Футбол • 25 Шілде, 2017

«Астана» — «Легия». Бізді не күтіп тұр немесе поляктарды қалай жеңеміз?

147 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында «Астана» мен «Легия» арасындағы матч қарсаңында «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі Қазақстанның футбол тақырыбына жазатын спорт журналистерінің арасында сауалнама жүргізген болатын. Спорт журналистеріне төмендегі үш сұрақты төтесінен қойған едік. Одан алуан түрлі, бірақ өте қызықты пікірлерді жинадық.

«Астана» — «Легия». Бізді не күтіп тұр немесе поляктарды қалай жеңеміз?

1. «Астана» — «Легия» арасындағы екі матчқа құрылған стратегия, өз алаңында және қонақта әртүрлі футбол ойнау қаншалықты маңызды? Екі клуб келесі кезең тағдырын бірінші ойында шеше ала ма?

2. «Астананы» бірінші ойында қандай есеп қанағаттандырады?

3. «Астана» «Легияға» қарсы ойынға дайын ба?

Нұрғазы Сасаев, Астана қалалық Футбол федерациясы сайтының бас редакторы:

1. «Легия» сияқты қарсыласпен барлық мәселені бірінші ойында шеше салу мүмкін емес. Қарсыласты жақсылап зерттеп, оның осал тұстарын табу қажет. Мәселен, поляктардың оң қанат латералі ауыр қозғалады, осы факторды пайдалануға болады. Ал жалпы, «Легия» ұйымдасқан команда. Сәтті қорғанады, шабуылға жылдам көшеді. Сайып келгенде, Талғат Байсуфиновтен кеңес алуға болады. Ол басқарған тұста Қазақстан құрамасы Польшамен тең ойнады, сол кезде «Легияның» бірнеше футболшысы ойнаған болатын.

2. Өз алаңымызда көбірек шабуылға шығып, қорғанысқа бекем тұру керек. «Астананың» бапкерлер штабы өз алаңында жеңісті көздеп отыр деп ойлаймын. Меніңше, Юрмаланың «Спартагына» қарсы жауап ойында «Астана» әдейі бәсең ойнады, бүкіл картасын ашып тастамауға бекінді. Сол ойында «Легияның» барлаушылары трибунада отырды деген ақпараттар бар. Сол матчтағы «Астананың» ойын сапасы поляктарды алдандыруға қаратылған маневр. Меніңше, «Астана» өз үйінде жеңіс үшін ойнайды, оған қол жеткізеді де. 2:0 болады деп үміттенем. Бастысы — осы ойында гол жіберіп алмау.

3. Әлі толық дайын емес. Дайын деп айтуға болмайды. Біз әлі жаңа ойынша Марин Томасовты көрген жоқпыз. Ал венгр Ласло жақсы ойнап жүр. Граховац жақсы бастап еді, қазір тіпті көрінбей кетті. Қорғаныс қырағы болуға міндетті. Көбінесе еурокубогтарда астаналықтардың қорғанысы өрескел қателіктер жіберіп жатады.

Әнуар Әбдірахманов, sports.kz республикалық спорт порталының тілшісі:

1. Ең алдымен «Астананы» ауыр екі ойын күтіп тұрғанын атап өтейін. Бір ойында ешқандай мәселе шешіле қоймайды. Алғашқы матчтың өз алаңымызда өтуі поляктарға қол келуі мүмкін. Ал өз алаңында «Легия» жанкүйерлерінің көз алдында бірінші ойында жіберген қателіктерін түзету мүмкіндігі бар. «Легия» — өте қиын қарсылас. Еурокубогтың өткен маусымында «Легия» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, «Реал Мадрид» секілді топ клубпен ұпай бөліскен болатын. «Астана» да осал емес, әрине, еурокубоктарда бірінші жыл ойнап жатқан жоқ. Біздің команда күшті қарсыластарды қалай жеңуге болатынын біледі.

2. Бірінші ойынның «Астанаға» Варшавада оңай болатын есебі — 3:0. Бұған нәтижеге қалай қол жеткізуге болатыны туралы Стойлов бас қатырсын.

3. Еурокубокта кез келген команда өз мүмкіндіктері шегінен де артық өнер көрсетуі тиіс. Біздің команданың проблемалары бар, ол, Станимир баспасөз конференцияларында үнемі айтатынындай, шабуылға сәтті нүкте қою. «Астана» әр ойында қажетінше қолайлы сәт туындатады, бірақ оларды голға айналдыруда кемшін тұстары байқалып жатады.

Нағи Бақытбеков, kazfootball.kz жобасының жетекшісі:

1. «Легия» — өте мықты қарсылас. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінің тұрақты қатысушысы. Польшаның соңғы жылдағы тұрақты чемпионы. Бірақ «Астана» да соңғы 3 жылда айтарлықтай жетіле түсті, Еуропа тәжірибесін алды, «алпауыттардың үрейі» атанды. Екі ойынға құрылған ерекше стратегия қажет дегенге келісемін. Үйдегі немесе қонақтағы ойын маңызды деуге болмайды. Поляктармен өтетін екі ойынның арасында елордалық ұжымның күнтізбесінде басқа ойынның болмауы өте маңызды. Екі ойынға қойылған стратегияға қатысты айтарым –  «Астана» өз алаңында да, қонақта да өз ойынын ойнауы тиіс деп санаймын. Меніңше, командалардың мүмкіндіктері 50/50.

2. Еурокубогтарда қашанда бірінші ойынды сырт алаңда өткізген жөн деп есептеледі. Бірақ жеребе бірінші ойынды біздің алаңға белгіледі, мұнда бастысы — гол өткізіп алмау. Қонақтағы голдың мұндай ойындардағы мәні жоғары, бізге бірінші ойында 1:0 немесе 2:0 есеппен жеңу керек. Ал қонақта қалай ойнау керектігін «Астана» клубы жақсы біледі. Чемпиондар лигасының іріктеу турниріндегі Кипрдің АПОЭЛ-іне қарсы ойынды еске алыңыз. Сол кезде біздің команда бірінші ойынды өз алаңында өткізіп, 1:0 есебімен ұтты. Содан кейін жанкүйерлердің 80-90 пайызы екі ойын нәтижесі бойынша кипрліктерге басымдық беріп, АПОЭЛ өз алаңында «Астананы» ірі есеппен ұтып, ешқандай мүмкіндік қалдырмайды деген еді. Ал «Астана» қонақта үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. Қазір де жағдай солай. «Легия» фаворит, бірінші ойында гол өткізіп алмау, мүмкіндігінше көп доп соғу өте маңызды.

3. «Астана» дайын. Біздің команда тәжірибелі, еліміздегі үздік бапкерлер құрамы осында жиналған. Біздің тағы бір басымдығымыз – қал ел біріншілгі қызу шағында. Қазақстандағы үздік менеджмент те — «Астанада». Жаңа биіктерге шығу үшін барлығы дайын.