Қазақстан • 24 Шілде, 2017

«Tokyo Rope Almaty» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы тағайындалды

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Tokyo Rope Almaty» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып Румиль Тауфиков тағайындалды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Tokyo Rope Almaty» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы тағайындалды

«TOKYO ROPE MFG., CO. LTD» басқарушы компаниясының шешімі негізінде Румиль Тауфиков «Tokyo Rope Almaty» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Хабарламада айтылғанындай, ол жаңа қызметінде компанияға тікелей басшылық жасаумен қатар оңтүстік астананың Индустриалды аймағындағы Алматы метиз зауыты құрылысы жобасын және зауыт өнімдерін жақын және шетелдерге, соның ішінде Сауд Арабиясына, Өзбекстанға, Қырғызстан мен Ресейге және Норвегияға жеткізу бағдарламасын жүзеге асырумен айналысады.

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, металдан жасалған аса төзімді темір торлар мен панелдер шығаратын «Tokyo Rope Almaty» атты алғашқы зауыт өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға уағдаслақан болатын.

Мемлекет басшысының Жапонияға сапарынан соң Алматыда жапондық іскерлік клубы мен жапондық индустриалды парк құрылды, ал шілде айында жапондық «Tokyo Rope Manufacturing» трансұлттық компаниясы инженерлік жүйелерді қорғайтын өнім шығаратын Алматыдағы екінші жоғарытехнологиялы зауыт салынатын жерге капсуланы қаққан болатын.

«Tokyo Rope Manufacturing» директорлар кеңесінің төрағасы Шигето Танаки бұл зауыттың Жапониядан өзге елде баламасы жоқ ерекше кәсіпорын екенін айтқан болатын. Индустриалды аймақтағы 4 гектар жерге орналасатын зауытты іске қосу үшін шетелдік компания жұмсайтын инвестиция көлемі 3,6 млрд. теңгені құрайды.Мұнда жоғары сапалы металл тростар, таулы және карьерлі жұмыстар үшін болаттан жасалып, қорғасынмен қапталған торлар, буросвайлық анкералар және басқа да өнімдер шығарылады. Өнімдерде қазақстандық мазмұнның үлесі болғандықтан өзіндік құны да біршама арзан. Өндіріс көлемі бойынша жылына 17 мың тонна өнім шығарылады. Зауытты іске қосу 2018 жылға жоспарланған.

«Tokyo Rope» компаниясының негізі осыдан 130 жыл бұрын қаланған, болат арқандар шығару бойынша әлемде жетекші рөл атқарады, сонымен қатар селге, дауылға, түрлі тас көшкіндеріне қарсы түратын нысандарды салуды жобалаумен, монтаждаумен де айналысады. Бүгінгі күні әлемдегі ірі 20 көпірдің 12-сі (Босфор бұғазының, Суэц каналының бойындағы, Гонконгтегі әлемдегі ең ұзын Стоункатерс көпірлері) жапондық металл арқандарын пайдаланып салынған. Жапонияда шығатын әрбір төртінші автокөлікте «Tokyo Rope» өнімдері бар. Компания жедел лифтерге және инженерлік қорғанысқа қажет жоғары сапалы өнімдер шығарумен де танымал.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа тағайындауға дейін Румиль Тауфиков Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болды. Ол Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына басшылық жасай отырып, қаланың көлік құрылымын реформалауды белсенді жүргізді, жалақы жөніндегі қарызды 1 млрд. теңгеге азайтып, жұмыспен қамту және миграция мәселесімен айналысты. Төтенше жағдайлар департаментімен бірге төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, моренді көлдердің таяздануын болдырмау барысында қомақты жұмыстар жүргізді, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша ұтымды шешімдер қабылдады, денсаулық сақтау басқармасына басшылық жасай отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге және басқада маңызды шараларды жүзеге асыруға тікелей ықпал етті.