ЭКСПО-2017 • 17 Шілде, 2017

Ұшақ электрден қуат алады

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Чех елі көрме аумағында ұлттық күнін мерекеледі

Ұшақ электрден қуат алады

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің 36-күні. 32-ші ел болып Чехия Республикасы ұлттық күнін атап өтті. Еуропа төріндегі ша­ғын мемлекет «Іске асырудағы тап­қыр­лық» тақырыбымен павильонын салта­натты жағ­дайда ашты. Әсіресе, мәдени бағ­дар­ла­маларға басымдық берген чехиялықтар ша­ра барысында түрлі ойын-сауық фестива­льдарын өткізді. Дәстүрлі фольклорымен мақ­т­анатын чех елі көрмеге келушілерді му­зыкасымен сусындатты. Концерт кезінде Оңтүстік Моравиядан келген бишілер, Брно консерваториясының үрмелі аспаптар ор­кес­трі, сондай-ақ Батыс Богемиядан жеткен волын­ка аспабының шеберлері өнерлерін паш етті. Праганың ағашаяқ киген акробаттары да жұрт­тың көңілін көтеріп, Чехия павильонына ме­рекелік шеруді бастап барды. 

Шараның ресми бөлімінде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев беделі биік көрмеде Чехияның ұлттық күні мерекеленуі қос ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін айтты.  «ЭКСПО-­2017 көрмесін ірі халықаралық жоба ре­тін­­­де қабылдап, ұйымдастырған Қазақстан үшін Че­хия ұлттық күні ашылу рәсімінің маңызы ерекше. Бұл – мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз ын­ты­мақтастықтың белгісі. «Болашақ энергиясы» та­қы­ры­бындағы көрмені өткізе отырып, Қазақстан таза энер­гияны дамыту идеясымен жаһандық ілгерілеуге қомақты үлес қосуда. Мұнда дәстүрлі және баламалы қуат көзін өндіру әрі тұтыну саласындағы үздік әлемдік әзірлемелер мен перспектива жобалары ұсынылуда», деді ол.

Сенат төрағасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға тоқталды. Оның мақсаты – елімізді 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіргізу. Бұл мақсатқа жетуде Чехияның да қосар үлесі зор. «Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді көздеп отыр. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы және Ұлт жоспары бойынша әзірленген Үщінші жаңғыру бағдарламасы аясын­да түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру қажет. Даму міндеттерін іске асыру барысында Еуроодақ мем­лекеттерімен, соның ішінде Чехиямен өзара тиім­ді ынтымақтастық ерекше орын алатындығына сенімдімін», деген Қ.Тоқаев Чехияны Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді серіктесі екенін атап өтті.

«Біздің сауда-инвестициялық қарым-қатынасымыз дамып келе жатыр. Чехиялық кәсіпкерлердің қа­тысуымен 100-ден астам компания құрылды. Сондай-ақ, 100 мыңнан астам қазақстандық турист жыл сайын Чехияға барады. Елдеріңіз қазақстандық студенттер арасында да танымал. Бүгінде 2 мыңға жуық студент онда білім алуда. Чехия баламалы энергетика саласындағы жаңа технологияларды дамытуда әрі т­у­ризм мен білім саласында айтарлықтай жетістікке жет­ті. Астанадағы чехиялық павильонда қойылған «жасыл» экономика мен таза технологиялардың ең озық тәжірибелері елдер арасындағы байланысты одан әрі тереңдете түседі деген үміттемін», деді Сенат тө­рағасы.

Ал Чехия Парламенті Сенатының төрағасы Милан Штех қос ел арасында орнаған достық бай­ла­­нысқа жо­ға­ры баға беріп, оны одан әрі дамыту қа­жет­тігін айтты.

Чехия павильонында тың технологияға негізделген жаңалық көп. Мысалы, қоқыс өңдеп, одан жарық пен жылу энергиясын алатын зауыт жұмысымен танысып, электр қуатымен самғайтын екі адамдық ұшақты көруге болады. Чех инженерлері құрастырған шағын әуе көлігі 400 вольт энергиямен бір сағат бойы көкте қа­лықтай алады. Электр энергиясынан қуат алатын велосипед те көрме төрінен орын алған. Ол толық қуатталғанда сағатына 45 шақырымды артқа тастап, 120 шақырымға дейін тоқтамай жүре алады. Мұндай велосипед, әсіресе қалалықтар үшін өте ыңғайлы, себебі тез жиналады.   

Нұрсипат ҚАТБЕК, 
Чехия павильоны қызметкері: 
– Чехия өз елінде он жылдан аса электрлі ве­лосипедті қолданады. Ол – машинаға баламалы көлік. Сондықтан электрлі велосипедтерді қолдану осы Чехияда өте дамыған және ол экологияны сақтауға мүмкіндік береді. Қазір чех инженерлері ұшатын велосипедті құрастыруда. Әзірге ол көрмеде жо­ба күйінде тұр. Астанада таныстырылған қанатты ве­лосипедті болашақта күнделікті өмірде көріп қалуы­мыз ғажап емес.