Аймақтар • 26 Шілде, 2017

Әнет бабаның есімі берілді

1273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Қарағанды облыстық мешітіне белгілі ғұлама, мемлекет қайраткері, қазақтың әруақты биі Әнет баба есімі берілді.

Әнет бабаның есімі берілді

Тарихтан білетініміздей, 1626-1723 жылдары өмір сүрген исі қазаққа қадірменді қарт баба Тәуке ханның кеңесшісі болған. Орталық мешітті «Билердің биі» атанған оқымысты ғұлама Әнет баба есімімен атау шарасына облысымыздан бөлек, Астана, Алматы, Семей өңірлерінен 40-қа жуық қонақ келді. Араларында бабаның 10-ыншы, 11-інші ұрпақтары да бар. Ардагер журналист Молдабек Жанболатұлы Әнет баба жөнінде кітап жазып, тіпті жерленген зиратына бірнеше мәрте барып, Түркістанда талай тарихи деректерді ақтарған.

Тәуелсіздік қолға тигеннен кейін әркім өз ата-бабасын, жалпы қазақтың тарихын зерттей бастады. Бабамыз Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің бойында қайтыс болған. Алайда, ол кісінің іш-құрылысын сол жерге жерлеп, сүйегін Әзірет сұлтанға әкелген екен» дейді ардагер журналист Молдабек Жанболатұлы.

Облыстық мешітке Әнет баба есімін беру – тікелей ұлттық қодтың сақталуы мен рухани жаңғырумен үндестіреді. Салтанатты шарадан соң еліміздің түкпір-түкпірінен келген Әнет бабаның ұрпақтары жамағатқа үлкен ас беріп, құран бағыштады. Бұған дейін де 2007 жылы Алматы қаласының бір көшесіне Әнет бабаның есімі берілген болатын.

– Бұл қадам – мәні мен мағынасы бөлек жаңалық. Әнет баба – тарихи тұлға. Қазақтың қатпарлы тарихы мен мәдениеті және этнографиясына айтарлықтай үлесін қосқан жан. Облыстың ақсақалдары мен белсенді зиялы қауымы ақылдаса келе, бір ауыздан Әнет Бабаның есімін таңдады, – деді облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Бабаның ұлағатты ұрпақтарының ұлы істеріне облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев те ізгі ілтипатын жеткізді. Әнет бабаға арналған асты Қойлыбай Асанов, Руслан Нұрбай, Тілеген Әділов сынды ақын азаматтар жүргізіп отырды. Шара соңында діни сауаттылықты арттыруға негізделген кітаптың тұсаукесері өтті.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы