Ақтөбедегі Достық үйінде ақтөбелік жырсүйер қауым белгілі ақын, көсемсөзші, Мейірхан Ақдәулетұлының 60 жылдығына арналған «Жалғыз досым – жүрегім» атты жыр кешінде жүздесті. Ақынның мерейтойына Алматы мен Астанадан Фариза Оңғарсынова бастаған ақын-жазушылар да келіпті. Салмақты ой, салиқалы шешімге құрылатын Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдері сөз қадірін білетін қазақ баласын өзіне баурап алатыны біз айтпасақ та белгілі. Сондықтан да жыр кешіне жиналғандар залға лық толды. Алдымен ақын мерейтойына орай «Қазақстан — Ақтөбе» телеарнасы түсірген «Жалғыз досым — жүрегім» атты фильм көрсетілді.
«Мен — жусанға інімін,
Шеңгел болып кектенем.
Көкпек жаққан көне үйдің
Көжесімен көктегем», — деген жыр жолдарымен басталған фильмде ақынның өмірбаяны, туып-өскен ортасы, шығармашылық жолы туралы баяндалады. Мейірхан Ақдәулетұлы – өз өлеңінен өмірлік пәлсәфа тудыратын, сол арқылы өмірдің мәні мен маңызын ашатын ойлы ақын.Оның өлеңдері өзі жайлы айтып отырып, ортасының қамын қозғайтын, халқына қызмет ететін ойларды қаузайтын көп қатпарлы, терең мағыналы болып келеді. Сырлы жырымен оқырмандарының көңіл көкірегінен орын алған ақынның өлеңдеріне деген ыстық ықыластың суымайтындығы да сондықтан. Ол сондай-ақ, жұрт іздеп жүретін, сүйініп те сүйсініп оқитын көсемсөзші. Мейірхан аудармасындағы Ф.Тютчев, А.Ахматова, А.Вознесенский сынды орыс ақындарының өлеңдері, М.Аджидің «Қыпшақ даласының жусаны» тарихи эссесі, К.Аширдің «Қабыл — Адам Ата перзенті» драмасы, Т.Буркхард, Э.Фромм, Д.Суздуки және басқалардың философиялық-мәдениеттанушылық бағыттағы көлемді еңбектері қалың қазақтың игілігіне айналған қабырғалы еңбектер. Ақын мәдениеттанушы ретінде де танымал тұлға. Белгілі ақын, әріптес інісі Ертай Ашықбаев жасаған баяндамада Мейірхан Ақдәулетұлының осы қырлары жан-жақты ашылды. Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген ақын жырларының ерекшеліктері мен өзіндік өзгеше бітім-болмысы Ертай баяндауында анық аңғарылып, жұртшылық жүрегіне жол тапты. Ақын інісіне құттықтау сөзін арнаған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңін де, өзін де отыз жылдан астам уақыттан бері жақсы білетінін жеткізді.
–Қаламгерлік биігіне азаматтық келбеті сай Мейірхан сынды жандарды ұлттың алтын қазығы деп білемін. Алтын қазықты ел азбайды, – деп түйіндеді ақын апамыз өз ойын. Кеште Қажығали Мұханбетқалиұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, Шамшиддин Паттеев, Таласбек Әсемқұлов, Елена Әбдіхалықовалар мерейтой иесіне ізгі тілек, ілтипатты ой білдірді.
Ақынды облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев, Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының басшылары құттықтады. Жыр кешінде өлеңін орыс тілінде өретін белгілі ақын Амантай Өтегенов өзінің әріптесіне арнаған өлеңін оқыды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.