Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Еліміздегі ең тез дайындалатын құжаттар

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында арнайы қанатқақты жобаны қолға алғаны белгілі.

Еліміздегі ең тез дайындалатын құжаттар

Осы айдың басынан жүзеге асырыла бастаған жүйе бойынша туу туралы куәлік, некені тіркеу және қайтыс болғаны туралы анықтама небәрі үш сағатта дайын болады. Астанадан басталған жоба енді Алматы қаласы мен республикамыздың 10 облысын қамтып отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ бас­қарма төрағасы Абылайхан Оспа­новтың айтуынша, жобаның маңызы – «Е-ХҚКО» бірыңғай қызмет көрсету орталығының қағидаты бойынша жұртшылыққа барынша жылдам қызмет көрсетуінде.

Қанатқақты жоба іске асырылғалы жеделдетілген режімде 462 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның ішінде 428 туу туралы куәлік, 17 қайтыс болуды тіркеу, 17 соттың шешімі бойынша некені бұзу құжаттары берілген.

Бұрын азаматтық хал актілерін тіркеу бағыттары бойынша бұл құжаттарды дайындауға бірер жұмыс күні кететін. Мысалы, қайтыс болуды тіркеу – бір жұмыс күні ішінде, бала тууды тіркеу және 2008 жылдан кейін тіркелген, заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде некені бұзуды тіркеу 2 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылған.

Ескертетін жайт, егер аталған мем­­лекеттік қызметтерді ресімдеуге байланыс­ты өтініштер сағат 17.00-ден кейін түс­кен болса, онда құжаттар келесі күнге қалып, сағат 12.00-ге дейін беріледі. 

 Абылайхан Оспановтың мәліметінше, бұрын логистикаға уақыт жоғалтатын қыз­мет­керлер енді ешқайда қозғалмай, жазбаларға өзгеріс енгізуді сол жерде орындайтын болады. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орталықтарында АХАТ қызметкерлерінің жұмыс орындары ұйымдастырылыпты.

Қымбат Тоқтамұрат, 
«Егемен Қазақстан»