ЭКСПО-2017 • 24 Шілде, 2017

Таңғажайып танго

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аргентина мерекесінде ерекше әсерге бөледі

Таңғажайып танго

ЭКСПО-2017 көрмесi аясында Аргентина Республикасы ұлттық күнiн мерекеледі. Салтанатты рәсiмнің куәгерлері аргентиналық танго мен маламбо билерiн тамашалады.

Шараның ресми бөлiгiнде Ақпарат және коммуникациялар­ министрі Дәурен Абаев сөз сөй­леп, Аргентинаның тамаша та­би­ғатын, құндылығы жоғары мәд­е­ниетiн тілге тиек етті. «Қазақ­с­­тан аргентиналықтарды қай­та­лан­бас ұлттық мінезі бар халық ре­тін­де жақсы біледі. Буэнос-Айрес – әсерлі тангоның астанасы болып саналады. Ал Марадона мен Месси сияқты футболдың майталмандарын Қазақстанның жанкүйерлері де жақсы көреді. Бүгін біз осы елдің мәдениетімен, тарихымен жақын таныса аламыз», дедi министр. 

Мерекеге Аргентинадан келген қос министр – Ғылым, технология­лар және инновациялар министрі Нино Баранао мен Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди қазақтың қонақжай халық екенін ерекше атап өтіп, ЭКСПО-ның кәсіби тұрғыда үлкен дайындықпен өтіп жатқанын әңгімеледі. «Бізде де сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың тілі де, діні де әралуан. Дегенмен, барлығы да татулық пен бейбітшілікте өмір сүреді. Осылайша, Арген­тина да Қазақстан сияқты мульти­мә­дениетті қоғамның болғанын қалайды. Біз үшін табиғи ресурстардан бұрын осы адамдар ресурстары қымбат болып тұр. Онсыз ешқандай мемлекет да­му­дың даңғыл жолына түсе алмайды», деді Э.Ломбарди. 

Басқосу елдің ұлттық пави­ль­онына дейін мерекелік шерумен жалғасты. Павильонда адами ресурстарға, шығармашылық пен ойлау креативтiлiгiне көп көңiл бө­­лінген. Мәселен, онда адам­ның энер­гиясын сезiп, оны түр­лi пi­шiнде көрсететiн экран ор­на­тыл­ған. Инсталляциядағы сурет­тер адам­ның жылуын сезiп, соған бай­ла­нысты қозғалады. 

Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы – 2023 жылы өте­тiн ЭКСПО көрмесiн өткiзуге үмiт­кер­лер­дiң бiрi.

Айта кетерлігі, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ақпарат және комму­никациялар министрi Дәурен Абаев пен Аргентина Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пiкiр мини­ст­рi Эрнан Ломбарди ақпарат са­ла­сындағы ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойған бо­­латын. Меморандум аясында жа­ңа­лықтармен, деректі фильм­дер­мен алмасып, спорт саласында ақпараттарды да жариялау жоспарланған. Бұдан бөлек, журналист мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған.