Фармацевтика саласының құны шарықтап тұрған қазіргі заманда тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілер жұртшылыққа үлкен көмек екені сөзсіз. Мысалы, ағзасын ауыстырғандар отадан кейін өмір бойы иммунитетті төмендететін дәрілер қабылдауға мәжбүр. Егер оны ішпесе, жаңадан салынған бауыр немесе бүйрек иммунитеттің шабуылына ұшырап, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал имуннодепрессанттардың құны өте қымбат, біреуі шамамен 40 000-60 000 теңге аралығын құрайды. Мұндай дәрілерді сатып ала беруді қарапайым халықтың қалтасы көтермесі анық. Сондықтан Қазақстан өз азаматтарына көмек ретінде кейбір дәрілерді тегін беріп келеді. Көптеген мемлекеттерде мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған. Жер бетінде ағзасын ауыстырып аман қалғанымен, оған қажетті дәріні ала алмай ажал құшқандар қаншама...
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі күні кеше «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрық шығарды. Аталған бұйрық 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.
Министрліктің бұйрығында белгілі бір ауруды емдеуге тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізбесі бекітілген. Атап айтқанда, артериалдық гипертензия, асқазанның ойық жарасы, тыныс демікпесі, қатерлі ісік аурулары, туберкулез, гематологиялық аурулар, гемобластоздар, аплазиялық анемия, балалардың церебралдық сал ауруы, псиxикалық сырқаттар, АИТВ инфекциясы сынды бас-аяғы 48 ауру түріне тегін берілетін дәрілер тізбесі бар. Бұлардың қатарына жаңадан Бехтерев ауруы қосылды. Омыртқаның қимылсыз қалуымен сипатталатын созылмалы дертке шалдыққандар енді қажетті дәрілерді тегін ала алады.
Жалпы, министрлік бекіткен дәрілердің жаңа тізбесінде тиімділігі дәлелденген 59 жаңа дәрі, 256 дәрілік зат бар екенін атап өткен ләзім. Мұндай дәрілермен диспансерлік есепте тұрған 2 миллионнан астам адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер мүгедектік деңгейін, әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім-жітімді азайтуды көздейді, дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»