Аймақтар • 15 Шілде, 2017

Оңтүстік Қазақстанда су электр станциясы іске қосылды

998 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданында «Манкент» шағын су электр станциясы іске қосылды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстанда су электр станциясы іске қосылды

 

Халықты тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтитын су электр станциясының ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Ақсу-Энерго» ЖШС-нің директоры Анарбек Орман қатысты. «Ақсу Энерго» ЖШС-нің бұл жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Бұл станция жылына 2,5 МВт  электр қуатын өндіруге қауқарлы. Жоба құны 283 млн теңге болатын кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған. Облыста күн, жел, су энергиясының әлеуеті жоғары екенін айтқан әкім, дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жаңа энергетиканы да дамыту қажеттігін атап өтті.

«Биыл Астана қаласында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі техникалық жетістіктермен, жаңартылатын энергия көздерінің молдығымен, ғылымға ұмтылудың маңыздылығымен бүкіл әлемнің назарын аударуда. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2050 жылға дейін жаңартылатын энергия үлесін 50 пайызға дейін көбейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі іске қосылған электр станциясы таза электр энергия өндірумен қатар, энергия ресурстарын үнемдеуге бағытталған», - деді әкім өз сөзінде. Жалпы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі  тұжырымдамаға сәйкес, Сайрам ауданында  2 жоба іске қосылып отыр.

«Ақсу Энерго» ЖШС-і 2014 жылы «Күн нұрынан электр қуатын өндіретін қуаттылығы 1МВт болатын «Ақбай» электр станциясын іске қосқан болатын. Құны 300 млн теңге болатын электр станциясы 2016 жылы 987,166 МВт энергия көзін өндірген.

Екі жоба толық қуаттылықта жұмыс істеген кезде ауданның энергия көзіне деген сұранысының алтыдан бір бөлігін қамтитын болады.