Медицина • 17 Шілде, 2017

Арбалғандар ісінің ақиқаты

250 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алла тағала жаратқан пен­десіне жамандық тілемейді. Бірақ адамның өзі адасайын десе, не шара. Әсіресе, дұрыс жолды біле тұрып, қасақана бағытын өзгертсе, сөйтіп өзгелерге зиянын тигізетін теріс ниетті таң­даса – адасудың нақты бел­гісі сол болмақ. Демек, өз­ге­лердің арбауына алданып, теріс жолға түсудің сал­дары кешірімге жатпай­ды. Өйткені, бұл жолда ол адам талайға зиян да, қауіп-қатер де төндіретіні күмәнсіз.

Арбалғандар ісінің ақиқаты

Біздің кейіпкеріміз 2010 жылдан бастап дінге бет бұрды. Бірақ иман іздеген албырт жасты арамзалар алдап соқты. Теріс ағымның соңы теріс батаға ұрындырып, ақыры темір торға қамалды. Кім кінәлі? Не үшін?

Иә, солай. Адаспас үшін қыл­­мыстық жолға түспеу керек дейміз. Бірақ оны әркім үнемі жадында ұстамайды. Ұстаса да бұра тартатындар көп. Біреулер біле тұра жамандық іске бет бұрады. 

Сотталған Асхат Рахметов те ке­зін­де спорттан біраз жетістік­тер­ге жетіп, Қазақстан мен Ор­та­­лық Азияда дойбыдан чемпи­он атанған. Алайда, айдың-күн­нің аманында теріс жолға тү­сіп кетті. Сол жолда жүріп қыл­­мыстық әрекеттерге қалай бар­ғандығы, адам шошырлық қыл­мыс жасағаны, артынан ұст­а­лып опынғаны, бірақ өмірлік тү­зе­лмес қателік жібергені туралы «Қазақстан» телеарнасынан көр­сетілген «Ақиданың ақыры» атты фильмде егжей-тегжейлі баяндалады. Осы фильмді көре отырып, жат идеологияның бауына шырмалған жандардың обалы кімге деп ойлайсыз. Бірақ не істесе де, қандай қателік жіберсе де, ең алдымен, адамның өзіне байланысты ғой. Сол қателікке Асхат Рахметовтің өзі ұрынды. Аталған фильм баяндаған оқиғаларға көз жүгірте отырып, мәселенің байыбына тереңірек бойлай түсеміз. Сондықтан ұғынықты болуы үшін фильм желісіне кезек берейік.

Фильм былтыр Ақтөбе қала­сын­да маусым айында ұлық рамазан айы басталардан тура бір күн бұрын болған төбе құйқаны шымырлатар суыт оқиғадан бас­­талады. Қасиетті айда Ақ­төбе қаласында ұйымдасқан қыл­мыстық топ террорлық акт жа­сады. Өкініштісі сол, сырттан келген жау жоқ. Бөгде ниет­ті­лердің айтағына ерген жас­тар бейбіт күннің берекесін қа­шыр­ды. Қолдарына қару алып, қа­ны­пезерлікпен қандастарын өлтірді. Қаншама отбасы бір күнде қара жамылып, қаншама ана шашын жайып аңырап қалды. 

Фильмде көрсетілгендей, өт­кен жылғы қанды оқиғаны еске алу Асхатқа да ауыр тиетін көрі­неді. Болған оқиғаны ол күрсіне есіне алады. Дәл 4 маусым күні таныстары – Арман Айтуған мен Дмитрий Таңатаров оған алма кезек телефон соғады. Біз шілдехана жасайын деп жатырмыз, яғни ақида – арабша, ал қазақшасы – шілдехана. Тез кел дейді. Асхат Ақтөбеге асығыс аттанады. 

Сағат таңертеңгі 12-ге қарай Асхат айтылған мекенжайға жеткенде шақырылғандардың алды-арты толық жиналыпты. «Елу, алпыстай адам жиналған екен. Бір бөлмелі пәтер. Сыймағандар болды. Көбісі дәлізде тұрды. Қай­сы­бірі бір жаққа звондап жатты. Бі­рақ телефондарды жинап алды. Ас үйге алып кетті. Артынан бізге су және құрма берді. Содан ауыз тидік. Телефон жинап алғаннан кей­ін жиһад туралы, Сирия жай­ында айтылды. Ауғанстан, Аме­рика туралы айтылды. Менің тү­сі­нуі­мше, Америка президентін айт­ты. Олар­дың барлығы мұсыл­ман­дарды өлтіріп жатыр, түрмеге жауып жатыр. Тоқтату керек деген мағынада сөз болды. Сосын Таңатаров өзінің дәптерін алып «Өлім және ұйқы» деген лекцияны оқыды. Сол жерде қанды жоспар туралы айтылды», дейді сотталған Асхат Рахметов.

Қанды жоспарды ұйым­дас­ты­рушылар Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Сұлтан Кабиев­тің алдын ала мұқият дай­ын­­да­ғанынан жиналғандардың көбі бейхабар болған. Жамағат бірауыздан Дмитрий Таңатаровты сол жерде әмір, яғни басшы етіп сайлайды. Бұлар бір-бірлерін көбіне азан шақырып қойған есімдерімен емес, кейіннен өздері таңдап алған арабша лақап аттарымен атайды. Сондықтан Дмитрийді барлығы «Әбдулмумит» дейді. Содан көзі қанталаған топ тал түсте Әлия Молдағұлова көше­сін­дегі «Паллада» қару-жарақ дүке­ніне бет алады. Сотталған Ар­сен Таңатаров: «Олар ерте дайын­дал­ған. Дәл қару-жарақ дүкеніне жа­қын тұстан пәтер жалдаған. Бә­рі жүгірді, мен де арттарынан жү­гір­дім. Видеода көрініп тұр. Сол 25 адамның соңында үшінші болып келгенмін. Кіріп барсам, бәрі қирап жатыр. Бір адам қан-қан болып жатыр. Сол жақтағы бөлмеге барсам, онда да астаң-кес­тен. Мылтық алып жатыр. Мен де пистолет алдым да, қайта орнына қойдым. Себебі, оны қолдануды білмеймін. Қандай патрон салу керек, оны өмірде ұстап көрмегем. Қолымда бірнәрсе болсын деп пышақты алдым».

«Қару-жарақ дүкенін басып алған қылмыстық топ, алдымен сатушыны атады. Сатушы жантәсілім алдында дабылдатқышты басып үлгерген. Дүкенді он минуттай ойрандаған олар қалаған қаруларын алған. Террорлық топты тойтару үшін алғаш болып жеткен «Күзет» қызметкерлерін мұздай қаруланған жиырмадан астам адам оқпен қарсы алады. Атыс кезінде «Күзеттің» қызметкері Мейірхан Тәжібаев оққа ұшады. «Паллада» қару-жарақ дүкеніне жедел жеткен жас жігітті террористер сол сәтте-ақ жер жастандырды. Бұл қарулы топтың соңғы құрбаны болмады.... Оқиға орнына іле-шала жеткен үш полиция қызметкерін де жаралаған экстремистер бес қаруын сайлап, келесі нысанға аттанады. 

Сотталған Арсен Таңа­та­ров: «Мен сөреде жатқан травма­ти­ка­лық тапаншаны алдым. Сосын бә­рі­міз көшеге шықтық. Ерке­бұ­ланда да қару болды. Бірақ екеу­міз де қаруымызды тастадық. Қа­сым­­да­ғылар үлкен бір автобусты тоқ­татты. Автобусқа кірген соң, Дмитрий Таңатаров жүргізу­ші­нің басына автоматты тақап, әс­кери бөлімшеге қарай жүр деп бұйырды». 

Автобустағы жолаушыларды апыл-ғұпыл түсірген террорис­тер жүргізушіге Есет батыр кө­ше­сіндегі Ұлттық ұланның  әс­ке­ри бөлімшесіне жедел жет­кі­зу­ді бұй­ырады. Ал қылмыскер­лер­дің алтауы болса, полиция қыз­мет­­­керлерінің көлігіне отырып, «Пантера» қару-жарақ дүкенін бет­ке алады.

Әскери бөлімшеге шабуыл сәтсіз аяқталды. Сарбаздар қару-жарақ қоймаларын дер кезінде жауып үлгерген екен. Жан алысып, жан беріскен атыс кезінде үш әскери жауынгер оққа ұшып, алтауы жараланды. Құқық қорғау органдары қылмыскерлерді ұстау үшін дереу антитеррорлық шараға кірісті. 
Тура бір аптаға созылған арпалыста қылмыскерлер түгел құрықталды. Антитеррорлық операция барысында 9 күдiктi ұсталып, 18 діни экстремистің көзi жой­ылды. Өкінішке қарай, тер­роршылардың қолынан 3 әс­кери қызметші мен 4 бейбіт тұр­ғын қаза тапты. 7 әскери қыз­мет­ші мен 12 полиция қызметкері жарақат алып, 40-тай адамға медициналық көмек көрсетілді. 

 Осылайша ел ішін алатайдай бүлдірген терроршылар Қазақстан тарихында болмаған қанды қасап жасай жаздайды. Бірақ қараша қауымды қан қақсатқан жаудың алыстан келмегені белгілі болды. Террорлық әрекетті салафилік идео­логияның өкілдері жасағаны әш­кере етілді. Осы оқиға туралы фильмде Ақтөбе облысы дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменов былай дейді: «Олардың арасында біздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын, біздің бабаларымыз ұстанған, Әбу Ханифа мазһабын ұстанған бірде-бір адам болмаған. Және олар салафилік-уа­хабилік бағытта жүрген азаматтар екендігін өздері де көрсетті. Де­мек, бұл жерде салафизм мәсе­ле­сі тұр».

Жалпы, бүгінде террорис­терге психотроптық зат беру арқы­лы ақылынан алжастырып қыл­мыс жасату жиі қолданылатын әдіс­тердің бірі. Арнайы сарап­тама қылмыскерлердің қан құ­ра­мы­нан қуатты психотроптық зат­тардың барлығын анықтаған. Сот­тал­ған Асхат Рахметов: «Сотта біл­генімдей су мен құрманың ішінде психотроптық зат болған екен. Ол санамызға қатты әсер етті. Сонда кейбіреулер жылады. Біз сезімге елітіп, көпшіліктің соңынан еріп кеттік». 

Әрине, теріс дін жолына түсіп, жат елдегі салафилік ағымға табынатындардың бұл бі­рін­ші қантөгуі емес еді. 2011 жылы Ақтөбенің Темір ауданына қарасты Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарындағы қанды оқиғаға да шет елдің пәтуасы себеп болғаны мәлім. Қазір өз алдымызға тәуелсіз елміз, өзіміздің діни басқармамыз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұла­малар кеңесі салт-дәстүр, ұлт­тық дүниетанымға сай пәтуалар шы­ғарып келеді. Ал сырттағы әрбір айтаққа еру, белгісіз бі­реу­лердің ойдан шығарған пәтуа­сымағын басшылыққа алу адам­гер­шіліктен адастырады, ауыр қылмысқа апаратындығын аңғар­тады фильм мазмұны. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Әр елдің өзінің пәтуасы бар. Демек, әр азамат өз елінің пәтуа­сы­мен ғана жүруі керек. Қазір өзіңіз ойлаңыз, қаншама ислам елі бар. Соның бәрі пәтуа шығара берсе, біз соны ала берсек не болады? Сырт жақта тұрған қалаған адам пәтуасын бере салады. Оның бәрі­мен жүре беру мүмкін емес. Ол болмайтын, шариғатқа қарсы нәрсе». 

Сонымен Ақтөбедегі ойран­да өрімдей жастарды өлімге итермелеген не? Оларды бейбіт жандардың қанын мойынына жүк­теуге жетектеген кім? Бұл сұ­рақ­т­арға фильмде барынша зер­деленіп жауап қайтарылады. Әрине, оның бәрін тізе беру мүмкін емес. Бірақ бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы былай дейді: «Ақида мәселесі. Салафизмнің ұстанатыны – осы. Ең үлкен қателігі де сол. Тіпті намаздың шарттарын, басқа шари­ғи нәрселерді білмей жатып, олар ақи­да, ақида дейді. Ақида деген үлкен ілім. Олардың діни ілімі жоқ болған соң, оны жоғалтып алу­дан қорқады. Оны өздері жете тү­сіне де алмайды. Бір шаруа іс­те­се, мен ширк істеп қойдым деп қор­қады. Біреу бірдеме істеп жат­са, анау ширк істеп жатыр деп ой­лайды. Неге дейсіз бе? Өйт­ке­ні өздері ширк істеген адам «кә­пір» оны өлтіру керек деп айты­п қой­ғаннан кейін. Бұл осылайша жал­ғаса береді, жаулыққа ұласа береді...». 

Ақиданы алға тартып адас­тыр­ғандардың басты қате­лігі де осы ақиданы жете түсі­не алмауда еке­ні рас. Ақида – адамның сенім сұрақтары мен қоршаған дүние жөнінде қалыптасқан танымы, пікірі, діни ұстанымдар жиынтығы. Мұсылман ақидасының түп негізі – Құран мен Сүннет. Демек, ақида – сенім. Ал сол сенімге селкеу тү­сі­ре отырып қорқыту, ақида ар­қы­лы адастырып, тозақ арқылы тор­ға түсіру дін атын жамылған топ­тардың басты қаруы. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» облыстық орта­лық мешітінің бас имамы Тө­леби Оспан: «Мұндай қадамға бұ­лар бір ғана сөз арқылы бірден шы­ғып кеткен жоқ. Бұл жерде бұ­ған дейін мемлекетке, құзырлы ор­ганның қызметкерлеріне, имам­­дарға, жалпы қоғамға деген ішкі жек­көрушіліктің белгілі бір дә­режеде қалыптасқандығын кө­ре­міз», дейді. 

Террорлық актіге қатыс­қан­дардың көбі 18 бен 30 жас аралы­ғындағы тепсе темір үзетін жігіт­тер еді. Ақтөбе облысы Дін істері бас­қармасы «Аңсар» ақпарат­тық-талдау орталығының басшы­сы Жандәулет Сүлейменов: «Теріс бағыттағы пиғылдағы ді­ни идеологиялардың тактикасы – жастарды құрыққа түсіру. 14 пен 29 жас аралығын біз жас­тар деп айтамыз. Неге жастарды таңдайды, өйткені жастар кез келген ақпаратты бойына тез сіңіреді, нәтижесінде келетін залалдарын ойлап жатпайды. Қызу қанды, күш қайраты бойында тасыған. Сол себепті, ақпаратты тез қабылдап, соған сай тез әрекет етуге бейім. Сондықтан да, жат пиғылдылар олардың діни сауатсыздығын осылай пайдалана отырып, өзде­рі­нің діттеген мақсаттары мен ас­тыр­тын саяси идеологиясын жүр­гізіп жатқанын біз көріп отырмыз», дейді. Бұл бағытта қоғам қай­рат­кері Аманкелді Айталы да: «Не­гі­зінен, біз мұны өзіміздің іш­кі идео­логиялық дамуымыздан із­деу­іміз керек. Біздің ішкі осал­ды­ғымызды сыртқы күштер жақсы пайдаланады. Ол рас, сондықтан мәселе әлі де болса өзіміздің ішкі қоғамдық қатынастармызда, өзіміздің тәрбиелік жұмысымызда деп ойлаймын», дейді.

Ал фильмнің екінші бөлімінде адасқан жастардың осы кезге дей­інгі өмір жолдары айтылады. Олар­дың жақсы оқу бітіргендері, қы­з­метке тұрып, шаңырақ көте­р­­ге­лі жүргендері, сөйтіп әркім өз өмір жолымен бейбіт жүріп жат­­қаны суреттеледі. Бірақ теріс ағым­­ға арбалғандықтан теріс жол­ға түскені сотталғандардың өкі­ні­ші­мен аянышты суреттеледі. 

Қанды оқиғаның басты ұйым­дас­тырушылары – Дмитрий Та­ңа­таров пен Арман Айтуғанның қар­жылық себептерге байланыс­ты Сирияға бара алмай қалғаны бел­гілі болды. Сондықтан олар жи­һадты Қазақстанда жасауға шешім қабылдаған. Жалпы, был­тырғы жылғы Ақтөбе терак­ті­сі­не қатысқандардың көбі Сирияға ба­руға үгіттелгендер. Радикал ағым­ның ықпалымен ұйымдасқан қыл­мыстық топтың қатарына қо­сылғандар опық жеп, көздерінен қанды жас ағуда. Олар енді алдау мен азғыруға өзгелердің де еріп, өзектері өртенбегенін қа­лай­­ды. Ақтөбе оқиғасынан соң терроризммен күрес күшейді. Заң қатайтылды. Тіпті шетелге «жиһад» деген желеумен кеткендер азаматтықтан айырылады. Осылайша аталған фильмде тәу­ел­сіздіктің ширек ғасырлық ме­рей­тойына салафилік ағым өкіл­дерінің жасаған қаралы «тартуы» қазақ тарихына қара әріптерімен жазылып қалғаны баян етіледі. Ен­ді бұдан былай мұн­дай­ға жол бермеу үшін радикал топ өкілдерімен ашық сұхбаттар жүр­­гізіп, ағарту жұмыстарын жан­дан­дыру керектігі баса айтылады. Өйткені, лаңкестікпен тіресте, радикал ағымдармен күрес­те тұтас қоғам болып жұмыла кіріс­кенде ғана бір нәтижеге жетуге болады. Сондықтан да қоғам қай­раткері Аманкелді Айталы: «Бұл поли­цияның мәселесі емес, елдің мәселесі, Ақтөбенің мәселесі емес, Қазақстанның мәселесі. Себе­бі, сол қанды қақтығысқа Қызы­лорданың да, Көшетаудың да ба­лалары, жігіттері қатысты. Тұ­тас ұлттың мәселесі...», дегенді ашық айтады. Демек, аталған фильм­нің адамдарға, жастарға берер тағылымы көп. Фильм қоғам­ды сақтандырады, адамдарға адас­пау­ға жол көрсетеді, жастарға ақ пен қараны айыруға бағыт береді. 

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»