Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Үздіктер озды, тұтынушы ұтты

230 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл жәрмеңке бұрынғыдан бөлек еді. Қостанайдағы Сити-орталықта Қос­та­най облыстық кәсіп­кер­лер палатасының облыс­тық және қалалық әкім­діктермен бірлесіп ұйым­дастырған «Қазақстанның үздік тауарлары» бай­қауының өңірлік сатысы – көрме-жәрмеңке өт­ті. Оған облыстан 24 кәсіпорын қатысты.

Үздіктер озды, тұтынушы ұтты

Көрме-жәрмеңкеге келген қалалықтар өздері базардан, дүкеннен іздеп жүріп алатын затты, азық-түлікті өндіретін кәсіпорынмен, бұрын көрмеген жаңа бұйымдармен танысты. «Радченко Г.В» жеке кәсіпкерлік кәсіпорны көрме-жәрмеңкеге екінші рет қатысып отыр. Кәдімгі печеньенің неше түрі сатылып жатыр. Дүкен толы печенье болса да, радченколықтар бұйымына тұтынушылардың соншалықты қызығушылық танытуы оның сапасына байланысты еді. Кәсіпорын барынша экологиялық таза өнім өндіруді мақсат тұтыпты. Оған түрлі шөптер, сұлы, дәрумендер араластырады. Мұны тұтыну­шылар кәсіпорын ілген көрнекі құралдардан, менеджер Свет­лана Алферованың айтуынан естіп, білді. Кәсіпорын кондитер бұйымдарының елуден астам аталымын шығарады. Көрме-жәрмеңке аяқталғанша олар әкелген печеньенің барлық түрі пышақ үстінен өтіп кетті. 

Ал рудныйлық жеке кәсіп­кер Сандуғаш Ертаева көрме-жәрмеңкеге биыл бірінші рет қатысып отыр. Ол әкелген ұлттық киімдерге үйірілгендер көп болды. Қазір ұлттық киім мен бұйым тігетіндер жетіп артылады. Базар толы оюлы-оқалы киім. Алайда, Ертаеваның айтуынша, осы салада ізденіс аз, бұйымды көшіріп көбейтуші­лер көп. Ал талғамы жоғары тұтынушы оны қаламайды, олар дүкен мен базарды, ательелерді, кәсіпорынды аралағанда жылт еткен жаңалық іздейді, көңілі қалағанды, талғамынан шыққан затты ғана алады. Нарықты зерттеген Сандуғаш Ертаева осыны байқады да, ұлттық киімдерді түрлендіруді, стильдік жағын жетілдіре түсуді ойлады. Бағасы да орта қалталы тұтынушының көңілінен шығады. 

– Біз затты тым қымбат матадан тікпейміз, оның тұтынушыға бағасы да ауыр тиеді. Арзан болмаса да, жақсы маталар бар, солардан алып, тұтынушы талғамынан шығатын заттар тігуге талпынамыз. Сұраным болғандық­тан, ісімді кеңейте түсуге бел бай­ладым,–дейді Сан­дуғаш Бектасқызы. 

– Биыл облыстық кәсіп­керлер палатасы көрмені үшінші рет өткізіп отыр. Соңғы екі жылда көрме-жәрмеңке форматында өткіздік. Бұл өндіруші мен тұтынушының арасын жақындата түседі. Байқауға қатысуға ынта білдірушілер қатары көбейіп келеді. Өткен жылы 20 кәсіпорын қатысқан еді, биыл тағы да төрт кәсіпорын өтініш берді,– дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкері Роберт Юсупов. 

Көрме-жәрмеңкені облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аралап, кәсіпкерлер әкелген тауарларды көрді. Кәсіпорындар арасында жеңімпаздар үш аталым бойынша анықтал­ды. Үздіктерге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дипломдар мен сыйлықтар тапсырды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды Қостанай қаласындағы «S.M.F.-System» мата емес материал фабрикасы» ЖШС, екінші орынды «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС, үшінші орынды «МедиДез» ЖШС алды. Ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орын Денисов ауданынан келген «Тоболь­ское 1» кәсіпорнына бұйырды. Екінші орынды «Аруана-2010» кәсіпорны, үшінші орынды «С.Ертаева» жеке кәсіпкерлігі жеңіп алды. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Қостанай қаласындағы «Аква-Арасан» ЖШС бірінші орынды алды. Ал екінші және үшінші орын Қостанай ауданындағы сүт өнімдерін өңдейтін «Садчиков» және «ДЕП» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне берілді.
Көрме-жәрмеңкеде жүлделі орын алмаса да, оған қатысқан өндіруші кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің ешқайсысы өкінген жоқ. Осындай шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кәдімгідей түрткі болып отырғаны байқалады. Көптің алдына әкеліп өнімін жаю кәсіпорындар үшін тегін жарнама десе болады. Өніміне сұраныс артқан сайын кәсіпкер ісін дөңгелентуге тырысады. Мысалы, Арқалықтан келген Сергей Валеев – етікші, қол­дан аяқ киім тігеді. Оның сөреге қойған бар-жоғы 5-6 түрлі аяқ киімін қызықтаушылар аз болған жоқ. «Мынандай етік­термен неге тендерге қатыс­пайсың?» деп ақыл қосып жат­қандар да болды. 

– Мен аяқ киімді бір өзім тігемін, оған көлем керек қой?– деп жауап берді Сергей. «Дү­кен мен базар толы аяқ киім, қол­дан тіккен етікті кім киеді?» деушілер де табылар. 

– Сұраныс болған соң осы істі қолыма алдым. Жас кезімде Тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында жұмыс істеген едім. Ол мекеме 90-шы жылдары жабылып қалған. Бірақ ол көрсететін қызметке сұраныс жоғалған жоқ. Сондықтан етік тігуді қайта қолға алдым. Аңшылар, балықшылар, малшылар қысқы жылы етікке жиі сұраныс жасайды, қысқа қарай жұмысым өте көбейіп кетеді, –дейді Сергей. 

Оның айтуынша, табысы да отбасын асырауына боларлық көрінеді. Шағын және орта бизнес осылай дамыса керек-ті. Ол көрме-жәрмеңкеге қатысқанына ризалығын білдіріп жатты. 

Қостанай орталығындағы кәсіпорындар жайма жайған Сити-орталықтан түс қайтқанша адам аяғы арылған жоқ. Тұрғын­дар аралап, керекті заттарын, азық-түлігін сатып алды. Олар­дың бағасы үстемесіз, өндірістік жіберіліммен сатылды. Көрме де, жәрмеңке де бәсекенің бастауы секілді, онда үздік тауар өндірушілер қатардан озады, ал тұтынушылар ұтады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ