07 Қазан, 2011

Адами капиталды қалыптастыратын фактор – білім

451 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЕурАзЭҚ білім министрлері жасаған түйін осындай болды Еуразия экономикалық қауымдастығының Интеграциялық комитеті жанындағы Білім жөніндегі кеңесінің 20-шы отырысы және академиялық ұтқырлық проблемалар бойынша халықаралық семинар Қазақ елінің елордасында өтті. Бұл жиынға ЕурАзЭҚ білім министрлері: Қазақстан Республикасынан – Б.Жұмағұлов, Ресей Федерациясынан – А.Фурсенко, Беларусь Республикасынан – С.Маскевич, Қырғыз Республикасынан – Қ.Садықов, Тәжікстан Республикасынан – А.Рахмонов қатысты. Алғашқы сөзді Бақытжан Жұм­ағұ­лов алып, 1994 жылы Мәскеу университетінде Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың «Еуразиялық одақ» тұжы­рым­да­масын жария еткенін, алғашқы кезде бұл идеяның байыбына бармағандар­дың болғанын, оның бір себебі, сол тұста экономикалық реформалардың әрқилылығы бел алып тұрғанын, тіпті бұл бастамаға сенімсіздік таныт­қан­дар­дың төбе көрсеткендерін айта келіп, кейін қолдаушылардың көбейгенін алға тартты. Шынында, бұл идеяның негізі өткен ғасырдың 20 жылдарда қаланғаны мәлім. Оның арқауын салғандар Г.Вернадский мен Л.Гумилев болғаны белгілі. Содан бері 100 жылға таяу уақыт өткен еді. Бүгінде еуразиялық интеграция туралы сөзден іске көштік. Қазіргі уақытта мемлекетаралық механизмдер жұмыс істеп жатыр. Нақтылай түссек, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Ұжым­дық қауіпсіздік шарт ұй­ымы, Кеден одағы. Енді бірыңғай экономикалық кеңес өмірге келетін болады. Осылардың бәрі ха­лық­тар­дың, оның ішінде Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері бас­шы­ларының жігерлі еңбегінің арқа­сын­да жүзеге асып отыр. Бұл озық идеяның көш­басында тұр­ған Нұрсұлтан Назар­баев­тың көрегендігі және көтерген баста­ма­ларының мүлтіксіз іске асуы оның пас­сио­нарлы тұлға екенін сөзсіз дәлелдейді, деді Б.Жұмағұлов. Ол бұдан кейін еліміздегі білім беру ісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен әріптестерін хабардар етті. Өткен ғасыр­дың 90-шы жылдарындағы ауыр кезеңде жүздеген балабақшалардың жабылып қал­ғанын, қазір соның орнын толтыру үшін заманға сай балабақшалардың көптеп са­лынып жатқанын, Елбасы тапсырмасына орай «Балапан» бағдарламасының жұмыс істеп жатқаны туралы нақты дәйектер келтірді. Соның бірі ретінде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 41 пайызға өскенін, мектепке дейінгі балаларды қамту көр­сеткіші 55 пайызға, аймақтарда бұл 90 пай­ызға жеткенін тілге тиек етті. 2020 жылы республика бойынша бұл жұмыс 100 пайыз орындалатынын да меңзеді. Сол секілді мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік тетігі де іске қосылып жатқанын, орта білім беру жүйесінде 12 жылдыққа көшуге байланысты біраз жұмыстардың атқа­рыл­ғанын айта келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің желісі әлемдік үрдіске сай білім берудің жаңа тетіктерін әзірлеп, іске асыруда. Биылдан бастап білім сапасына мемлекеттік бақылау вертикалі енгізілді. Орта және кәсіптік-техникалық білім беру қызметі жергілікті органдардың құзы­ре­тін­де қалды. Педагог мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлудеміз. Жалақының өсуі­мен қатар, мұғалімдерді қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жасалуда. Жоғары оқу орындарында болашақ педагогтарды даярлауға талаптар күшейді. Бұл ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арт­тыруға негіз болады, деген министр 9 мем­лекеттің өкілдері қатысқан халықаралық семинарда жаһандану заманындағы адами капитал ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Адами капитал – инновациялық эконо­ми­ка мен білімді дамытуды айқындайтын факторға айналып отыр. Ендеше, адами капиталдың негізгі факторы білімде жа­тыр. Соңғы жылдары әлемдік тәжірибе көр­сеткендей, жоғары білімде жетекші ба­ғыттардың бірі – академиялық ұтқыр­лық­ты дамыту, деген Б.Жұмағұлов, ТМД ел­дерінің арасында Қазақстан бірінші болып мамандарды бакалавр-магистр-доктор PhD жүйесі бойынша үш деңгейлі дайындауға көшкеніне, «Болашақ» бағдарламасы бой­ын­ша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқ­та­лып, өткен жылдан бері әлемдік үрдісте білім бере бастаған Назарбаев универ­ситетінің жетістіктерімен таныстырды. Бұл білім ордасындағы оң қадамдар бірте-бірте отандық өзге де жоғары оқу орын­да­рын­да жүзеге асатынын, студенттердің ішкі және халықаралық академиялық ұтқы­р­лығын мемлекеттік қолдау тетігі енгізілгенін алға тартты. Біздің Болон процесіне енуі­міз, соған сай тиісті заңнама қабыл­дауы­мыз, ЕурАзЭҚ шеңберінде байланыс орнатуымыз академиялық ұтқырлықты да­мытуға жол ашты, деді Бақытжан Тұр­сынұлы. ЕурАзЭҚ Бас хатшысының орын­ба­сары Мұрат Мұсатаев бес мемлекеттің білім саласын басқарып отырған министр­лердің бұл басқосуы дер кезінде болып жатқанын, білім мен ғылым саласында біліктілікпен жұмыс істеу қашанда өз жемісін беретінін атап өтті. Ал Кеңеске төраға­лық еткен Ресейдің білім министрі Андрей Фурсенко оқу ісіндегі рейтинг туралы өз ойын ортаға салып, бұл студенттерге де, мұғалімдерге де, ата-анаға да қатысты екенін білдірді. Ол сонымен бірге білім стандарты туралы да ой қозғады. Беларусь Республикасының білім министрі Сергей Маскевич ұтқырлықты дамыту және қай уақытта да білім беру бірінші кезекте тұ­руы тиіс екенін, бәсекелестік экономикада ғана емес, білімде де болу қажеттігін атаса, Қырғызстанның білім министрі Қанат Садықов білім сапасындағы бірегейлік ту­ралы өз байламын жұрт талқысына ұсын­ды. Жиында білім бағдарламаларын өзара тану, білім туралы құжаттар, ЕурАзЭҚ-тегі ғылыми дәреже мен ғылыми атақ мә­селелері, ғылыми кадрларды әзірлеу, кредиттік оқыту моделі, академиялық ұлттық мәселелер қозғалды. Мұнымен қатар министрлер бірлескен мәлімдемеге қол қой­ды. Онда білім жүйесі интеграциясын әрі қарай жалғастыру, білім қызметін үй­лес­тіру жөніндегі ұлттық заңнама негіздерін үндестіру, нормативтік-құқықтық актілермен алмасу жөнінде ортақ келісім ай­қындалған. Халықаралық семинарда Еуразия ке­ңістігі елдерінің жоғары оқу орындарында білім алушылардың академиялық, ұтқыр­лық проблемалары жөнінде тәжірибе ал­ма­сып, аймақтық ынтымақтастық страте­гия­сы қарастырылды. Негізгі талқыланған мәселелер ECTS типі бойынша ұлттық кредиттер жүйесін енгізу, академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру мәселелері бол­ды. Семинар жоғары оқу орындары ректорларының Тараз декларациясына қол қою рәсімімен аяқталды. Алқалы жиынның соңында бес мем­лекеттің білім министрлері баспасөз мәс­ли­хатын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берді. Онда көтерілген басты мәселе әлемдік білім кеңістігіне кіру барысына оқу жүйесіндегі түйткіл­дер­ді бірлесе отырып шешу жұмыстары алға тартылды. Әсіресе, өзге мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алған аза­маттардың дипломын тану, студенттер мен оқытушылар алмасу, ғалымдардың әлем­дік деңгейдегі еңбектерін білім үрдісіне бірлікте қолдану жайы сөз болды. Сондай-ақ, бұрын ортақ білім кеңістігінде болған елдердің арасындағы жақсы үрдістерді жалғастыру, өсіп-өркендеу биігін дәйек­тей­тін ортақ рейтинг қалыптастыру жайын да тілге тиек ете келе адами капиталды қалыптастыратын басты фактор – білім деген байламдарын нық білдірді. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.