![Тұғыры биік тұлға](/article_photo/1500002378_article_b.jpeg)
Міне, осы сын сағатта Жүсекеңе тағы да ауыр жүк артылды. Бұрынғыдан да салмақты әрі жауапты. Облыс әкімінің шешімімен Ж.Нөкетаев ауданның әкім болып тағайындалды. Тұңғыш әкім. Нарық экономикасының қиыншылықтарына байланысты туындаған мәселелерді дұрыс шешіп, тұйыққа тірелмеудің мүмкіндіктері мен амалын табуға ұмтылды. Шаруашылықтарды таратпай, уақытша ұстай тұруды жөн көрді. Ондағы ойы барды дереу шашпай, амалдап ұстай тұру, нарықтың соққысына ұрынып, не істерін білмей қалған жұрттың ес жинап, өз бетінше тірлік жасауына дағдылансын дегені еді. Біртіндеп кооперативтер мен серіктестіктер, шаруа қожалықтары, шағын және орта кәсіпорындар құрыла бастады. Жұртқа жұмыс тауып беріп, күн көрісін жақсарту сол кездің маңызды шаруасы болды.
Бұл уақыт халықтың рухани оянып, еңсесі көтерілген шақ еді ғой. Тәуелсіздікке қол жеткізген елдің санасы сілкініс жасап, тарихтың қатпарында қалған атақты ақындары мен батырларын, билері мен шешендерін іздеп, халықтың атамұрасына, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрпына деген ықыласы ауды. Жұрттың есінде қалған ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату, ас беру, еске алу шаралары жаппай қолға алынды. Мұндай іс-шараларға елдің өзі ынта танытып, үлкен белсенділік көрсетті. Сондай шаралардың қатарына Сарыбай би Айдосұлы, Тайторы Сәке болыс, Өтеп батыр, Найманбай батыр сияқты халықтың асыл ұлдарына ескерткіш орнатылып, ас берілгенін, сондай-ақ есімін ел қастерлейтін Қасымбек Айдарбекұлы, Байжұма Естайұлы сынды азаматтардың рухына арналған жиындар өткізгенін қосуға болады. Сол жылдары ауданның Дегерес ауылында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткізілді.
Осы тұста елі мен жерін жаудан қорғап, ерлігі аңыз, ақылгөй абыз атанған, дара тұлға – қазақтың Қарасай батырына ескерткіш орнату мәселесі туындаған еді. Бұл шапағаты мол шаруаны ауданның әкімі, Қарасайдың тікелей ұрпағының бірі – Жүсіпәлі Нөкетаев өзі қолға алды. Дайындық жұмысы Қарасай атындағы тарихи-этнографиялық қор құрудан басталды. Оған ынталы топ тартылып, халықтан қаржы жиналды. Жүрегінде жалыны, бойында намысы бар азаматтар қаржысын да, күшін де аямай, ескерткіш тұрғызуға барын салды. Батырдың мүсіні де аз уақыт ішінде дайын болды. Ескерткіштің іргетасы қаланып, тұғырға ат үстіндегі алып тұлғалы батыр орнатылып, оның пердесі сыпырылған сәтке дейін үш ай ғана өтті. Сол уақыттың бәрінде ескерткіш орнату жұмысының басы- қасында әкімнің өзі жүрді. Жанын салып, тыным таппады, өзіне де, өзгеге де маза берген жоқ.
Ақыры әкімі бастап, ел-жұрты қоштаған игілікті іс жүзеге асты. 1993 жылғы 23 қазан күні аудан орталығы Ұзынағашта, мәдениет үйінің алдында орнатылған Қарасай бабамыздың ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысты. Бұл ұлан-асыр тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, қуанышқа ортақтасты. Айтыстың көрігі қызды, аламан бәйгенің қиқуы басылмады.
Ұлт рухын көтеру мәселесінде аудан басшысы ретінде Жүсіпәлі Нөкетаев та аянып қалған жоқ. Соның нәтижесінде аудан орталығында отыз көшенің аты қазақшаланды. Бұрын орысша аталып келген бірқатар ауылдар өзінің бұрынғы Бесмойнақ, Қараша, Сұңқар, Аққайнар, Мәтібұлақ секілді атауларын қайтарды. Бұл өзгеріс кейін де жалғасты. Қазір бірнеше ауылда Қарасай батыр атындағы көше бар. Сондай-ақ, бұрынғы «Үлгілі» кеңшары, Куйбышев ауылы бабамыздың есімін иеленді. Ұзынағаштағы орталық Мәдениет үйі де Қарасай баба атында. Жүсіпәлі Нөкетаев аудан тарихында ұлт тағдырын ойлаған, батыл жүректілігімен, ер мінезділігімен танылған азамат ретінде қалады.
Жүсіпәлі әкім болған жылдары ауданнан шыққан бірқатар атақты азаматтардың мерейтойлары, ғарышкер жерлесіміз Талғат Мұсабаевпен жұртшылықтың кездесуі өткізілді. Ұлы жырау Жамбыл бабамыздың 150 жылдық мерейтойына арналған алғашқы дайындық та қолға алынғанын айтқан жөн. Осы шаралардың барлығына өзі араласып, басшылық жасап жүрді.
Тағы бір оқиға ойға оралады. Сол аласапыран тоқсаныншы жылдардың басы. Қастек ауылындағы орта мектептің қабырғалары қарс айырылып, төбесі құлауға айналды. Апатты жағдайда мұнда бала оқыту мүмкін емес. Балалар жеке үйлерде оқытылды. Мектеп салу керек. Ал оған қаржы жоқ. Не істеу керек енді? Бюджет қоржыны бос. Әкімнің өзі облысқа шықты. Қайыр болмады. Инвестор іздеді. Бизнеспен айналыса бастаған азаматтарға қолқа салды. Кәсіпорындар мен жеке кооператив басшылықтарынан қарызға қаржы беруін өтінді. Билігіне де басты, беделін де салды. Көп ұзамай мектеп құрылысы басталып, айналасы бір-екі жылдың ішінде аяқталды-ау әйтеуір. Ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың қуанышында шек жоқ. Жоқтан бар жасап, мектеп салдырып берген әкімге деген олардың ризашылығы шексіз еді. Мына қызықты қараңыз. Бүкіл облыста сол жылы бір ғана мектеп салыныпты. Ол – Қастек орта мектебі. Оқу жылының басталу қарсаңында болған мектептің ашылу салтанаты үлкен мерекеге ұласты. Оған республикалық «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева келіп қатысты. Сол жылы мектептің бірінші сыныбына келген оқушылардың бәріне, ол қордың атынан оқу құралдары мен киім формаларын, өзге де сыйлықтарды үлестірді.
Әкім болып қызмет істеген кезінде Жүсекең жастарды тәрбиелеп, жауапты жұмыстарды соларға тапсыратын. Өзімен бірге қызметтес болған Тоққожа Естенов, Вилли Экк, Айжәмила Аралбаева, Жұмабек Шажабаев, Жолдасбек Нүсіпов, Нұрсұлтан Әкежанов және басқалар өз саласын жетік меңгерген, жауапкершілік жүгін жете сезінген, әрі өзіне көмекші кадрлар болып шықты. Сол жылдары бірқатар шаруашылықтардың тізгінін жас мамандарға ұстатты. Солардың қатарында «Ақтерек» кеңшарының директоры етіп Б.Әлиевті, «Беріктас» кеңшарына Д.Жапаровты, Аманкелді атындағы кеңшарға Т.Шайжүнісовті, Ленин атындағы ұжымшарға А.Жарқынбаевты тағайындады. Жүсіпәлі ұстазының тәрбиесін көріп, мектебінен өткен бұлар секілді жастар бұл күндері әр салада белсенді еңбек етіп жүргені қуантады.
Жүкеңнің көзі тірісінде туған ауылы – Қастекте мешіт салу ойында бар еді. Ол ойын өзі өмірден өткеннен кейін үлкен қызы Жанар мен күйеу баласы, еліміздің сол кездегі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Асқар Мусинов, қызы Динар және өзге де балалары, жерлестері жүзеге асырды. Сөйтіп, өзінің бастамасымен салынған мешіт бүгінде ауыл тұрғындарының Алла тағалаға мінәжат ететін қасиетті мекеніне айналды.
Өмір өз орнында тұрған ба?! Бұл күнде Жүсіпәлі ағамыз да, жеңгеміз Алмагүл де арамызда жоқ. Мына жалған дүниеден жылыстап, бақилыққа аттанып кетті, әттең ерте кетті. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Алмагүл жеңгеміз жан-жарының биіктерден көрінуіне сүйеу әрі тіреу болып, отбасы мен бала тәрбиесінің қастерлі жүгін арқалады. Туған-туыс пен дос-жаранның көңілінен шыққан ардақты ана бола білді. Өмірден өткендерімен артында өрнекті де көрнекті іздері қалды, өздері бағып-қағып өсірген ұл-қыздары, немерелері қалды. Олар да өмірдің сан саласында еңбек етіп, әке мен шеше аманатын жалғастыруда. Қызы Динар Парламент Сенатының депутаты. Әке жолының сабақтастығы бұл.
Биыл мамыр айында Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Жүсіпәлі Нөкетаевтың 75 жылдығына орай Қастек ауылында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен облыстық ашық турнир өткізілді. Оған бірнеше ауданның спортшылары қатысып, озғандары жүлделер мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Сол күні марқұмның рухына бағышталған құран оқылып, ас берілді.
Бұл мерейлі еске алу жиынында ақтарыла сөйлеп, ақ тілегін жеткізгендер көп болды. Қазақстанның халық әртісі, курстас досы Нариман Қаражігітов:
– Осыдан жарты ғасыр бұрын Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына Жүсіпәлі екеуіміз бірге түскен едік. Ақкөңіл өте сыйлы, беделді еді. Кейін мен әншілікке ауысып кеттім. Жүсіпәлі де жақсы ән салатын. Әсіресе, қазақтың халық әні «Шәпибай-ауды» тамаша орындайтын. «Нариман сияқты мен де әнші болар едім, бірақ зоотехник мамандығы жеңіп кетті ғой» деп қалжыңдайтын, – деп өзінің сүйікті досының жақсы көретін әнін орындап берді.
Ал жазушы, бел құдасы Ахат Жақсыбаев:
– Жүсекең бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын, сабыры мол, орнықты адам еді. Көңілі жомарт, құшағы кең болатын. Күні түсіп көмек сұрағандарға «бауырым» деп, жаны ашып, барды бөліп беретін. Қиналғанда, сыналар сәтте намысы қозып, адалдықтан айнымай, айтқанынан қайтпайтын өр мінезді ер екенін әркім де біледі. Осы қасиетін білген соң ел оны «азаматым» деп, ардақтап өтті. Іскерлігін мойындады. Сондықтан сенім артып, билік тізгінін қолына ұстатты. Он бес жылда құда болғандағы жақсы қарым-қатынас, ортақ қуаныштар, жарасымды жөн-жоралғылар еске түсіп, сол жылдарды, бірге өткізген күндерді сағынамын, – деп толғанды.
Жүсіпәлінің жақын бауыры елдің жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қызметкер, профессор Марат Нұриев, республика Жоғарғы Әскери сотының төрағасы Серік Байбатыров, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев және тағы басқалар беделді басшы, қоғам қайраткері Жүсіпәлі Нөкетаев туралы естеліктер айтып, жүрек жарды лебіздерін білдірді. Соның арасында елге еңбегі сіңіп, халық құрметіне бөленген ардақты азаматты есте қалдыру үшін аудан орталығы Ұзынағаштың бір көшесіне және өзі туып-өскен ауылдағы Қастек орта мектебіне Жүсіпәлі Нөкетаевтың есімі берілсе деген ұсыныстар да айтылып жатты. Тиісті орындар мұндай игі ұсыныс-тілектерді ескеріп жатса, әрине, құба-құп.
Жұмаш Арғымбайұлы,
Қазақстан журналистика академиясының академигі, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы