Аймақтар • 26 Шілде, 2017

600 отбасын қабылдауға әзір

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы қойған ішкі көші-қон үдерісін реттеу, еңбек ресурстарының теңгерімдігін арттыру міндеттері Қызылжар өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

600 отбасын қабылдауға әзір

Осыған орай республика халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан көшіп келушілерді орналастырудың, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етудің жергілікті бағдарламасы жасалып, жыл аяғына дейін 600 отбасын қабылдау жоспарланған. Қазір 78 отбасыға мемлекеттік қаржылай көмек көрсетілген. Былтыр квотадағы 110 отбасының орнына 130 отбасы қабылданған болатын.

Облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының басшысы Сер­гей Яковенконың айтуынша,
өңір­лерден көшіп келуге ниетті адамдарға теріскейде бір мың­ға жуық бос жұмыс орны қарас­тыры­лып отыр. 13 ауданда 700-дей үй әзір­лен­ген. Бірінші ке­зекте мұғалім­дерге, дәрі­герлерге, жұмысшы маман­дықтарына қатты зәрулік байқалады.

Жұмыспен қамту жобасы аясында өңіраралық еңбек нарығын да­мы­туға белсене қатысып, жеке шаруа­шылығын ұршықша үйіріп жүрген­дердің бірі – Шералиевтер отбасы. «Бегалиев Акбаралы» жеке кәсіп­керлігінде еңбек ететін Юсубәлі был­тыр отбасымен Қызылжар ауда­нының Соколов ауылына көшіп келген. Қазір бұл әулеттен сегіз адам 5,5 гектар жерге көкөніс өсірумен айналысады. Былтырғыдай биыл да шығым жақсы. Жиын-терім аяқталғаннан кейін үш жылыжайдың құрылысына кіріспек ойлары бар.

 – Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан 16 отбасы, биыл 7 отбасы көшіп келді. Шаңырақ иесіне 50, отбасы мүшелеріне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік жәрдемақы төленді. Бұдан тысқары коммуналдық төлемдер мен жалға алу шығындары да өтеледі, – деді өз әңгімесінде Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Раушан Тәкібаева.

Оңтүстік жақтан қоныс аударушы­лар­дың кәсібі мен нәсібін қатар алып жүруіне жан-жақты қамқорлық жасап жүрген «Мәмбетов және К» коман­диттік серіктестігінің бас дирек­торы Еркебұлан Мәмбетов Сары­ағаш ауданынан келген Ғани Жүсіп­бе­ковтің еңбекқорлығы мен тынды­рым­дылығына дән риза. Отағасыға да, отанасына да жұмыс тауып беріп, баспана, мал сатып әперген. Отыны, шөбі үюлі. Тұңғыштары бірінші сыныпқа барса, кішісі балабақшада. Солтүстіктің қытымыр ауа райы­на үйреніп қалған олар картоп өсіріп, несібелерін айырып отыр. Еркебұлан Нұрмағамбетұлы 3 миллион теңге жеңілдікті несие ресімдеп, жеке шаруашылығын ашуға да жәрдемдесіпті.

Жуырда Мамлют ауданының Ленин елді мекеніне Жамбыл облысының Қордай ауданынан дүнген ағайындардың 13 отбасы орналасып, олар келе салысымен бірден жер өңдеуге кірісіп кетті. Бәрінен де оқушылары азайып, жабылу қаупі төніп тұрған мектептің сақталып қалғаны сүйсінтеді.

Күнгей жұртын теріскейге қо­ныс­тандыру бағдарламасының орындалуы аймақ басшылығының жіті назарында тұр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы