Футбол • 14 Шілде, 2017

2017 жылғы жаздың ең маңызды 5 трансфері

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболсүйер қауымның басым бөлігі биылғы жаздың трансферлік кезеңі басталғалы бері осы сала жаңалықтарына ерекше көз тігіп отырғаны белгілі. Біз бүгінгі күнге дейін ресми түрде жарияланған ең маңызды 5 трансферді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

2017 жылғы жаздың ең маңызды 5 трансфері

«Бавария» Хамес Родригесті жалға алды

Бавария Колумбия ұлттық құрамасы мен мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Хамес Родригесті кейінгі сатып алу құқымен 2 жылға жалға алды. Ол Мюнхенде медициналық тексеруден өткеннен кейін неміс футбол клубымен келісімге қол қояды.  

2014 жылғы Әлем чемпионатында алты гол соғып, үздік бомбардир атанған колумбиялықты «корольдік клуб» сатып алған болатын. Соңғы үш жылда «Реал» сапында екі рет Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. Испания чемпионаты мен Футбол клубтары арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. Жалпы, Хамес Родригес «Реал» сапында 111 матч өткізіп, 36 гол соқты, 41 нәтижелі пастың авторы атанды.

Пепе Түркияға ауысты

Ыстамбұлдың «Бешикташ» футбол командасы Португалия құрамасының қорғаушысы Пепемен (Ке́плер Лавера́н Ли́ма Ферре́йра) келісімге келгенін мәлім етті.

4 шілде күні Ыстамбұлға ұшып келген футболшыны бір топ жанкүйерлер күтіп алды.

Келісімнің мерзімі мен португалиялықтың табысы жөнінде әзірге айтылған жоқ. Бұдан бұрын, футболшының түркиялық клубтан екі жыл үшін 10 млн еуро сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын.  

Айта кетейік, Мадридтің «Реалымен» португалиялық қорғаушы арасындағы келісім мерзімі 2016/17 маусымнан кейін аяқталды. Осылайша, футболшы түріктерге тегін келді.     

Уейн Руни «Эвертонға» оралды

Ливерпульдің «Эвертон» футбол клубы 31 жастағы «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы Уейн Рунимен келісім жасасқанын мәлім етті.

Футболшы мен клуб арасындағы келісім 2 жылға белгіленген.

Руни «Эвертонның» жастар командасында 1995-тен 2002 жылға дейін ойнады. 2002-2004 жылдар арасында негізгі құрамда өнер көрсетті. Содан қазіргі уақытқа дейін «Манчестер Юнайтедтің» намысын қорғады.

Өткен маусымда Руни МЮ сапында 39 матч өткізіп, 8 гол соқты, 10 нәтижелі пас шығарып берді. Оның трансферлік құны шамамен 15 млн еуроға бағаланып отыр.  

Дани Алвес француздың ПСЖ командасына ауысты

Бразилия құрамасының қорғаушысы Дани Алвес жақында Италияның «Ювентусымен» келісімін үзген болатын. Бұрынғы бапкері Хосеп Гвардиоланың шақыруымен «Манчестер Ситиге» өтеді деген сыбыс тарағанымен, футболшы Париждің ПСЖ командасын таңдады.

«Манчестер Сити» 34 жастағы футболшыға екі жылға келісім-шарт ұсынған болатын. Алайда, ПСЖ оған аптасына 260 мың еуро жалақы төлеуге уәде берді. Нәтижесінде бразилиялық ПСЖ мен 2 жылға келісімге отырды.

 «Ювентус» Дуглас Костаны жалға алды

Туриннің «Ювентусы» Бразилия құрамасы мен мюнхендік «Баварияның» футболшысы Дуглас Костаны кейінгі сатып алу құқымен 1 жылға жалға алды.

Жалдау мерзімі аяқталған соң, италиялықтар футболшыны 40 млн еуроға сатып ала алады.

Дуглас Коста 2015 жылы Украинаның «Шахтёрынан» «Баварияға» ауысқан болатын. Екі маусымда ол немістер сапсында 50 матч өткізіп, 8 гол соқты.