Футбол • 25 Шілде, 2017

Яцек Магера: «Астанамен» ойында фаворит жоқ

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Легия» футбол клубының бас бапкері Яцек Магера Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі –  «Астанаға» қарсы ойын алдында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

Яцек Магера: «Астанамен» ойында фаворит жоқ

Қазақстанда сізді қалай қарсы алды? «Астанадан» қандай ойын күтесіз?

Астанада бізді жақсы қарсы алды. Қазақ халқының қонақжай халық екенін о бастан білетн едім. СОндықтан бұл бізге жаңалық болмады. Дегенмен, матч кезінде жағдайымызды қиындату үшін барын салатынын да жақсы білеміз. Бұл футболда қалыпты жағдай. Себебі, жасыл алаңда достық болмайды

Жасанды алаңда ойын нәтижесіне әсер ете ме? Біз Польша құрамасының бұл стадионда тең ойнағанын жақсы білеміз.

Польшада өзімздің ойындар болды. Сондықтан мұндай алаңда толыққанды дайындалып үлгермедік. Белгілі бір деңгейде әсер ететіні белгілі. Бірақ бұл проблеманы шешуге тырысамыз. Ертеңге дейін уақыт бар.

«Астана» өз алаңында соңғы үш жылда он үш ойын қатарынан ешкімге есе бермей келе жатқанын білеміз. Осыған байланысты қандай пікір білдіресіз?

Бұл туралы әрине білеміз. Дегенмен, қазіргі басты мақсатымыз – екі ойынның нәтижесі бойынша келесі іріктеу кезеңіне өту.

«Легия» ішкі біріншілікте «Корона» командасына қарсы тең ойнады. Бұл Чемпиондар лигасы аясындағы маңызды ойын алдында командаға кері әсерін тигізбеді ме?

Әрине, біз басқаша ойын күткенбіз. Бірақ футболда бәрі мүмкін. Дегенмен, бұл ойында жіберген қателіктерімізді «Астанаға» қарсы ойында қайталамаймыз деп үміттенемін.

«Астанадан» қандай ойын күтесіз? Елордалық ұжымнан қай ойыншыны атап өтерсіз?

Шынымды айтсам, «Астанадан» көп ешкімді білмеймін. Мен Маевскийді сырттай танитыным бар. Біздің сарапшы мамандарымыз «Астана» туралы арнайы материал әзірледі. Ертең ойын алдында осыған байланысты футболшыларыма тиісті нұсқаулар беремін.

Өткен жылғы «Реалға» қарсы ойынның нәтижесі ертеңгі матчта «Легия» ойындарына қосымша күш беруі мүмкін бе?

Әрине, ол ойын есімізде. Ол матчқа жету үшін біз чемпион атануымыз керек болды. Әрине ол өткеннің еншісінде қалды. Енді ертеңгі ойынды ойлауымыз керек.

«Астанаға» әдеттегідей 18 ойыншы 22 шәкіртіңізді ертіп келдіңіз. Оған не себеп?

Біз халықаралық ойындарға ылғи да көбірек ойыншы әкелуді жөн көреміз. Астана Варшавадан өте алыс. Кейбір ойыншыларымыз маңызды сәтте өзін жайсыз сезініп қалуы мүмкін. Біз барлығына жан-жақты дайын болуымыз керек. «Легия» сапында әлі ойнамаған ойыншылар бар. Ертең оларды қолдануымыз мүмкін. Сондай-ақ, бұл ойынға екі тактика қолдануды жоспарладық. Қай әдісті қолданатымыз белгілі болады.

«Астана» бапкері «Легиядан» өту мүмкіндігін бес пайызға бағалады. Ал сіз өз командаңызды қанша пайызға бағалайсыз?

Мен үшін 50-50. Себебі, екі ойын өтеді. Станимир Стойлов мырза бес пайыз дегенмен басқа нәтижені күтуі мүмкін. Біз Мадридтің «Реалына» қарсы ойында жеңу мүмкіндгімізді небәрі бір пайызға бағаланғанбыз. Бірақ соңында қандай нәтижемен аяқталғанын көрдіңіздер.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»