ескерткіш тұрғызады. Ұлы түркіден сарқыт алған оғыз бен қыпшақ тайпаларының қу­ат­­ты одағы ІХ-ХІ ғасырларда Сыр бойында өркениеттің үз­дік үл­гі­лерін қалдырып, түркі әлемі­нің туын желбіретті. Бұл одақ саяси-идеологиялық қайшылық түскен соң біртіндеп ыдырағаны да белгілі. Алайда, тарих көшінің бұралаңында арасы алшақтаған ағайын ұлыстарды біріктіруші тұл­ға, ұлы рәміз – кемеңгер Қорқыт ата болды.

Қорқыт ата туралы жыр-аңыздарда теңіздей толқыған, киіктей жосыған оғыз-қыпшақ тайпаларының қилы тағдыр-тәлейі, Алтайдан Сыр бойына, одан Кавказға, әрі қарай Ана­до­лыға дейін жайылған кө­ші-қо­нының ұзын-ырғасы, соқ­пақ сорабы бас қосып, елес береді. Сыр бойында жасаған Қорқыт ата оғыз бен қыпшақтың түйілісі, тәңірілік сенім мен ислам дінінің қиылысы дәуірінде ғұмыр кешкендігі, өркениеттер тоғысқан, дала мен қала салты жарысқан жолайырық дәуірдің дәнекерші тұлғасы болғандығы оның бай мұрасынан айқын кө­рінеді. Ал Оғыз-Қыпшақтың бір ананың қағанағынан жа­рыл­ған егіздей ұялас кезеңі Сыр бойында өткені мәлім. Қор­қыт­тың атасы оғыз, нағашы жұр­ты қы­п­шақ еді дейді көне шежіре.

Қазыналы Қорқыт ата мирасын бағзы заманнан әр жұрт өзіне тәбәрік еткен, сондықтан оның әр ұлыста өзіндік ерек­ше­лікке ие жыр-әпсанасы сақ­тал­ғ­ан. Қорқыт ата уақыт пен ке­ңіс­тіктің қою мұнарынан арасы ал­шақ­таған алашты қасқағым сәтте біріктіре алатын, басын қосып ізгілік пен жеңіске бастайтын дала дарабозы. Бұл оның оғыз-қып­шақтың еншісі бөлінбеген дәу­ірде өмір сүрген нар тұлға еке­нін көрсетеді.

­Қорқыт атаның бейнесінде миф­тік астарлы бояу қалың бол­ған­дықтан кейбір шығармаларда оның 295 жыл жасап, үш әмір­ші­ге уәзір болғаны айтылады. Бір де­ректер Мұхаммед пайғамбарға ел­шілікке барғанын, Аббас әу­леті Бағдатты бас­қа­рып тұрған шақ­та өмір сүргенін алға тарта­ды. Ұшан теңіз мәлімет қо­рын тексере келе академик Ә.Марғұлан Қорқытты VІІ-VІІІ ғас­ырда Сыр бойында дүниеден өткен тұлға деген қорытынды жасайды.

Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі» деген қанатты сөз бар. Қорқыт атаның қабірінің өзі үш жерде аталады: Түркияның Байбұрт ауданы, Кавказда Дер­бентте, Сырдария бойын­да Қармақшы ауданында. Жал­пы, ұлы қайраткерлердің тыным тапқан киелі орындары қатарынан екі-үш өлкеде ор­наласқан деп айтыла беретіні бар. Мәселен, әйгілі Арыстан бап­тың қабірі Қырғызстанда, Оты­рарда және Сыр бойында бар. Мұндай киелі орындарға кей жағдайда марқұмның сүйегі жатпаса да құрбан шалып, дұға оқитын болған. Қорқыт атаның қазақтағы әпсана-мифтеріне қарағанда, оның бей­несі көне түркілік дәстүрден ажырай қой­мағаны білінеді. Ендеше, кейінгі дәу­­ір­де болған оғыз көшімен Қор­қыт атаның ру­хы, мирасы еріп барған деуге болады.

Қорқыттың бейітін ұзақ за­ма­налар бойына жел мүжіп, су шайып, әбден тоздырған-ды. 1898 жылғы қазан айында мазардың басына барған белгілі оқы­мысты Ә.Диваев осыны кө­зімен көріп, «Қорқыттың ежелгі бейіті өзінің соңғы күндерін бастан кешіп жатыр», – деп күйзеле жазды. Белгілі ғалым В.Жирмунскийдің «Сыр бойында Қор­қыт­ты қадірлеудің мың жыл­дық өнегесі бар» деуі де бек­ер емес.

«Ғарыш қақпасы» саналатын, жер кіндігі іспетті Байқоңыр ма­ңында ірге тепкен Қорқыт ата кешені мәңгіліктің мәнін меңзеп тұрғандай. Сондықтан, Қорқыт атаның кісіліктің кілтіне нұрлы бастау болатын бай мұрасын адамзаттың ақыл-ой қазынасы тұрғысынан әлемдік кеңістікте дәріптеп, өскелең ұрпақтың кәдесіне жаратудың маңызы зор. Тұң­ғи­ық терең философиясы жасам­паз өмірге құштарлықты өзек еткен Қор­қыт мұрасына дүркін-дүркін қайта үңіліп, дәуір ағыстарына сай қыртыс-қатпарларын жаңаша бағамдап әрі бағалап отыру – бүгінгі зерделі қауымның бір парызы.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»