Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Астыққа орақ түскен шақ

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Берекелі күз айлары да таяп қалды. Биылғы ауа райы еліміз­дің диқандары үшін күрделі болатын түрі бар. Таби­ғат бұрын-соңды болмаған тосын мінез танытуда. Бір жер­­де жұмыртқадай бұршақ жауса, екінші бір жерде күн күй­діріп тұр. Осыған қарағанда, өсіп келе жатқан ас­тық­ты шашпай-төкпей жинап алу оңайға соқпайтын секілді.

Астыққа орақ түскен шақ

Республикада астық жи­нау науқаны Оңтүстіктен бас­тау алады. Шілде түсісімен оңтүстікқазақстандық диқан­дар орақ салып, қазір бұл науқан аудандарда қызу жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыз болғанына қарамас­тан шаруалар биыл мол өнім аламыз деп отыр. 

Иә, рас былтырғы күздің жауын-шашынды болуы, ал әдетте наурыздың басын­да шығып кететін көктем­нің кеші­гуі шаруаға үлкен қолбай­лау болды. Сол себеп­ті өңірде астық жинау 10 күн­ге кеш басталды. Ауыл шаруашылығы басқар­масы­ның берген мәліметі бойынша биыл облыста 218 мың гектар жерге бидай мен арпа егілген. Есеп бойынша одан 401 мың тонна астық жиналады, ал, биология­лық түсімі 18,5 цент­нер болады деген болжам бар. 

Астықтың биылғы түсімі Сайрам ауданында жоға­ры болып тұр. Мәселен, аудан­дағы ірі астық өндіру­ші шаруа­шылық «Қайнар-Астық» серіктестігінде гек­тарына 30 центнерден келіп отыр. Серіктестік биыл 1600 гек­тарға бидайдың «Крас­но­водопадская-210» сұрпын еккен. Шаруашылық бас­шы­­­­ларының айтуынша, ас­тық жинау науқаны енді бірер күннен кейін аяқ­та­лады. Серіктестікке қарасты «Нұркөл» өндірістік коопе­ра­тивінде бидай «Фергуссон», «Енисей» комбайндарымен жиналуда. Диқандарға арнап егістік басына дала қосы тігілген. Орақшыларға күніне екі мезгіл ыстық тамақ, бұдан бөлек  салқындатылған су­сын­дар беріледі, тіпті мұн­­да жылжымалы монша да қыз­мет етеді екен. Қалып­тас­қан тәжірибеге сә­й­кес ас­тық орылып біт­кен жер қат­пай тұрып жыр­ты­ла­ды. Бұл қызметті шаруа­шы­лық­тың меншігіндегі «Джон Дир» тракторлары атқарады. 

Биыл оңтүстікте арпа көп егілді. Бұған бидай егушілерге берілетін субси­дияның тоқтатылуы себеп болып отыр. Жалпы, облыс бойын­ша ақ егіс егуден бәйді­­бектіктер озып тұр. Мұн­да биыл 40 мың гектарға дән себілген. Бұдан кейін­гі орын­да – 38 мың гек­тар жерге бидай ек­кен қазы­ғұрт­тық шаруалар.
Еліміздің Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан секілді астықты облыс­тарын­да әлі егіске орақ түсіру үшін біраз уақыт бар. Қазақстан астығы­ның биыл қандай деңгейде болатындығын осы өңірлерден алынған өнім көлемі шешетіндігі белгілі. Алдын ала болжамдарға қарағанда, биыл 17-18 мил­лион тонна көлемінде астық алы­нуы тиіс. Бұл, әрине, был­­тыр­ғы мол астыққа (20,6 мил­лион тонна) қарағанда бі­раз төмен көрсеткіш. Деген­мен, соның өзінде 8,5 мил­лион тоннаға дейін ас­тық­ты экс­портқа шығаруға бола­ды екен. Қалғаны елдің ішкі қа­жеттілігіне жұмсалмақ.

Ендігі диқандарды тол­ғандыратын ең үлкен мәселенің бірі – астық бағасының қалай болатындығы. Сарапшы­лар­дың мәліметінше, өткен маусым айында Англия мен Францияда бидай бағасы көтеріле түссе, АҚШ-та күрт шарықтап кеткен. Мәселен, 26 мамыр – 30 маусым ара­лығында 1 тонна бидайдың бағасы биржалар бойынша Лондонда 102,4 пайызды, Парижде 106,9 пайызды құрағанда, Чикагода 120 па­йыз деңгейінде қалыптас­қан. Бұл, әрине, астық экспорты­на белсене қатысатын Қазақ­стан үшін қуанарлық мәлі­мет. Дегенмен, әлемдік ас­тық нарығының сарапшылары баға мәселесінде биылғы жылы тұрақсыздық етек алып кетуі мүмкін екендігін де ескертіп отыр. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

 «Егемен Қазақстан»