Аймақтар • 15 Шілде, 2017

Таразда архив құжаттарының көрмесі өтті

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен облыстық көрме залында «Мөр – тарих таңбасы» атты архив құжаттарының көрмесі мен дөңгелек үстел өтті.

Таразда архив құжаттарының көрмесі өтті

 Көрмеге келген көпшілік мөрдің шығу тарихы және қалыптасуы туралы мәтін мен Әулиеата өңірінің тарихынан сыр шертетін ауқымы бір ғасырды қамтитын құжаттарға басылған мөр үлгілерімен танысты. Оның айналасына қазақ хандарының мөрлерінің көшірмелері де айшықталып, көрме маңызын арттыра түсті. Дөңгелек үстелді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Сара Қабылбекқызы өз сөзінде мөр мемлекеттік ғана емес, жекелеген адамдардың да тарихы екенін, сондай-ақ құжаттардағы мөрлерді өңдеп, көрерменнің назарларына ұсыну үшін арнайы жабдықтар мен мамандар қажет екенін атап өтті.  
   Сонымен қатар, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов, ардагер журналист, өлкетанушы Мәскеу Ноқрабеков, облыстық кино орталығының директоры Нұрхат Серікбаев көрме жайлы өз пікірлерімен бөлісті. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева мөрлердің тарихын ендігі кезекте музей қызметкерлері де тереңірек зерттейтінін айтып өтті.
  Өз сөзінде Қазақстанның Құрметті журналисі, идея авторы Мақұлбек Рысдәулет «Мөр көрмесін өткізу өте сирек кездеседі. Бүгінгі таңда мөрдің тарихымен сфрагистика деп аталатын ғылым айналысатындығын айта кеткім келеді. Бұл салада біздің елімізде де нақты жұмыстар көп атқарылған емес. Соған қарамастан осы саланың дамуына кішкентай да болса үлес қосу үшін архив қызметкерлері екі-үш жылдан бері талмай, қажымай еңбек етті», деп көрме мөрлері туралы баяндады. Облыстық архив қызметкерлері Назым Қожамарова мен Сағындық Зейнуллаұлы көпшілікке мөрлерді жеке-жеке таныстырып, олардың тарихын әңгімеледі.   

Хамит Есаман,

"Егемен Қазақстан"