Кино • 23 Шілде, 2017

«Бес құрлық» кинофестиваліне мектеп оқушылары қазылық етеді

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында «Бес құрлық» балалар кинофестивалі салтанатты түрде ашылды.

«Бес құрлық» кинофестиваліне мектеп оқушылары қазылық етеді

Салтанатты шараны ашқан Қазақстан республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Айман Мұсақожаева, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов пен «Оскар» және «Алтын глоубс» иегері Николас Кейдж балаларға сәттілік тіледі. Көптеген шет елдік конкурстардан жүлделі орындар алып жүрген «Celebrity» шоу-мим балалар театрының қатысушылары сахналаған көңілді спектакль фестиваль сәнін аша түсті.

Фестиваль кезінде Қазақстан, Франция, Нидерланд, Қытай, Ауғанстан, Иран, Тунис, Перу, Үндістан, Мексика, Испания, Италия, Дания, Грузия сынды елдердің шығармашылық топтарының 15 фильмі көрсетіледі. Кинофорумның қазылар алқасы қазақстандық талантты балалардан құрылған. Олар «Үздік фильм», «Үздік сценарий», «Үздік бала бейнесі» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

Алты баладан құралған қазылар алқасының төрағасы Нұрбек Сәдуақасов Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы. Ол астаналық «Celebrity» шоу-мим балалар театрының белсенді мүшесі. Театр ұжымы 2016 жылы Болгарияда өткен «Golden Dream» халықаралық конкурста гран-при, 2016 жылы Сочи қаласында өткен «Кинотаврик» өнер фестивальінде бас жүлдеге ие болған.

«Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Осы бес күн бойы балалар конкурсына қатысып жатқан кино туындыларды шынайы бағалап, үздіктерін анықтайтын боламыз. Мен үшін ең маңызды – сюжет біртұтастығы мен шығарма түйіні», дейді жас төраға.

Ал қазылар алқасының ең кішкентай мүшесі – Аделя Абдуллина. Ол қазақ ұлттық музыка академиясының 2 сынып оқушысы. Қазір балаларға арналған әзіл-сықақ фильмінің түсірілім жұмыстарына қатысып жатыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

"Егемен Қазақстан"