ЭКСПО-2017 • 23 Шілде, 2017

ЭКСПО-2017. Аргентинаның ұлттық күні өтіп жатыр

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Аргентинаның ұлттық күні тойланып жатыр. Мерекелік концертпен басталған шарада әртістер танго билеп, «маламбо» деп аталатын аргентиналық «лезгинканы» көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЭКСПО-2017. Аргентинаның ұлттық күні өтіп жатыр

Аргентинаның ұлттық күніне осы елдің екі министрі келді. Біреуі - Ғылым, технологиялар және инновациялар министрі Нино Баранао, екіншісі - Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди. Оларды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қарсы алды.

«Қазақстан аргентиналықтарды тамаша табиғаты, бай мәдениеті және қайталанбас ұлттық мінезі бар халық ретінде жақсы біледі. Ол жерден әлемге танымал талай ойшылдар шыққан. Буэнос-Айрес - әсерлі тангоның астанасы болып саналады. Ал Марадона мен Месси сияқты футболдың майталмандарын Қазақстанның жанкүйерлері де жақсы көреді. Бүгін біз осы елдің мәдениеті мен тарихымен жақын таныса аламыз», деді Дәурен Абаев.  

Ал Аргентинаның екі министрі қазақтың қонақжай халық екенін ерекше атап өтіп, ЭКСПО-ның кәсіби тұрғыда үлкен дайындықпен өтіп жатқанын жеткізді. Эрнан Ломбарди Қазақстан мен Аргентинаның негізгі ұқсастығына тоқталды.

«Бізде сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың тілі де, діні де әралуан. Дегенмен, барлығы да татулық мен бейбітшілікте өмір сүреді. Осылайша, Аргентина да Қазақстан сияқты мультимәдениетті қоғамның болғаны қалайды. Біз үшін табиғи ресурстардан бұрын осы адамдар ресурстары қымбат болып тұр. Онсыз ешқандай мемлекет дамудың даңғыл жолына түсе алмайды», деп атап өтті.

Өз сөзінде ол Меркосур ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы әріптестік байланыстарды да тілге тиек етті. Сол арқылы ынтымақтастық байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

Ресми бөлімнен кейін аргентиналықтар шағын концерттік бағдарламаны ұсынды. Содан соң, осы елдің ұлттық павильонына дейін мерекелік шеру ұйымдастырылды.

Айта кетейік, күні кеше ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Аргентинаның Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди өзара ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді. Аталған құжат аясында журналист мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған.