Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Тараздық студенттер ұлттық дәстүрді ұлықтауда

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтық қолөнерді насихаттау мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған Сән орталығында студенттер ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгілерін тігудің қыр-сырымен танысып, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауда, деп хабарлайды оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі.

Тараздық студенттер ұлттық дәстүрді ұлықтауда

Сан ғасырлық ақыл-ойдың жемісін зерделеуге ден қойған жастар республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, қомақты табыстарға да қол жеткізіп үлгерді. Институт ұстаздары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды жете таныстыру арқылы болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздейді.

– Орталықта жастар кілем тоқу, сырмақ сыру, киім тігу сияқты ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан бекзат өнерге машықтанады. Сонымен қатар, мұнда ағаш бұйымдары мен сәнді шымылдықтар, бау, басқұр, сандыққап, тегеріш сынды киіз үй жабдықтары  дайындалады. Студенттерге халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұраларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалыптастырып, қолөнерге қызығушылықтарын оятуды көздейміз. Сондай-ақ, ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, тың брэндттер қалыптастырмақ ниеттеміз, – деді Кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасының меңгерушісі Айнұр Жаскиленова.

Айбике Хамит педагогикалық институттың «Кәсіптік оқыту» мамандығының 4-курс студенті. Бойжеткен сабақтан тыс уақытта орталықта дизайндық киім үлгілерін пішіп, құрастыруға машықтанады.

– Бүгінде еңбек нарығында дизайнер мамандарына деген қажеттілік байқалады. Соңғы уақытта ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныстың артуы бұл сөзімізге айқын дәлел болмақ. Еліміз бойынша сән орталықтары мен шеберханалар да көптеп ашылуда. Мақсатым – ата-баба дәстүрін кеңінен насихаттау арқылы замандастарымды төл өнерді бағалауға, мәдени мұрамызды әспеттеуге үндеу, – дейді А. Хамит.

Орталықта айына 10-нан астам киім үлгісі тігіледі. Жас шеберлер олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамауына ерекше назар аударады. «Көктем гүлі», «Кербез сұлу», «Томирис», «Ханшайым» сияқты көздің жауын алатын киім коллекцияларын көпшілікке таныстыру мақсатында жыл сайын шығармашылық жұмыстардың көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналған.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бабадан балаға мирас болып келе жатқан мәдени мұраларымызды өскелең ұрпаққа жеткізуді яки таныстыруды міндеттеген болатын. Тәуелсіздік жылдарында төл жәдігерлеріміз болып саналатын ұлттық  киімдеріміз бен қолөнерімізді дәріптеуге айрықша көңіл бөліне бастады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аймақтарда осы саланы дамытуға үлес қосып, өнерлерімен танылған  шеберлердің қарасы артты. Осы орайда педагогикалық оқу орнында ұмыт болып бара жатқан төл дүниелерімізбен қайта қауыштыру әрі жергілікті ісмерлердің өзара тәжірибе алмасуына ұйытқы болу мақсатында көрмелер, өнер фестивалдары тұрақты түрде өткізіледі, – деп атап өтті оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.