Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Гранттар алуға өтінімдер қабылданады

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Марат Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында инновациялық гранттарды алуға өтінімдер 2 тамыздан бастап қабылданатынын мәлімдеді.

Гранттар алуға өтінімдер қабылданады

Спикердің сөзінше, өтініштерді қағаз түрінде және Digital Baiterek интернет порталы арқылы онлайн режімде 2 қазанға дейін жолдауға болады. «Біз бизнес процестерді қайта инженерлеуді өткіздік және гранттарды беру шарттарын жақсарттық. Егер бұрындары бизнес үшін тартымсыз болып табылатын және соңғы өнімді шығаруды қарастырмайтын гранттың 9 түрі қарастырылған болса, ал қазіргі таңда оларды қаржыландыруды шектеу айтарлықтай азайып, 3 түрге топтастырылды», деп атап өтті «ТДҰА» АҚ басшысы Марат Омаров. 

Сонымен қатар, Марат Омаров 3 топқа бөлінген грант түрлерінің әрқайсысына тоқталып өтті. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың технологиялық дамуына инновациялық гранттарды берудің жаңа ережелеріне сәйкес, гранттың сомасы лицензиялық шарт бойынша дәлелденген шығындардың 70 пайызын немесе жабдықтарды сатып алу үшін дәлелденген шығындардың 50 пайызын құрайтынын, ал ақшалай түрде 400 млн теңге болатынын баяндады.

«Салалардың технологиялық дамуына гранттың көлемі, лицензиялық шарт бойынша дәлелденген шығындардың 70 пайызына дейін және жабдықтарды сатып алу үшін дәлелденген шығындардың 50 пайызына дейін және технологиялық құзыретті арттыру бойынша дәлелденген шығындарға кеткен шығыстардың 85 пайызын құрайды, ақшалай түрде 500 млн теңгеге дейін. Ал технологияларды коммерциялау грантының көлемі, дәлелденген шығындардың 50 пайызын құрайды, ақшалай түрде 200 млн теңге болады», деді «ТДҰА» АҚ басшысы.
Айта кететін тағы бір жайт, грант түрлерінің әр­қай­сы­сы бойынша игеру мерзімі 36 айдан аспауға тиіс.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»