![Қостанай қалалық ішкі істер басқармасында ашық кабинеттер пайда болды](/article_photo/1500028251_article_b.jpeg)
Қалалық полиция бөлімінің бас полицейі, подполковник Мейрам Базарбаев бұл жаңалық өндіріске ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің бастамасымен енгізілгендігін айтты. «Азаматтардың мүддесі үшін қылмыстық процесті оңтайландыру» біріккен пилоттық жобасын жергілікті атқару органдары да құптады. Бұл кабинет полиция жұмысының нақтылығын, тергеу кезінде азаптауға, шындықты айтқызудың басқа да заңсыз тәсілдеріне жол бермеуді қамтасыз етеді.
«Қалалық басқарманың бірінші қабатында екі ашық кабинет ашылды, 21 тергеуші кабинетіне бақылау камераларын орнаттық. Камера түсіріп тұрған жұмыс үдерісінің барлығы онлайн режімімен полиция ғимаратындағы холлда орналасқан кең форматты теледидардан көрініп тұрады. Күдіктінің жақындары, келушілер, прокуратура қызметкері монитор арқылы барлық тергеу жұмысын көре алады», деді Мейрам Базарбаев.
Тәулік бойы видеожазба ықтимал сыбайластықтың алдын алады. Ашық кабинеттердің енгізілуінен кейін полицейлер мен прокурорлар қылмыстық істердің тергелу мерзімі қысқарады және арыз-шағым азаяды деп күтіп отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ