Ұлттық спорт • 14 Шілде, 2017

Ұлан Рысқұл Қазақ күресі федерациясына қызметке тұрды

675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ұлан Рысқұлдың әкесі Әбдіразақ Ғалым ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты.

Ұлан Рысқұл Қазақ күресі федерациясына қызметке тұрды

Әбдіразақ ағамыздан «Қазақстан барысы-2017» турнирінің ширек финалында ұлдары Ұлан мен Руслан жолығып, інісі ағасына жол берді ме әлде шынымен жеңіліп қалды ма?», деп сұрағанымызда Ұлан биыл «Қазақстан барысында» соңғы рет күрескенін, бұдан кейін Қазақ күресі федерациясында жұмыс істейтіндігін айтты.

– «Қазақстан барысы» турнирінде екі ұлым екі топқа түсіп, финалда жолықса деп үміттеніп едім. Бірақ, жеребе екеуін ширек финалда кезіктірді. Ұлан осы турнирдің алдында Қазақ күресі федерациясына жұмысқа тұратынын айтып, биыл соңғы рет күресемін деген болатын. Қазақта «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без» деген сөз бар ғой. Сондықтан, Руслан үлкенге ізеттілік танытып жартылай финалда ағасына жолын берген болатын, - дейді Ұланның әкесі.

Ұлан Рысқұлдың Қазақ күресі федерациясындағы қызметін нақтылау үшін өзіне хабарласқанымызда жақында федерацияға қызметке орналаспақ ниетте екендігін айтты. Бірақ, нақты қандай қызмет атқаратынын айтқан жоқ.

Айта кетейік, Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» турниріне қатысып, Қазақ күресі федерациясында жұмысқа тұрған екінші балуан атанбақ. Бұған дейін 2011, 2012 жылдары турнирдің жүлдегері атанған Шалқар Жоламанов Қазақ күресі федерациясында төрешілер комитетіне төрағалық қызметін атқарып келеді.

Еске сала кетейік, Ұлан Рысқұл 2011 жылы ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы.

Әбдіразақ Ғалым ағамызбен болған сұхбаттың толық нұсқасын алдағы уақытта сайтымыздан оқи аласыздар.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»