Медицина • 17 Шілде, 2017

Нарушима Минами: Домбыра өмірге құштарлығымды оятты

184 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін күн сайын тыңдап сол туралы жазбаларын ғаламторға түсіріп отыратын жанды білесіз ба? Бала кезінен ән-күйдің ырғағымен тәрбиеленіп, болмаса кәсіби музыкант болса бір сәрі. Ал қазақтың өнерімен бертінде танысқан оның үстіне басқа ұлт өкілі болса ше. Таңданасың және ризашылық білдіресің. Нарушима Минами осындай жан. Ол әрбір қазақ әншісінің өзіндік ерекшеліктеріне мән берумен қатар, жыршы-жыраулар шығармаларын, ұлттық аспаптарды зерттеумен айналысады. Жақында сол Минами санмен әңгімелесу сәті түскен еді.

Нарушима Минами: Домбыра өмірге құштарлығымды оятты

– Минами сан, ғаламтордағы парақ­шаңызды алғаш көргенде, сізді қазақ деп ойлағаным рас. Тіпті қазақ өнерпазының бас киімінің ою-өрнегін де суреттеп жазады екенсіз. Күншығыс елінде, сакура саясында өскен қыздың  домбыра сазына елтуіне не себеп болды?

– Иә, қазақтың өнеріне қатты қызы­ға­мын. Қазақстанды көрмесем де, қазақ тілін жақсы білмесем де, күн сайын көш­пен­ділер мәдениеті туралы ақ­паратпен оянып, дала халқының дәс­түр­лі ән-күйін тыңдап барып, тәтті ұйқыға кетемін. Еш­кім мені «Сен қазақты сүй!» деп үгіттеген емес. Қазақ өнеріне табыну жү­рек қалауымнан туған. 

Қазақтың өнер әлеміне деген құшт­ар­лығым студент кезде, 2005 жылы бас­талған. Теледидардан Жібек жолы ту­ралы деректі фильм көрсетіліп жатты. Соның ішінде Қытайдағы Шынжаң өлкесін мекендейтін көшпенділер өмірі маған ерекше әсер етті. Айналасы тұнған сұлулық, жазиралы кең дала, жасыл алқап. Моңғолдың үйіне ұқсас киіз үйде топ кісі отыр. Бұлар моңғол емес, қазақ екенін жүргізуші хабарлады. Мен өмірімде алғаш рет ғажайып мәдениеттің иесі қазақ деген ұлттың бар екенін білдім. 

– Сонда бір-ақ білдім дейсіз ғой...

– Жібек жолы туралы фильмінен киіз үйдегі қазақтарды көргенде «жапоннан аумайды екен-ау» деп ойладым. Және бір байқағаным, қазақтың қыздары да, жігіттері де шетінен сұлу. Ерекше әсер еткен екінші көрініс, тек жастар ғана емес, қарияларға дейін ат құлағында еркін ойнайды. Қазақтың ер-тоқымынан бастап, ат әбзелдері түгел күміспен зерленген, ерекше көркем. Үшіншіден, деректі фильмдегі қос ішекті домбырадан төгілген ғажайып күй мені баурап алды. Осы аспаптың жанға жағымды үнін тыңдай бергім келеді. Қазақты жақсы көруге ықпал еткен тағы бір көрініс, ол қыздың салтанаты жарасқан үкілі сәукелесі еді.

– Ал қазақтың музыка әлеміне деген құштарлыққа не түрткі болды?

– Екінші курста үйде ерігіп, ғалам­тор­дан әлемнің әр түкпірін шарлап отыр­ғанмын. Кенет бұрын теледидардан көр­ген домбыра есіме түсіп, аспаптың суретін іздеуге көштім. Іздеу желісіне «dombra» деп жазып едім, бір топ сурет шыға келді. Одан соң музыка жазылған желіге ауыстым. Әрі қарай домбыра үнін барынша шығарып, беріле тыңдадым. Қиялым көкке самғап, көкірегімді бір сағыныш сезім кернеді. Домбыраның ғажап үнін елти тыңдаған мен көз жасыма ерік бердім. Егер бұған дейін өмірім сұрғылт, мәнсіз болса, домбыра өмірге деген құштарлығымды оятты. Сол сәтте мен бұл дүниеде тіршілік кешудің бақыт екенін ұқтым. Содан бастап күн сайын қазақ мәдениетіне, дәстүрлі ұлттық музыкасына қатысты дүниелерді ғаламтордан іздеп, күн сайын тамашалайтын болдым. 

– Мамандығыңыз өнермен байланысты ма? Өзіңіз қандай музыкалық аспапта ойнайсыз?

– Университетте ағылшын тілі бойынша мамандық алып шықтым. Кішкентай кезімде электронды пианинода ойнауды үйрендім. Классикалық дәрежеге жетпесем де, әлем халықтарының түрлі әуендерін, заманауи туындыларды еркін меңгердім. Пианино жан қалауым емес еді, сондықтан жоғары деңгейде білім алғаным жоқ. Бірақ бұл аспап әлем халықтарының сан алуан сазын тыңдап, музыканы түсінуге деген түйсігімді оятты.

– Қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін Жапонияға насихаттап жүр­ген әнші Такахаши Наокиді білетін шы­ғарсыз? 

– Такахаши санмен 2008 жылдан бері араласамын. Оны алғаш рет ғаламтордан көріп, «неткен мықты жапон» деп ойладым. Содан ғаламтор арқылы хат жазысып, достасып кеттік. Такахаши санға жолығып, домбыра тартуды үйрендім, бірақ әрі қарай күй шерту дәрістеріне қатыса алмадым. Өйткені, екеуміздің үйіміздің арасы алшақ. Менің үйімде, төрде бір домбыра тұр. Оны жеке өмі­рім­нің бөлшегі деп білемін. Болашақта қазақ күй­лерін жақсылап меңгеріп алсам деген ниетім бар. 

– Музыкадан хабардар екендігіңіз қазақтың әнші-күйшілерінің шы­ғар­ма­шылығына қатысты жаз­ған­да­ры­ңыз­дан-ақ көрініп тұр ғой. Сізге қай өнер адамының шығар­ма­шылығы кө­бі­рек ұнайды?

– Нұрғиса Тілендиев. Ұлы компо­зитор ғажайып күйлерден бөлек, қан­­шама сырлы сазды әндер жазды де­се­ңізші! Композитордың фильм, пь­еса­ларға, оркестр­ге арналған музыка­лық шы­ғармалары да тыңдаушы жаны­на ай­­рықша әсер етеді. Нұрғиса Тілендиев туын­дыларының қайсысын тыңдасаңыз да драмалық пафос, жанға жағымды әуезімен адамды елтітетін, ғажайып әлемге бойлататын күшке ие, тыңдаған сайын керемет әсерге бөленесіз. Тілендиев әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға. 

Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Ата толғауы», «Аққу», «Саржайлау», «Құстар әні» сияқты туындылары жадымда жатталып қалды. «Құстар әнін» 1983 жылы жапонның атақты әншісі Ицуки Хироши жапон тілінде орын­даған. Композитордың «Ақсақ құ­лан» аңы­зының желісімен жасалған фильмге жазған музыкасы ғажап қой! Дүниежүзі композиторларының ішінде Нұрғиса Тілендиевті бәрінен биік қоямын. 

– Ғаламтордағы қазақ мәдениеті, өнерпаздары жайлы тұшымды пі­кір­ле­ріңізді оқып жүрміз. Көш­пен­ділердің мәдениет әлемі туралы айтқанда көсіле сөй­лейтін санаулы жапонның бірі сіз­сіз. Ал қазақтың ұлттық мінезі туралы не айтасыз?

– Мен еліміздегі өтетін қазақ дәс­түрлі өнеріне қатысты іс-шараларға үз­бей қатысамын. Жапониядағы қа­зақ музыкасының концерттері мен көр­ме­ле­рі­не ата-анамды да тіпті достарымды да ертіп барамын. 

Жапонияға келген қазақтармен кездесу мүмкіндігі туса жіберіп алмауға тырысамын. Қазақтармен тілдесе келе ұққаным, олар көпшіл, алғаш кездескенде-ақ ішіндегісін жасырмай айтатын ақкөңіл. Тағы бір ұққаным, сағатпен межелеу, уақытпен мөлшерлеу деген қазаққа жат. Кездесуге кешігіп барсаң да ренжімейді. Алдын  ала белгіленген қатаң жоспармен жүргенді ұнатпайды. Өйткені, қазақ деген шектеулі шеңбер, тар аяны қаламайтын, еркіндік сүйгіш ел. Меніңше, қазақтар саудаға аса епті емес, ойлы, сабырлы келеді. Қазақ үшін сауда жасап, пай­да тапқаннан гөрі сатып алушымен жа­қынырақ танысып, достасқан ар­тық. Бұл қазақты жапоннан ерекшелеп тұр­ған басты қасиет десек болғандай. Қа­зақ­тар достыққа адал, мен бұны әркез бай­қап жүремін.  Маған қазақтың бойын­да жапонда жоқ даналық жасырынып жатқандай көрінеді... 

– Суреттеріңізде атпен түскен сәттер көп екен...

– Иә, жылқы деген мүсіні сұлу жаратылыс қой. Өзім атқа мінгенді де, жал-жая жегенді де жақсы көремін. Қазақ жапоннан гөрі тұлпарға біртабан жақын халық. Осы тұрғыдан сіздерге қатты қызығамын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Шарафат Жылқыбаева