Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Қалалардың қалыпты дамуы қашанда маңызды

313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында елордада «Жаһандық мә­сел­е­лерге жауап ретінде қалаларды тұрақты дамытудың жа­ңа бағдарламасы» деген атаумен ТМД-ның астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының XXV сес­сиясы өтті. Алқалы кеңесте қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында қаланың кешенді әрі тұрақты даму­ын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдерді із­дестірудің мәселелері талқыланды.

Қалалардың қалыпты дамуы қашанда маңызды

Қауымдастық құрамындағы 28 қаланың 100-ге жуық өкілі мен 5 халықаралық бірлестік, 7 ғылыми және сараптамалық ұйым­ның мүшелері бас қосқан жиынға жетекшілік еткен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мұндай сессиялардың қала басшылары үшін тәжірибе алмасу мен өзекті мәселелерді талқылауда тиімділігі мол екендігіне тоқ­тал­ды. Сондай-ақ, ол өз сөзін­де Шан­­хай ынтымақтастық ұй­ым­ына мүше елдердің Мэрлер ке­ңе­­сін құру қажеттігін отырысқа қа­ты­сушылардың қаперіне салды.

«Бүгінгі жиын арқылы біз Ресей мен Қытай, Үндістан мен Орталық Азия елдері арасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қа­лаларының Мэрлер кеңесін құ­ру бастамасын көтеріп отырмыз. Оның мақсаты – сауда са­ла­­сындағы ынтымақтастық пен қа­­лаларды дамыту саласындағы тех­нологиялармен алмасуға, қала құрылысы, энергия тиімділігі, баламалы энергия көздері, смарт-технология, қоғамдық көліктер мен электронды коммерция-
ны дамытуға, университеттер арасындағы байланыстарды біріздендіруге бағытталады. Бұл мақсаттардың барлығы да ШЫҰ идеясына сай келеді», деді Ә.Исекешев.

Оның сөзіне қарағанда, Мэрлер кеңесі қызметке кіріскен жағдайда, ол нақты жоспарлар бойынша тұрақты іс-әрекеттер жүргізетін тәжірибелік алаңға айналған құрылым болуы тиіс. Сондықтан да, Мэрлер кеңесін құру бастамасы бүгінгі таңда өзекті болғандықтан, оның жұ­мы­сын биылғы күзден бастап кетуге мүм­кіндіктер де жоқ емес.

Екі күнге созылған алқалы жи­ынның кезекті сессиясына же­тек­шілік еткен «ТМД-ның эко­­номикалық дамуы іскерлік ор­­талығы» коммерциялық емес се­ріктестігінің бас директоры Вла­димир Савченко ең алдымен ха­лыққа сыйлық жасап, бұқара қауымды қуантуды Қазақстан Президентінен үйрену керек деп мәлімдегенін айта кетейік.

«Осыдан 25 жыл бұрын Алматы қаласында Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығын құру туралы шартқа қол қойылғанын бәріміз білеміз. Ал бүгін біз салынғанына небәрі 19 жыл ғана болған қалада бас қосудамыз. Бұл қала Қазақстан Президентінің идеясымен және басшылығымен салынды және Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қысқа ғана уақыттың ішін­де өз мемлекетінің беделін әлем­дік биікке көтерген тұлға. Сон­дай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұй­ы-
мы 29 тамызды жыл сайын Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтетіні баршамызға мәлім. Адамзат баласы үшін игі­лігі мол осы істе де Қазақстан Пре­зидентінің еңбегі ерен. Тіпті, таяу­да ғана елімізде ТМД елде­рінің зиянды қалдықтарды жою  мәселелеріне арналған сессиясы өткені есімізде. Ал бүгін қала­лар­ды басқару бойынша жаңа бас­қарушылық құрылымдарды құ­ру, халық үшін заманауи жайлы баспаналар салу мәселелерін талқылаудамыз. Біз Қазақстан Президентінен халыққа, мемлекетке қалай сыйлық жасауға болатынын үйренуіміз керек», деді В.Савченко.

Сонымен қатар, «Қаланың тұ­рақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу» және «Заманауи урбанизация жағдайында көлік жүйесін басқару» сынды тақырыптық секциялармен жалғасқан жиында ел­орда әкімдігі Астанада бой кө­те­ріп жатқан жаңа аквапарк пен сауда, ойын-сауық орталығының жобасын жұртшылыққа таныс­тырды. Өзінің сөзінде Ә.Исе­ке­шев «Сити Палас» деп ата­ла­тын көп­бейінді сауда, ойын-сау­ық ор­талығының құрылысы қа­ла­ның оң жағалауында салынып жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл ғимарат Республика даң­ғы­лы мен А.Иманов көшесінің қиылысында орналасқан. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» гүлзарының бойында «Керуен-2» сауда, ойын-сауық орталығын салып, жаңа аквапарктің құрылысын Қазақ елі алаңы ауданында жүргізу жос­пар­ланып отыр», деді ол.
Айта кетейік, 1998 жылдың 3 қыркүйегінен бері қызмет етіп келе жатқан қауымдастық ТМД-ның 9 мемлекетіндегі 19 ірі қала әкім­діктерінің бастамасымен құ­рылған болатын. Бүгінде ұйым құ­рамына 87 қала қабылданған бол­са, оған Қазақстанның 9 қала­сы кіреді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»