ЭКСПО-2017 • 17 Шілде, 2017

Кілем – сақ мәдениетінің бір бөлшегі

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ЭКСПО-2017 халық­ара­­лық көрмесі аясында «Тәу­ел­сіз­дік» сарайында «Есік» мем­л­екеттік тарихи-мә­де­ни қо­рық-музейінің «Сақ мә­ден­и­е­ті» көр­месінің ашылу салтан­а­ты өтеді. Онда көпшілікке «Алтын адам­ның» құпиясымен, Жетісу сақ­тарының жаңа табылған археологиялық олжаларымен, дүниедегі ең көне «Пазырық кілемімен» және «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі, әйгілі археолог Б.Нұрмұханбетовке арналған фотокөрмемен танысуға мүмкіндік бар.

Кілем – сақ мәдениетінің бір бөлшегі

Сақ мәдениеті дегенде біздің есімізге қазіргі қазақ жерінің Алтайы мен Жетісуы түседі. Ә.Ақышевтің айтуынша, бұл – туыстас сақ мәдениетінің кең жайылған, тайпааралық байланыстар берік орнаған «таулар белдеуі». Жалпы, сақ мәдениеті, мұрасы, тіпті «Алтын адамның» ашылу тарихы да толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Керісінше, жыл өткен сайын олар жаңа ғылыми деректермен толыға түсуде. Алтайдан Қара теңізге, Жетісудан Арқаға дейінгі аралықты мекен еткен сақ-скифтер бүгінгі ұрпаққа аса бай мұра қалдырды. Солардың бірі Алтай тауындағы Пазырық қорымының бесінші қорғанынан шыққан кілем 1949 жылы ғалым-археолог С.Ру­денко­­ның жетекшілігімен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Өлшемі 4,5х6,5 метр болатын кілем қалыңдығы 3 мм құрайтын, орташа деңгейде басылған ақ киізден жасалған. Ол тұрғын үйдің қабырғасына ілінген сәндік бұйым болған көрінеді. Көсем қайтыс болған соң кілемді жерлеу салтанатына пайдаланып, арба мен төрт бірдей жыл­қының үстіне жапқан. Ал, зерт­теуші М.Грязновтың пайымынша, кілем көсемді жерлегенше жатқызған ғұ­рып­тық шатырдың бір бөлігі болуы ық­тимал.  
«Есік» қорық-музейінің археологтары да соңғы жылдары Жетісу жерінде біршама жаңа археологиялық зерттеулер жүргізіп, жаңа олжаларға кез болды. Солардың бір парасы – «Өрнек қорымдары» олжалары көрме қонақтарының назарына ұсынылады. 

Көрмеге келушілер тарих тереңіне бойлап қана қоймай, өткеннің мұрасынан бүгінгі өздерінің де тұрмыс-тіршілігін көре алады.