Аймақтар • 15 Шілде, 2017

Қызылорда облысында 268 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

113 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында 268 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 пайызға артық.

Қызылорда облысында 268 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Тұрғын үй құрылысы көлемі бойынша облыс Астана, Алматы қалаларымен және Маңғыстау облысымен бірге көшбасшылар қатарында. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың есепті сессиясында мәлімдеді.

«Халықтың өздерінің жеке тұрғын үйлерінің көлемі де 74%-ға өскенін айта кету керек. Бұл жалпы халықтың өмір сүру деңгейінің артқанын білдіреді. Биыл біз «Қызылорда - Жезқазған» трассасының бойында тағы 150 га учаскенің түбегейлі жоспарлау жобасын әзірлеуді аяқтадық, бұл тағы 1200 отбасының өз тұрғын үйлерін салуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Өңір әкімдігінде хабарлағандай, несиеге берілетін тұрғын үйді халыққа анағұрлым қолжетімді ету үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның несие беру кезіндегі бастапқы жарналарын 30%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесі талқылануда.

«Халқымыздың әлеуметтік-осал топтарының мүдделерін қорғау мақсатында да бірқатар шаралар атқарылып жатыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жағдайды бақылауда», - деді Қырымбек Көшербаев.

Биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік қаражат есебінен 980 пәтерге арналған 19 тұрғын үй пайдалануға берілген, жыл соңына дейін барлығы 1809 пәтерге арналған 41 көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның 11-і халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына арналған (жалға берілетін тұрғын үй).