Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Рухани жаңғыру – басты тақырып

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер мен ұсынылған бағдарламалар күн өткен сайын жер-жерде талқыланып, түсіндіру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай бастаған топ Алматы облысына келді.

Рухани жаңғыру – басты тақырып

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өткізген республикалық семинар Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өтті. Семинардың модераторы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Жетісу жеріне келген қонақтарды құттықтап, жұртшылықтың атынан алғыс білдірді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Алматы облыстық әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өтіп отырған кең көлемді шараның маңызы жоғары. Себебі:

– Тәжірибе алмасып, істің нәтижелі, еңбектің өнімді болуы үшін осындай семинардың қажеттілігі барлығымызға белгілі. Негізгі мақсат-мүддеміз – Елбасының мақаласындағы көрсетілген дүниелерді іске асырып, соны елдің арасында кеңінен насихаттау. Сондықтан бүгінгі маңызды шараны Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласында өткізуге шешім қабылдаған Дархан Қамзабекұлы, сізге алғыс айтамыз, – деді Жақсылық Омар өз сөзінде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгеруші Дархан Мыңбай аталмыш шараның киелі өлкеде, жақсы ортада ұйымдастырылып жатқанына қуанышты екенін айтты. Елбасы мақаласында ұсынылған басым бағыттарға сәйкес Республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Айтуынша, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы халық ішінде үлкен қолдауға ие болып, игі істер нәтижесін беріп те үлгерген. Мұндай қолдаулар алдағы уақытта да қарқынын кемітпейді.

- Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мәселелер қоғамда қызу талқылануда. Алда тұрған негізгі мақсат – мақалада көрсетілген жобалар мен бағдарламаларды тиімді, әрі сапалы жүзеге асыруды ұйымдастыру. Семинардың діттегені де осы, – деді Дархан Мыңбай.

ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестік өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемелерінің қызметкерлері қатысқан семинар барысында мақалада көрсетілген «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын іске асуына, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан шаруалар мен алдағы уақытта ұйымдастырылмақ жобалар таныстырылды. «Новые решение» білім қорының жетекшісі Вячеслав Ким «Қазақстандағы мәдени мұра» жобасын ұсынды. Ал, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұрбек Шаяхметов «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің әлеуеті» тақырыбында ой қозғады. Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Рухани жаңғыру бойынша ұлттық комиссияның мүшесі, кәсіби модератор Шерзод Пулатов «Медиация жаңаша ойлауды қалыптастыру тәсілі ретінде», Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, әрі Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің төрағасы, білім меценаты Бекзат Алтынбеков «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары» тақырыбында дәріс оқыды.

Арнайы баяндамашылар ұсынған тақырыптар бойынша еркін әңгіме өрбіткен семинарға қатысушылар да өз тарапынан ұсыныстар мен ойлар айтты. Әсіресе, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бойынша эномәдени бірлестіктер мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелері өкілдерінің қатысуындағы диалог алаңы қатысушылар тарапынан қызу талқыланды. Семинар аясында ұйымдастырылған «Діни экстремизмнің алдын алу», «Заманауи бизнес үлгі жасау» атты  тренингтер де қатысушылар үшін пайдалы болғаны анық. Себебі, соңғы аталған екі тақырып та бүгінгі күні маңызды мәселелер екені аян. Қарапайым азаматтардан бастап билік өкілдеріне дейін білуге тиіс қағидалар мен ұстанымдар әр сәт сайын еске салынып отыруға тиіс.

Семинар шеңберінде облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарға да баға беріліп, алдағы уақытта аталған тақырыптар бойынша өзге өңірлермен бірлесе қызмет ету, тәжірибе алмасу туралы да ұсыныстар айтылды.

Семинарға келген қонақтардың Жетісу өлкесіне сапары мұнымен бітпейді. Алда Кербұлақ ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы «Алтын емел» мемлекеттік мемориалдық музейінен бастап, бірнеше тарихи маңызы бар нысандарды араламақ.

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕК