![Сандықтаудан жеткен сарқыт](/article_photo/1500003376_article_b.jpeg)
Сөз басында тұсауы жаңа кесілген фильмнің сюжеттік желісі туралы аз-кем баяндайтын болсақ, негізгі оқиғалар Астанада және елордаға жақын ауылдардың бірінде өтеді. Астанада тұратын қалталы азаматтардың бірі жаңа үй сатып алады. Сүйікті жары, бойжеткен қызы бар отағасы қазақтың жөн-жоралғысын сақтап, қоныстойға ауылдағы туған-туыс, құрбы-құрдастарын шақырады. Бірақ олар ауылдағы ағайындар Астанаға тайлы-тұяғы қалмай, шұбырып келеді деп күтпесе керек?! Қысқасы, қала мен ауыл халқының тұрмыс-салты, менталитеті тоғысқан тұстағы қайшылыққа толы қызықты оқиғалар, қуанышты сәттер фильм сценарийіне арқау болыпты. Ауыл мен қала жастарының арасында тұтанған сезім арқылы махаббат тақырыбы қамтылған. Бұл бір қарағанда таптаурын сюжет, жаттанды сценарий болып көрінуі мүмкін. Алайда өзіміз күнде куә болып жүрген жайттарды, проблемаларды кино тілімен күлдіре отырып сөйлеткенде, еріксіз езуімізге күлкі үйірілді. Оның үстіне, қазақ киносының қоры комедияларға бай деп те айта алмасымыз тағы бар. Бұл орайда, сценарий авторы Нарғыз Ирсалиеваның еңбегін атап өткен жөн.
Фильмде басты рөлдерді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаева, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері Ақыш Омар, Майра Омар, Гүлбаршын Қылышбай, тағы басқалары өз рөлдерін шебер сомдап шықты деуге болады. Инабат Әбенова, Дастан Байбосынов, Жеңіс Әбдіғазин, Сағындық Тоқпаев, Ерғұлан Жанпейісов сынды жастар да аға буынның тасасында қалмауға тырысып баққаны байқалады. Яғни, режиссері Елена Шестакова мен бас продюсері Елена Гомердің жас актерлерге артқан сенімі ақталған.
– Біз ақжарқын мінезімен қала тұрғындарының жүрегін жаулап, жан дүниесін баурап алған ауыл адамдарын көрсеткіміз келді. Мен өзім Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Балқаш ауылының тумасымын, бұл өңір халқының мінез-құлқын жақсы білемін. Бұл жақтың табиғаты әсем, адамдары бауырмал, шынайы. Жаңа фильм арқылы өзім туып-өскен жердің ну орманын, көгілдір көлдерін көрерменге көрсетіп, қызықтыруға тырыстым. Көрермендердің көрсетілімнен кейінгі көтеріңкі көңіл-күйіне қарағанда, мақсатымызға жеткен сияқтымыз,– дейді Елена Гомер.
Бір айта кетерлігі, фильмнің аз уақыт ішінде сапалы түсірілуіне Сандықтау ауданы мен Балқаш ауылының әкімдіктері де қолдау көрсетіпті. Осылайша, Сандықтаудың әкімі Асылбек Исмағамбетов өзі басқаратын ауданның көрікті жерлерін кино арқылы халыққа насихаттап, өңірде туризмді дамытуды көздеген.
Түсіруші команданың жұмысына да қол соққан жөн. Ақпан айында жұмысқа кіріскен олар бас-аяғы бірнеше айда картинаны толық аяқтап үлгеріпті. Сөйтіп, кино маусымы қызатын, үлкен премьералар үлкен экранға жол тартатын тұста көрермен назарына ұсынылып отыр. Премьерасы сәтті өткен туындының көрермендері көп болады деген сенім мол.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»