08 Қазан, 2011

Дамудың кілті – кадрларда

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Парламенттің бесінші сессиясын ашқандағы сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілетті органның алдында тұрған басым міндеттердің қатарында білім беру саласы заңнамасын одан әрі жетілдіруді атады. Ең алдымен құқықтық өзгерістер білім беру жүйесін жоғары сапаға көтеруге қызмет етуге тиісті екені белгілі. Өйткені, сайып келгенде, бұл елді білімді кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің жоғары оқу орындарымызда кадрлар дайындау сапасы қандай деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ұстаздар мен жоо-лардың іс-әрекетіне еуропалық стандарттарды басшылыққа ала отырып баға беруіміз керек. Біздегі білім беру жүйесі жалпы білім беретін мектеп, одан орта-кәсіптік білім беру және жоғары мектеппен аяқталатын пирамиданы еске түсіреді. Жоо өз кезегінде адамның әрі қарай қызметтік жолмен өсуіне жағдай туғыза алатын жүйені қалыптас­тыруы керек. Осы талап профессорлық-оқытушылар құрамына өздерінің кәсіптеріне жауапкершілікпен қарау міндетін жүктейді. Жоо-ның қазіргі таңдағы орта дәрежедегі оқытушысының сипаты төмендегідей болып келеді. Ол адам өзінің жылдар бойы жинаған білімін жастарға жоғары деңгейде береді, жаңа идеялар туғыза алады, сонымен бірге, өзі де жаңа білімдер мен танымдық ақпараттарды үздіксіз алып тұруға тырысады. Қала берді ол – зиялылықтың үлгісі, рухани және ұнамды қасиеттерге бай адам. Осындай бағалы ресурспен біздің жоо-ларымыз қандай дәрежеде қамтамасыз етілген дегенге жауап іздесек, қиналып қаламыз. Білікті кадрлардың жастарының ұлғаюына байланысты оқытушылық­тың базистік жасы – 40-50 жастағылар азайып келеді. Оның үстіне дарынды жас оқытушылардың білім беру саласынан жаппай кетуі бұл істі күрделендіре түсуде. Осы жағдайды түзету үшін, меніңше, білім ошақ­тарын қолдаудың тиімді жүйесін жасауымыз керек. Бүгінгі күні біздің елімізде 150-ге жуық жоғары оқу орны бар. Білім және ғылым министр­лігі жоғары мектеп жүйесін оңтайландыру сая­сатын ұстанып отыр. Бұл істің аяғында жоғары мектептер саны мемлекетке қажетті мөлшерде ғана қалып, білім беру дәрежесі төмендерінен құтылармыз деген үміт бар. Меніңше, білім беру рыногындағы біздің бір солқылдақтығымыз – мерзімі шектелмеген лицензиялар беру. Тіпті осы құжатты мұрагерлікке беру сияқты келеңсіз тәжірибе қалыптасқан. Сондықтан «Білім туралы» Заңға берілетін лицензиялардың мерзімін шектеу туралы норма енгізу қажет деп санаймын. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарындағы қыз­мет­терді атқаруға нақты талаптар енгізілуі керек. Бос орындарға конкурс жариялау туралы ақпараттар дер кезінде жарияланып отырса құба-құп. Қыз­мет­ке алынатын адамның кәсіби шеберлігі ең басты критерий болуы керек, ал бізде формальді түрде өткізілетін аттестацияның негізінде бос орынға кез келген маман алынады. Білім беру саласының мәселелері туралы айт­қанда, осы күндері жұрттың аузынан түспейтін ҰБТ туралы да пікір білдіруге тура келеді. Бүгінгі күні қоғамымызда оған деген пікірлер әралуан. Меніңше, ҰБТ-ның озықтығы сонда, онда мұға­лім­нің еш қаты­сы болмай, субъективтік көзқарас мүлде жойылған. Бірақ оның жетіспейтін жақтары да көп екендігі құпия емес. ҰБТ-дан жоғары баллға қол жеткізу үшін көптеген мектептер ұпай алатын 4-5 сабақ­ты ғана оқытып, қалғандарын жы­лы жауып қойып жатқан­дары туралы әңгіме­лерді жиі естиміз. Осыған орай министрліктің ұстаны­мын толық қолдаймын. Олар мектеп бітіру емти­хан­дарын оқушы өзі қалаған сабақ­тар бойынша тест беру түрінде тап­сыру­ды ұсынып отыр. Ал жоо-ға түсу емтихандарын содан кейін өткізу қажеттігін айтуда. Енді ғылым туралы да айта кетейік. Бүгінгі күні ғылым саласындағы басымдықтар экономикалық жетістіктерге қол жеткізетін бағыттарға берілген. Біз бұл жерде халықаралық тәжірибелерге сүйенуіміз керек. Нақтырақ айтқанда, «айналы лабораториялар» тәжіри­бесін ұмытпағанымыз жөн. Оның мәнісі әр­түр­лі сала­ның өзара іс-қимылын үйлестіруге саяды. Осы мақ­сат­ты алдыға қойып, шет елдіктермен тәжірибе алмасу және тәлімгерлер жіберу ісін қолға алған дұрыс. Қорыта айтқанда, білім беру, ғылым және инновациялық іс-әрекет салаларындағы заңнама­лар­ды бір жерге топтастырып, «Ұлттың интеллек­туал­дық дамуы туралы» деп аталатын кодекс қабылдау керек дер едім. Біздің заңдарымыз сонда ғана тиімді пайдаланылатыны анық. Құсайын ВАЛИЕВ, Сенат депутаты.