Аймақтар • 16 Шілде, 2017

Тарбағатайда ұлы Абай мен Дәулетбай батырға еңселі ескерткіш қойылды

789 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Барқытбелдің баурайында, қасиетті Тарбағатай жерінде, бұрынғы аудан орталығы – Ақжар өңірінде елдің көңілін серпілткен бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Тарбағатайда ұлы Абай мен Дәулетбай батырға еңселі ескерткіш қойылды

Ең әуелі Ақжар ауылының қақ ортасында ұлы Абайдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатты өтті. Салтанатты рәсімге ауданға еңбегі сіңген азаматтармен қатар ұлылар мекені - Абай елінен арнайы келген қонақтар аудандық Мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Елдар Оразалин мен қаламгер Әсет Мырзақасым қатысты.

«Алаштың ғана емес, адамзаттың ақынына айналған Абай ескерткіші Парижде бар, Мәскеуде бар, Бейжіңде бар. Жалпы, ұлы ақынға еліміздің қай қаласына, қай ауданына, қай ауылына ескерткіш қойсақ та артықтық етпейді. Өйткені, Абай – барша қазақтың Абайы», - деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ескерткіштің ашылу салтанатында.         

Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 7 метрді құрайтын ескерткіштің авторы – Тарбағатайдың тумасы, есімі елге белгілі суретші Әлібек Шоқанов. «Бұл – менің Тарбағатай ауданындағы екінші Абайым. Былтыр Ақсуат ауылында һәкімнің мүсіні қойылған болатын. Ескерткішті сомдауға екі ай уақыт жұмсадым. Әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Ұлы ақынға бұған дейін қойылған ескерткіштердің барлығын мұқият қарап шықтым. Данышпанның ойлы кейіптегі бейнесін көрсетуге тырыстым. Жүрек тұсында – оң қолы, сол қолында – кітабы. Сондықтан бұл жерге келген адам ақынның өлеңдерін, қара сөздерін еске алып, тұлға рухына бас иеді деп ойлаймын», - дейді ол.

Бұл күні Ақжар ауылындағы «Балауса балғын» балабақшасы аумағында екі бірдей жылыжай кешені салтанатты түрде іске қосылды. Қос жылыжай бүгінде 200-ден астам балғын тәрбиеленіп жатқан тәрбие ошағындағы бөбектерді ғана емес, елді мекен тұрғындарын арзан бағадағы қияр және қызанақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар балабақша жанынан үш тілде білім беретін арнайы орталық пен гүл сататын дүкен ашылыпты. Бұл дүкен қазіргі уақытта ауыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл Тарбағатай өңірін гүлмен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Сатылымға шығарылатын гүлдердің барлығы осы жерде өсіріледі екен.

Осында 35 жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан балабақша меңгерушісі Алмагүл Құсайынова жыл он екі ай жұмыс істейтін жылыжайда жылына 7-8 мәрте өнім алынатынын, тәрбие орны аумағында тігін цехы да бар екенін, алдағы уақытта мұнда аудан әкімдігінің қолдауымен құс фабрикасын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты. «Құдайға шүкір, соңғы жылдары ауданымызда бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Барқытбел баурайында Елбасының «Балапан» бағдарламасы 100 пайызға орындалып жатыр деуге болады. Барлық ауылда балабақша жұмыс істейді», - дейді балабақша меңгерушісі.

Сонымен қатар Ақжарда белгілі журналист, қаламгер, ұзақ жылдар облыстық «Рудный Алтай» газетінде қызмет атқарған Шәкерхан Әзмұханбетовтің  «Үкілі найза ұстаған үш Байжігіт» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Алтай-Тарбағатай – қасиет қонып, құт дарыған өңір. Бұл аймақ өзінің ел өміріндегі рухани рөлін ешуақытта төмендеткен емес. Тарбағатай – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел мен жерге қалқан болған өлке. Осындай тарихты қағаз бетіне түсіру, тасқа бастыру – өте жауапты іс. Бұл еңбекті Тарбағатай өңірінің ғылыми энциклопедиясы деуге де болады», - деді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған белгілі саясаттанушы, осы өңірдің тумасы Ерлан Сайыров.

Шара соңында аудан әкімі Д.Оразбаев кітап авторына «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті.

 Дәл осы күні Маңырақ ауылында да бірқатар игі шаралар өтті. Шараның ең үлкені - Қаракерей Қабанбайдың немере інісі, әрі үзеңгілес серігі болған, Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында ерлігімен көзге түскен Дәулетбай батыр мен баһадүрдің ұрпағы, ақын Әрімжан Жанұзақұлына еңселі ескерткіштің қойылуы. «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында бой көтерген қос ескерткіштің ашылу салтанатына ауданның зиялы қауым өкілдері, елге сыйлы ақсақалдар қатысты. «Бүгін Маңырақ ауылында үлкен қуаныш. Ақын бабаларымызға, батыр бабаларымызға ескерткіш қойылып жатыр. Бұл - келер ұрпаққа қажет дүние. Ұлтқа керек ұлағатты іс. Ескерткіш қойып, еңсе көтеріп отырғанымыз - елдіктің, егемендіктің арқасы», - деді бірі қаруымен, бірі қаламымен елге қамқор болған тұлғалардың мүсінінің ашылу салтанатына қатысқан Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің екі мәрте иегері Бағдәулет Қайсанов ақсақал.

Бұдан кейін береке-бірлігі жарасқан Маңырақ ауылында жеке меншік-мемлекеттік әріптестік аясында бой көтерген 100 орындық балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Тәрбие ошағын салуға 20 миллион теңге қаржысын жұмсаған осы ауылдың тумасы Қайрат Рақышев балабақша әуелде 30 орындық болғанын, кейіннен кеңейтуге шешім қабылдағанын, қазір бұл жерде 20 адамның жұмыспен қамтылғанын айтты.  

Қазіргі уақытта Тарбағатай ауданының 55 ауылының барлығында балабақша бар. Мектептердің жанында 20-дан астам шағын орталық жұмыс істейтін көрінеді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев келешекте мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында аудандағы шағын орталықтарды азайтып, мектептер жанындағы жылыжайлар санын арттыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.  Қазіргі уақытта ауданда 15 жылыжай болса, келер жылы мектептер жанынан тағы да 4-5 жылыжай ашу жоспарланған. Жылыжай біріншіден, балалар мен оқушыларды қысы-жазы көкөніспен тегін қамтамасыз етсе, екіншіден, мектептің өзі де табыс табады. Тапқан қаражат мектептің қажетіне жұмсалады.

«Бүгін өздеріңіз көрдіңіздер, бұрын аудан орталығы болған Ақжар өңірінде бір емес, үш бірдей ескерткіш, екі жылыжай, бір балабақша ашылды. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының бұл мақаласы шын мәнінде елдегі азаматтардың жігерін жанып, үлкен серпін берді. Туған жерге деген құрметін арттырды. Биылдың өзінде ауданымызға 200 миллион теңгеден астам жеке меншік инвестиция салынды. Кеше ғана Екпін ауылында кәсіпкер Дулат Тастекеев 15 миллион теңгеге бір көшені толықтай асфальттап берді. Бір кәсіпкер көшені жарықтандырып беремін, енді бір азамат мектептің төбесін жөндеймін деп жатыр» деген аудан басшысы жақын күндері Ақсуатта «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық айтыс ұйымдастырылып, Сасан би мен Тана мырзаға ескерткіш қойылатынын айтты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы

Суреттерді түсірген автор